Клипомания

СССР кезінде КПСС билеген елдің аузымен құс тістеген небір дүлдүлдері мен бұлбұлдары халықаралық сыйлықтардан құр қалатын. Анығында араларына алапес кіріп кететіндей айдаладан ауылына қарай ит қосып қуып тастайтын. Солай бола тұра талантты шығарма тас жарып, тау қопаратын оқиғалар ілуде-шалу болып қалатын. М.Шолоховтың Нобель сыйлығын алуы, бірен-саран ғалымдардың осы марапатқа ие болуы соған дәлел. Ұмытпасам «Тырналар ұшып барады» («Летят журавли») фильмі (режиссері М.Калатозов)  ертеректе Халықаралық Канн кинофестивалінің бас бәйгесін жеңіп алған (1957 ж.). Мұнан кейін 1981 жылы В.Меньшовтың «Мәскеу көз жасқа сенбейді» («Москва слезам не верит») фильмі кинематография саласындағы ең жоғары Оскар сыйлығын олжалаған болатын.

Айтайын дегенім бұл фильмдер туралы емес. Соның ішінде бүкіл СССР қайталап көрсе де жалықпайтын «Мәскеу көз жасқа сенбейді» фильміндегі бір эпизод ойды оятқаны. Жас телеоператор оң-солын енді таныған қызға мақтанатыны бар. «Әлі көресің, театр, кинотеатр болмайды. Бәрін телевизордан тамашалайтын боласыңдар. Бүкіл дүниені қара жәшік шешеді», деп сәуегейше сұңқылдайтыны бар. Әйтеуір кітап пен газетке тимеді сол жолы. Алғашқыда теткіп қалдық. Бірақ, театр да, кинотеатр да осы күнге дейін жұмыс істеп, халықты рухани байлыққа кенелтуде.

Ал, бүгінгі тірлігіміз тіпті қызық. Телевизорды компьютер, оны ноутбук пен планшет ығыстырып шықты. Енді бұларды қалта телефон (смартфон) қуып тастайтын түрі бар. Үлкен де, кіші де алақандай телефонға телміріп қалған. Онсыз ас батпайды ешкімге. Ауызекі тілдесуден қалдық. Айтатынын «WhatsApp» арқылы жазып жібереді. Фотоаппараты да, камерасы да бар. Адамдарды өзінің келісімінсіз әр түрлі жағдайда түсіріп алып, «фейсбук», «инстаграмға» салады да жібереді. Бүкіл ел мәз. Біреуі мақтайды, біреуі даттайды. Содан дай-дай айтыс. Әркім философ, жазушы, ақын, әнші, композитор. «Пәшти Шәмші Қалдаяқов». Айтыс, тартыстың арты бірінің аузынан ақ ит кіріп, екіншісінің аузынан қара ит шығады. Несін айтасыз жұрт гладиаторлардың жекпе-жегін, цирктің сайқымазағын көріп, шаршап­шалдығып барып, смартфондарын құшақтап ұйқыға кетеді. Күнде осылай. Бесіктен белі жаңа шыққан баланы да қалта телефонмен уата салады. Шешесінің смартфон қараудан қолы тимейді.

Мұның бәрін батыстың бір ғалымы «клипомания» деп атапты. Мания деген ұғым жақсы сөз емес. С.Ожеговтың түсіндірме сөздігінде (толковый словарь) басқа мағыналарын айта келіп, барынша әуестену, басқа дүниені ұмыту деген сипаттама беріпті. Орыста мания величия (өзін өзгелерден өзгеше артық санау), мания преследования (қорыққанға қос көрінеді) және осылай жалғаса береді.

Ешкім ғылым мен техниканың бұлай қарыштап дамуына қарсы емес. Дүниенің төрт бұрышымен демде хабарласуға, ақпарат алуға, жіберуге таптырмас құрал. Алып жүруге тіпті қолайлы. Алайда, бір жақсының бір жамандығы барын парықтамайтын сияқ­тымыз. Айталық, адамның миының жұмыс істеу қабілеті компьютеріңізді он орап алады. Басымыздың басым бөлігін кәкір-шүкір қажет емес ақпаратқа толтырып қойғанбыз. Содан Алламыз адамға берген ең асыл қасиет – ойлау, ойлану, ой қорытудан әлеуметтік желідегі жеңіл-желпі ақпаратты қазір көріп, қазір ұмытатын әдетке қарай ойысып бара жатқандаймыз. Ең қиыны – есте сақтау қабілетіміз ортайып, жадымыз жадағайланып барады. Жастардан көбейту кестесін немесе жағрапиядан, болмаса қарапайым бір ақпаратты сұрасаң, қалта телефонына жармасады. Құмарлығы соншама көшеде келе жатып смартфоннан көз алмайды. Көлік ағылып жатқан көшені кесіп өткенде де қалта телефонынан айырылмайды. Көлік жүргізушілердің бір көзі мен бір құлағы смартфонда. Содан бірталайы құдыққа құлап, жардан жығылып, көлікте авария жасаса да қоймайды. Бұлай әуестену бірлі-жарым болса, ештеңе емес қой. Жаппай жайлап барады. Фанатизм дейміз бе?

Жаңағы ғалым мұның емі – кітап оқу дейді. Оның ішінде Толстой, Гюго сынды классиктерді оқып, бір сәт ойлануға, ой қорытуға кеңес береді. Қазақтар М.Әуезовтің «Абай жолын», басқа да классиктерімізді қайталап оқыса, денсаулыққа зиян емес қой.

Ұлы Абай атамыз: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің де өз өлшемі бар», «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт себеп бар: бірінші көкірегі байлаулы беріктік, екінші – ғибратлану, тұщынып ынтамен ұғу, үшінші – бірнеше қайтара ойланып, көңілге бекіту, төртінші – ойдың кеселді нәрселерден қашық болуы керек», дейді.

Тәңіріміз Адам атты пендесіне ең қымбат өмірді өлшеп бергенде, басқа дүниеге де өлшем, шек болатынын Ұлы Һакім атамыз төбемізден төндіріп тұрып ежіктеп түсіндіріп тұр.

Ойланайық, ой қорытайық, жадымызды жаңғыртайық!

P.S. Пікір қосыңыздар, ой бөлісіңіздер.

Мағауия СЕМБАЙ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.