Кооперативтерді құру ырысымызды еселей түседі
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында аграрлық сектордың дамуына ерекше көңіл бөлді. Үкіметке ауыл шаруашылығын мейлінше жандандыруға байланысты нақты міндеттер белгіледі.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыс атқарып отырған Жаңаарқа ауданы шаруа қожалықтарының жағдайлары жылдан-жылға жақсарып келеді, аграрлық саласы даму үстінде. Ауданымызда ірі қара, жылқы санының өсу қарқыны бар. Ауылдық жердегі кооперацияны дамыту және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және қосалқы шаруашылықтар әлеуетін пайдалану бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтері, отбасылық мал бордақылау алаңдары құрылуда.
«Агробизнес-2020» бағдарламасының негізінде дайындалған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары нәтижелі іске асырылуда. Ауданымыз алғашқылардың бірі болып, шет елдерге қой экспорттауды жолға қойды.
Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 18 шаруа қожалығы 570 ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 3 шаруа қожалығы 455 қой, «Құлан» бағдарламасы арқылы 22 шаруа қожалығы 460 жылқы алды.
Бұрынғы жылдары «Ауыл тұрғындары Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған көмекті шаруа қожалықтары алып отыр, біз, қарапайым үй шаруашылықтары, мұндай жеңілдікті көріп отырған жоқпыз», – деп айтатын. 2016 жылдан бастап қолданысқа енгізілген ҚР «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заңы халықтың сұранысын шешті, олардың құқықтық мәртебесін анықтады. Аудан әкімдігінде құрылған штабтың, облыстық қаржы институттарының жауапты өкілдерінің қатысуымен, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы ауданда, ауылдарда семинар-кеңестер өткізілді, жан-жақты жұмыстар жүргізілді.
Целинный ауылдық округі Орынбай ауылында құрамында 21 адам бар ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды, оның 19 мүшесіне 43,5 млн. теңге несие берілді. Қаржыға сүт бағытындағы ірі қара алынды. Таяу арада модульдік сут қабылдау пунктінің қондырғысы қойылады, сүт таситын көлікке сұраныс берілді. Құжаттары рәсімделуде.
Байдалы би ауылдық округінде құрамында 33 адам бар «Атасу-Достық» ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды. Кооперативтің 20 мүшесі 72 млн. теңге несие алды. Бүгінгі күні қаражатқа мал алынуда. Ауыл шаруашылығы кооперативі «Нәтиже» ЖШС сүт зауытымен келісім-шартқа отыру мақсатында жұмыс жұргізуде.
Ералиев ауылдық округінде құрамында 26 адам бар «Ералиев» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтің 15 мүшесі 50,3 млн. теңге несие алды. Кооперативтің бағыты – мал бордақылау ісімен айналасу.
Ақтүбек, Бидайық ауылдық округтерінде әрқайсының құрамында 20-25 адамнан бар ауыл шаруашылы кооперативтері құрылды. Әділет басқармасынан тіркеуден өтті.
Кәсіпкерлер палатасы 19 шаруа қожалығына техникалар алуға жәрдемдесті. «МТЗ-82» тракторлары, ауыл шаруашылығы техникалары мен құралдары алынды.
153 кәсіпкердің жобаларына сүйемедеу жасалып, оның 144-і қанағаттандырылды. Бұл жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына бағытталған. Бір жоба құны 6 млн. теңге тұратын жылыжай салуға бағытталған. Нысан 2017 жылы іске қосылады. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
«Жаңаарқа» несиелік серіктестігі 2005 жылы құрылған болатын. Қазіргі уақытта жарғылық қоры – 47 млн. теңге, құрамында 220 қатысушысы бар. Бүгінгі күні несие қоржыны 617 млн. теңгені құрап отыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіпкерлерден 460 млн. теңгеге 143 өтініш түсті.
Биыл «Жаңаарқа» несиелік серіктестігі 400 млн. теңге көлемінде қаржы игеруді жоспарлап отыр.
Кооперация – ауыл болашағы. Оның тиімділігі өндірілген өнімді делдалсыз, көп шығын келтірмей, тиімді өткізу, мемлекеттік қолдауды пайдалану.
Қазіргі кезде сүт өндірумен айналысатын ауданның ауыл шаруашылығы кооперативтері Қарағанды қаласының маңайындағы сүт зауыттарымен кілісім-шартқа отыру үшін жұмыстар жүргізуде. Ол зауыттар Жаңаарқа ауданының орталығынан 200-220 шақырым қашықтықта орналасқан. Зауыттар кооперативтерден сүттің әр литрін 60 теңгеден сатып алып, өнімді тиісті өңдеуден өткізіп, «тетрапакетке» құйып, аудан дүкендеріне өткізеді. Өзіміздің ауданда өндірілген сүттің литрі сауда орындарында 230 теңгеден сатылуда. 380 пайыз үстеме қосылып отыр.
Облыс бойынша 2011-2013 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған шараға байланысты аудан орталығы – Атасу кентінде «Зергер-Агро» ауылдық тұтыну кооперативі құрылды.
«Агронесиелік корпорация» АҚ арқылы бөлінген 62,8 млн. теңгеге Болгария мемлекетінен сүт қондырғылары алынып, кооператив нысанына орнатылды, тексерістен өтті. Сүт зауытына екі сүт таситын автокөлік алынды, тоңазытқыш іске қосылды.
Сүт зауытының қуаттылығы – тәулігіне 10 тонна, 8 түрлі сүт өнімдерін шығарады.
«Зергер-Агро» ауылдық тұтыну кооперативі мүліктерін сүт зауытының қондырғыларын алуға кепілдікке салды. Несие алу үшін кепілдікке қоятын мүліктері болмады, жұмыстары тоқтап қалды. Кооперативтің жұмысын жүргізу үшін облыс басшыларының тарапынан қолдау, облыстық қаржы институттарының көмегі қажет.
Зауыт іске қосылған жағдайда сүт өнімдерін өндіруге кететін шығын азайып, кооперативтер сүтті алысқа тасымалдамай, жергілікті жердегі зауыттың қызметін пайдалануға мүмкіндіктері туып, жұмыс өнімділігі артады. Сонымен қоса, Жаңаарқа ауданының халқына, Қаражал қаласының, Жайрем кентінің тұрғындарына сүт өнімдері қолжетімді бағамен сатылатын еді.
Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттарды түсіне отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесімізді қоса бермекпіз.
Бейбіт ҚАСЕНОВ,
Жаңаарқа ауданы әкімінің
кеңесшісі,
ауыл шаруашылығы
саласының
Құрметті ардагері.