ЖаңалықтарРухани жаңғыруТеміртау

Коррупциямен күрес – ұтымды

   Теміртаулықтар бұдан былай сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келетін болса – не істеу керектігін, кімнен кеңес керегін біледі. Себебі, Теміртау қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және күресу мақсатында арнайы мобильді топ құрылды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарын түсіндіруге бағытталған топтың құрамына мемлекеттік қызметшілер, заңгерлер, прокуратура өкілдері, өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің қызметкерлері кірген.

Мобильді топтың бұл – алғашқы жұмысы. Халық көп жүретін «Аян-Пассаж» сауда үйінің алдына арнайы автобус қойылып, дыбыстық сүйемелдеу арқылы халыққа хабарландыру жасалды.

Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісованың айтуынша, күнделікті өмірлерінде сыбайлас жемқорлыққа кездескен тұрғындар көп жағдайда қайда баруларын және қандай әрекет жасауларын білмейді. Мобильді топтың бұл жұмысы халыққа заң тұрғысынан тегін кеңес беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауатын ашу. Шыны керек, білместіктен аталған қылмысқа ұрынатындардың да бар екені жасырын емес. Енді, көкейде жүрген сауалды мобильді топтың мүшелеріне қоюлары арқылы кез келген адам жемқорлықтың тамырына балта шабуға өзінің үлесін қоса алады.

Ал, жасырын түрде сыбайлас жемқорлық туралы нақты фактілерді білер болсаңыз немесе өзіңіз кездейсоқ ұшырап, көкірегіңізді мазалап жүрген сұрақтар болса, оны да жазып, арнайы жәшікке тастауға болады.

Мобильді топ түсіндіру жұмыстарын Теміртау қаласындағы мекемелерде де өткізуді жоспарлап отыр. Яғни, білім беру мекемелері, кәсіпорындар сияқты аталған қылмыстық құқық бұзушылық орын алуы мүмкін мекемелерден басталады. Мобильді топтың жұмысы тұрғындардың саяси көзқарасын ашумен қатар, осындай әрекетке барудан алшақтатары сөзсіз.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі мүмкін деген мекемелерде арнайы сауалнама жүргізіледі. Сауалнама алдын ала дайындалған. Яғни, ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік және әлеуметтік тапсырысы аясында дайындалған сауалнамалар қараша айының соңына дейін дайын болмақ. Оның қорытындысы бойынша мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады.

Мобильді топтың алғашқы жұмыс күнінен бастап оның мүшелері мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп отырған саясатын түсіндіру және жеке проблемалық мәселелері бойынша тұрғындарға қабылдау жүргізді.

Айта кету керек, мобильді топ ең алдымен тұрғындарды жемқорлық құбылыстарымен бірлесе күресуге шақырады, себебі, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ортақ күш пен әрекетті біріктіргенде ғана нәтижелі іске қол жеткізуге болады. Топтың мақсаты – қудалау емес, керісінше, сыбайластық құқық бұзушылықты болдырмау, оның алдын алу.

Заңның алдында бәрі бірдей және жауаптылықтан жалтаруға жол берілмейді. Сонымен қатар, заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды, сондықтан, ақша немесе сыйлық түріндегі заңсыз сыйақы алмау және ұсынбау – таңдау өз еркіңізде.

Арнайы әзірленген кесте бойынша, мобильді топ Теміртау қаласындағы мекемелерді аралап, қызметкерлермен кездесетін болады. Сұрақтардың көпшілігі – жер қатынастары, жеңілдікпен несие алу, қоршаған ортаны қорғау болса, жастарды толғандыратын мәселе – жұмысқа орналасу, бірқатар шенеуніктердің әрекетсіздігі.

Топ жұмысының бірінші күннен бастап еңбек ұжымдарына мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттары түсіндірілді. Мұндай түсіндіру жұмыстары барлық қатысушылар үшін маңызды. Топтың мүшелері белсенді және мемлекеттік органдар мен қоғамдастықтың күшін біріктіріп, қылмысқа қарсы күреске шақыруда, – дейді Динара Жүнісова. Негізінен, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары түсіндіріліп, мобильді топ мүшелері қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ісіне тұрғындарды белсенді түрде шақырып, іс-шараға қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстарды да қабылдады.

Ақпараттық-ағарту және құқықтық көмек жұмыстарын жүргізу – қажеттілік. Ал, мобильді топ болса, әрқашан көмекке келуге дайын. Бұдан басқа, мобильді топ Ақтау қаласында да түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button