Латынға көшу – заман талабы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жетінші міндетті жүзеге асыру аясында 17-19 қыркүйек аралығында «Bolashaq» академиясы мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Латын графикасының өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді.

Жиынға аймағымыздағы жоғары оқу орындарында, орта және негізгі білім беретін мектептер мен колледждерде қазақ және орыс сыныбына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ жүргізетін ұстаздар, облыстық тілдерді дамыту басқармасы аудандық және қалалық тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметкерлерінен құралған 50-ден астам маман қатысты.

Семинар спикерлері ұстаздар қауымымен ашық форматта жұмыс жасады. Дәріс оқу барысында қатысушылардың қойған сұрақтарына да жауап беріп отырды.

Латын графикасына көшу – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең өзекті мәселесінің бірі. Өйткені, жазу ауысса санамыз қозғалып, өмірге деген көзқарасымыз да өзгереді. Еліміз өркендеп, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде әлемде озық саналатын латын графикасының әсері зор. Біздің бар құндылықтарымызбен әлем халықтары осы жазу арқылы танысып, тарихымыз бен салт-дәстүріміз, ұлттық болмысымызға қанық болуға мүмкіндік алады.

Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ресурстық тіл орталығының латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістеме бөлімінің меңгерушісі Жұпар Жаханова «Шеттілдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы» тақырыбындағы дәрісі көпшілікті баурап алса, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Қазіргі айтылым нормалары мен алғышарттары» тақырыбындағы дәрісін қарапайым тілмен мысалдар келтіре отырып жеткізді.

  • Латынға көшу – күрделі ота жасаумен бірдей. Жазылып, қалыпқа түсіп кетуі үшін біраз уақыт қажет. Бірақ, елдің ертеңі үшін қорықпай осындай теуекелді талап ететін қадамдар жасауымыз шарт. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, біріксек алынбайтын қамал жоқ. Бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығаратын уақыт жетті. Әрбір қазақстандықты осы ауқымды дүниеге атсалысуға шақырамын, – деді Ербол Тілешов.

Облыстың әр өңірінен келген ұстаздар қауымы семинарға белсене қатысты. Латын графикасына негізделіп жасалған жаңа әліпбидегі жазылуы мен оқылуы қиын әріптерге баса назар аударды. Өйткені, осындай семинарлардан жинаған білімдері және біліктілік шеберліктерімен жас ұрпақты латын графикасына баулу – олардың мойнындағы үлкен міндет…

Үш күнге созылған ауқымды шарада қатысушылар дәріс тыңдаумен қатар, «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфографиялық басқармасының ғылыми қызметкері Қадырхан Алмажан мен «Bolashaq» академиясының профессоры Құрманғазы Сембиев өткізген тренингке қатысып өз білімдерін толықтыруға мүмкіндік алды. Тренинг барысында оларға нақты тапсырмамамен жұмыс істеу арқылы оңтайлы бағыт-бағдар берілді. Шараның мақсаты да осы – латын графикасын елге үйрете алатын тренерлер дайындау.

  • 2018 жылғы 6 желтоқсан күні шыққан жаңа әліпбидің емле ережелері мақұлданды, бірақ, әлі бекітілген жоқ. Егер бекітілсе, қолданысқа енер еді, бұл өте өзекті болып отыр. Бекітілген әліпбидегі 32 әріптің кейбірі емле ережелеріне бағынбайды. Сондықтан, оларды өзгерту керек. Мысалы, «sh» дыбысындағы таңбаларды (асхана – «ashana» сөзін «ашана» деп) қосарлап оқитын жағдайлар да кездеседі. Келесі өзекті мәселе – жоғарыдағы екі түйткілді мәселе шешімін тапса, бағдарламаның келесі кезеңі, яғни, осы жаңа әліпби негізінде оқулықтар дайындау, мектеп бағдарламасын әзірлеу, оқу барысына енгізу басталады, – деп атап өтті сала маманы Қадырхан Алмажан.

Тағылымға толы үш күндік семинардың соңында барлық қатысушыларға сертификат табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.