Халық Конституциясы

Ата Заң – жаңа дәуірдің құқықтық тұғыры

 

Ел тарихында тұтас бір дәуірдің басталуына негіз болатын оқиғалар болады. Бірі мемлекеттің іргесін бекітсе, енді бірі оның даму бағытын айқындайды. Қазақстан үшін биылғы жыл осындай тарихи белестерге толы болды. Жаңа Конституция қабылданды. Бір палаталы Құрылтай жұмысқа кірісті. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталды. Вице-президент лауазымы енгізіліп, оған Ерлан Қарин тағайындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауын да арнады. Осылайша еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жаңа кезеңнің бет-бейнесі қалыптаса бастады.

Сурет Ақордадан

Ата Заң – мемлекеттің құқықтық іргетасы, елдің ертеңіне бағыт беретін басты құжат. Оның маңызы мемлекеттік органдардың құрылымын белгілеумен ғана шектелмейді. Конституция ең алдымен адам мен азаматтың құқығын қорғауға, қоғамдағы әділеттілікті орнықтыруға, билік пен халық арасындағы жауапкершілікті айқындауға қызмет етуі керек. Сондықтан, жаңа Конституцияның қабылдануын кезекті заңнамалық өзгеріс ретінде ғана емес, мемлекеттіліктің дамуындағы маңызды белес ретінде қарастырған жөн.

2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл құжат елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға негіз қалады. Онда адам құқықтары менбостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру мәселелері қамтылды. Сонымен бірге, білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау бағыттарына да басымдық берілді.
Ата Заңның басты құндылығы – оның өміршеңдігінде. Қағазға жазылған құқықтық нормалар азаматтардың күнделікті тіршілігінде нақты көрініс тапқанда ғана Конституцияның қоғамдық маңызы арта түседі. Заң алдында бәрінің тең болуы, әр адамның құқығының қорғалуы, мемлекеттік шешімдердің әділдік қағидатына негізделуі –жаңа конституциялық кезеңнің негізгі өлшемдері.

Құрылтай – елдік дәстүрдің жаңа жалғасы

Конституциялық жаңғырудың маңызды жаңалығының бірі – қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. Бұл – заң шығару жүйесін жаңаша ұйымдастыруға бағытталған қадам. 145 депутаттан жасақталған Құрылтай елдегі заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жұмысынбастады.
Құрылтайдың алғашқы шақырылымына төрағалық ету міндеті Айбек Дәдебайға жүктелді. Оның орынбасарлары болып Нұрлан Бекназаров, Дәния Еспаева және Динара Зәкиева сайланды. Сонымен қатар, сегіз комитет құрылып, олардың басшылық құрамы бекітілді.
Мұнда бір мәселені ерекше атап өткен жөн. Құрылтай атауының өзі халқымыздың тарихи жадында айрықшаорын алады. Бағзы заманда ел тағдырына қатысты күрделі мәселелер кеңес арқылы шешіліп, хан сайлау, жер менел бірлігінің жайын талқылау сияқты маңызды басқосулар өткен. Бүгінгі Құрылтай сол тарихи дәстүрді заманауимемлекеттік басқару жүйесімен сабақтастыруға тиіс.
Әрине, жаңа органның жұмысына атауының тарихи мағынасы ғана емес, нақты нәтижесі баға береді. Қабылданған заңдардың сапасы, депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігі, қоғамның өзекті мәселелерінедер кезінде үн қатуы – Құрылтай қызметінің басты көрсеткіштері болмақ.

Халық Кеңесі – қоғамдық келісімнің жаңа алаңы

Мемлекеттік жаңғыру үдерісіндегі тағы бір маңызды институт – Қазақстан Халық Кеңесі. Оның құрылуы елішіндегі қоғамдық диалогты кеңейтіп, азаматтық қоғамның үнін мемлекеттік шешімдермен ұштастыруға бағытталған.
Президент Жарлығымен 22 қыркүйекте Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енді. Кеңестің төрағасыболып Ерлан Қошанов тағайындалды. Төрағаның орынбасарлары – Қанатбек Жайсанбаев, Дмитрий Останькович және Ләззат Шыңғысбаева.

Халық Кеңесіне заңнамалық бастама көтеру және республикалық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізуқұқығы берілген. Бұл оның қоғамдық пікірді білдіретін ғана емес, ел өміріндегі маңызды шешімдерді талқылауғақатысатын конституциялық институт екенін аңғартады.
Қазақстан – сан түрлі этнос пен мәдениеттің ортақ шаңырағына айналған мемлекет. Сондықтан, қоғамдық келісіммен бірлікті сақтау әрдайым маңызды. Халық Кеңесінің алдында да осы жауапты міндет тұр. Әртүрлі әлеуметтіктоптардың, өңірлер мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын ортақ арнаға тоғыстырып, елдік мүддеге қызмет ету – оның негізгі миссиясы.

Вице-президент институты және жаңа басқару жүйесі

Конституциялық реформаның аясында Вице-президент лауазымы да енгізілді. 2026 жылғы 31 тамызда Құрылтайдың келісімімен Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Вице-президенті болыптағайындалды.

Бұл институт мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзара іс-қимылды үйлестіруге арналған. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктерменжәне халықаралық ұйымдармен байланыс орнатуға қатысады. Сондай-ақ, стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеу мен оларды Мемлекет басшысына ұсыну міндеттері жүктелген.
Жаңа лауазымның енгізілуі мемлекеттік басқарудың құрылымын толықтырып қана қоймай, билік институттары арасындағы байланыстың құқықтық негізін де кеңейтеді. Ендігі мәселе – осы өкілеттіктердің нақты нәтижегеайналуы.

Жаңа міндеттер, ортақ жауапкершілік

Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауы да жаңарған саяси жүйенің алдағы жұмыс бағдарын айқындай түсті. Онда елдің экономикалық дамуы, өндірісті өркендету, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру жәнеазаматтардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы міндеттер күн тәртібіне шығарылды.
Жолдауда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыру енді жаңарған мемлекеттік институттардың үйлесімді жұмысына байланысты. Құрылтай заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетсе, Үкімет экономикалық және әлеуметтікміндеттердің орындалуын қамтамасыз етуі керек. Ал Халық Кеңесі қоғамдық сұраныстың ескерілуіне ықпал етіп,азаматтық қоғаммен байланысты нығайтуға атсалысуға тиіс.
Мұның барлығы бір ғана мақсатқа – тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуына қызмет етуі қажет. Өйткеніреформаның нәтижесі мемлекеттік құрылымдардың атауы мен санының өзгеруі арқылы емес, халықтың күнделікті өміріндегі оң өзгерістер арқылы бағаланады.
Ауылдағы мектептің жағдайы жақсарса, дәрігердің еңбегі лайықты бағаланса, кәсіпкерге мүмкіндік кеңейсе, жастар сапалы білім алып, қарттардың әлеуметтік қорғалуы күшейсе, онда конституциялық жаңғырудың нақты нәтижесі көрінеді. Ең бастысы, азаматтардың заңға деген сенімі мен мемлекетке деген жауапкершілігі артуыкерек.
Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Бүгінгі өзгерістердің де түпкі мәні осында. Мемлекеттің болашағы берік құқықтық негізге, әділетті қоғамға және саналы азаматтық ұстанымға сүйенгенде ғана баянды болады.
Енді жаңа дәуірдің шынайы мазмұны алдағы жылдары атқарылатын іспен, қабылданатын шешімдермен және олардың халықигілігіне айналуымен айқындалмақ.
Жаңа дәуір басталды. Ендігі міндет – оның іргесін әділетпен бекітіп, мазмұнын жасампаз еңбекпен толықтыру.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button