Латын – болашақта жазар хатым

   «Шешінген судан тайынбайды»  дегендей, латын әліпбиіне көшу – толғағы жеткен өткір мәселенің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. Мақалада ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктерінің негізі ретінде осы мәселе қарастырылғанын аңғару қиын емес.

Облыстық мамандандырылған музыка мектеп-интернатында латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу мәселесін оқушылар арасына кеңінен насихаттау және түсіндіру мақсатында «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар бағыт» атты ақпараттық насихат жұмыстары жүргізіліп,  басқосуға «Болашақ» академиясының ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілі және әдебиет кафедрасының доценті Азат Бабашев қатысты.

Басқосуда мектеп басшысы Бектөре Қисықұлы латын әліпбиінің тарихына  тоқталып, қайта жаңғыру заманындағы барлық озық технологияның үлгісі болып отырған латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс екенін бір атап өтті.

Әдебиет саласын зерттеп, зерделеп жүрген Азат Мақсұтбекұлының айтуынша, «латын әліпбиі туралы сөз қозғаған кезде міндетті түрде Ыбырай Алтынсариннен кейінгі еңбегі ерекше ағартушы-педагог, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына соқпау мүмкін емес. “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің сандарын мұрағаттан қарасақ, латын әліпбиіне қатысты мәліметтерді кездестіреміз. Сонда еліміздің бас басылымынан бастап, бүкіл қазақ газеттері 1932 жылғы 1 қаңтардан арабтың төте жазуынан латыншаға көшкенін байқаймыз. Оған дейін, яғни, 1928 жылдан бастап газеттің әр санында “Латынша үйренейік” деген айдармен латын әріптерін үйрететін арнайы бөлім болған. 1931 жылға қарай аға басылымның беттеріндегі латын әрпімен берілген материалдар аралас жариялана бастаған. Сөйтіп, латын жазуына елдің бірте-бірте бойын үйретіп, уақыты келген кезде – 1932 жылы сол әліпбиге көшірген. Біз де солай істеуіміз керек. Қазіргі таңда қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Біз солардың ішінен латын әліпбиіне түбегейлі көшуді жөн санап отырғанымыз белгілі. Латын әліпбиін қолдану арқылы болашағымыз жарқын болады деген сенімдеміз. Әрине, төте жазу немесе кириллицамен жазылған мол мұрамыз бар екені рас, олар жаңа қаріпке көшіріледі. Латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге зор ықпал етеді. Сонымен бірге, шетелде жүрген жастарымыздың осы жазу арқылы өз тілін басқа да ұлт өкілдеріне түсіндіру жағдайлары қиын болмасы анық», – дейді.

Өнер саласында жүрген оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарын Азат Мақсұтбекұлына қойып, нақты да, татымды жауаптар алды. Басқосудың соңында өнерлі де, талантты 4 сынып оқушысы Қасымхан Айбек «Сәулем-ай» әнін шырқаса, 12 сынып оқушысы Айнұр Жүнісова қазақтың киелі жетіген аспабында «Ою-өрнек» күйін тартып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Мектебіміздің домбырашылар ансамблі «Талас» күйін таралғы қылды.

Ақерке ӘЛІМЖАНОВА,

Мамандандырылған музыка

мектеп-интернатының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.