Бас тақырыпЖаңалықтар

Даладағы еңбектің дара бағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар еңбеккерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Марапат иелерінің қатарында жерлесіміз «Қайнар» ЖШС директоры Сейітжапар Нығметов те бар. Оған «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Мемлекеттік наградалар Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында табысталды. Салтанатты жиында Президент ауыл шаруашылығы мамандарының еңбегіне жоғары баға беріп, олардың ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айрықша атап өтті.

Биыл қолайсыз ауа райына қарамастан диқандар мол өнім жинап, ел қамбасына 24,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы дақылын құйған.

Сейітжапар Нығметов – ауыл шаруашылығы саласында отыз жылдан астам еңбек еткен. Ол Нұра ауданындағы «Қайнар» шаруашылығын 30 жылдан бері басқарып келеді. Кәсіпорын дәнді дақыл өсірумен қатар, ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытып отыр. Қазір шаруашылықта егістік алқаптарын суару жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өндіріс көлемін арттырып, жерді тиімді пайдалануға жол ашады.

Шаруашылық өндірісті дамытумен қатар, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да үлес қосып келеді. Кәсіпорынның қолдауымен 50 орындық шағын орталық пен мәдениет үйі жөнделген. Сонымен бірге, наубайхана мен мешіт салынған.

Сейітжапар Нығметов көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ауыл шаруашылығына жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа техника сатып алуға жұмсалған қаражаттың 25-30 пайызы субсидияланады. Минералды тыңайтқыштар бағасын төмендетуге де көмек көрсетіледі. Мұндай қолдау шаруашылықтардың жұмысын кеңейтіп, өндірісін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы, Қарағанды облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өңір шаруашылықтары өндіріс көлемін ұлғайтып, техникаларын жаңартуға, егістік жерлерін кеңейтуге және мал басын көбейтуге басымдық беріп келеді.

Биыл он айда облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 445 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенде жалпы құны 51,5 миллиард теңгені құрайтын 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Жобалар толық іске қосылғанда 383 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. Қазір оның 12-сі пайдалануға беріліп үлгерді. Құны 12,9 миллиард теңге болатын бұл жобалар аясында 177 адам жұмыспен қамтылған.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button