Латынға көшу – рухани өсу

    Ұлытау ауданының әкімдігінде аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен қоғамдағы бүгінгі күннің ең басты мәселесі – латын қарпіне көшу жайын жан-жақты талқылап, тиісті тұжырымдар жасалған дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Мемлекеттік қызметшілер, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер басшылары, ардагерлер қауымы, жастар өкілдері мен тіл мамандары қатысқан мағыналы жиында аудан басшысы Әнуар ОМАР қауымды ортақ мүдделі әңгімеге тартып, өзінің ой-пікірімен бөлісті.

Басқосудағы кіріспе сөзінде күн тәртібіне қойылып отырған тақырып ауқымының аса кеңдігін тілге тиек еткен Әнуар Серікбайұлы маңызды мәселеге шынайы пейілмен ден қою, оның күнделікті өмірде жиі кездесетін өзге жайттардан анағұрлым өзгеше екендігін ескеру қажеттілігін айрықша атап өтті. Елдің болашағына тікелей қатысы бар істің жүйелі әрі мінсіз жүзеге асырылуына мүдделілік таныту әр азаматтың қастерлі парызы болуы тиістілігіне назар аударды.

Келелі сөз, кеңінен пікір алмасулар өрбіген келісті әңгіме барысында ортаға орнықты ойлар, тегеурінді тұжырымдар молынан салынды. Мәселен, аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тәшенов «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл қоғам үшін тиімді. Өйткені, латын әліпбиі – ІТ технологиялар тілі. Демек, ұрпақ болашағы үшін жасалып жатқан игі қадам» десе, аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің бас редакторы Елтынды Дүйсенбаев «Біз латын қарпіне көшу арқылы болашаққа батыл қадам жасап қана қоймай, өткенімізді де кері қайтарамыз. Себебі, 1929-1940 жылдар аралығында қазақ халқы латын әліпбиін пайдаланғаны тарихтан белгілі» деген салмақты пікірін білдірді.  Өз кезегінде «Әліпби ауыстыру – Қазақстанның мәдениеті мен білім беру саласында ғана маңызға ие емес, ол сонымен қатар, ел экономикасының ілгерілеуіне де айтарлықтай серпін береді. Бұдан тысқары, құжаттардың, көше атауларының жазылуы бірізділікке түсетін болады» деген аудандық мәслихаттың хатшысы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Талғат Сейтжановтың пікірі де орынды қолдау тапты.

Аудан әкімінің «Латын қарпіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына дәнекерлік ететін түбегейлі бастама. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, латын қарпіне көшу – ең бастысы, қазақ тілін жетік меңгеруге жол ашады» деген тұжырымы жиынның түпкі түйініндей қабылданды.

– Бір қауым елдің басын қосқан дөңгелек үстел осындай сипаттағы кездесулердің соңғысы емес, – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Арайлым Тілеулинова. – Өмірлік маңызы бар өзекті бастаманы насихаттау, жалпы халықтың, әсіресе, ақсақалдар мен жастар қауымының пікірлерін зерделеу, тіл мамандарының ұстанымдары мен көзқарастарын екшеу, оларды бір арнаға тоғыстыру – күн тәртібінен түспейтін қарекет. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарға ерекше екпін берілетін болады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.