Жаңалықтар

Кітапханада ашық есік күні өтті

Қарағанды облыстық Н.Гоголь атындағы әмбебап кітапхана ұжымы қазан айының 15 жұлдызында “Ашық есік” күнін өткізді. Бір күнге жоспарланған шараға жоғарғы оқу орындары, колледж студенттері, мектеп оқушылары және қала тұрғындары қатысты. Оқырмандар кітапхананың сервистік және ақпараттық қызметтерімен танысып, сұрақтарына жауап алды.

– Мақсатымыз – кітапқа деген қызығушылықты арттыру. Оқырмандар кітапхананың жұмысымен танысып, жаңа ақпараттық мүмкіндіктер жайлы мәлімет алды. Бізде ұзақ жылдардан бері «Жыр-жауһар» поэзия клубы, «Қазақша сөйлесейік», «Әдеби қонақжай» сынды бірқатар үйірмелер жұмыс істеп келеді. Қонақтардың бір бөлігі осы үйірмелерге жазылды, – деп мәлімдеді мерзімді басылымдар секторының меңгерушісі Айжан Қапатайқызы.

Кітапханада онлайн қызмет түрлері оңтайлы дамыған. Оқырмандар вебкаталогтан керек кітапты оңай тауып алады. Сонымен қатар, құжаттарды электронды түрде алу қызметтері де ұсынылады.

Кітапхананың білім орталығында оқырмандардың кітап алмасуына мүмкіндік беретін «Bookcrossing» бұрышы ашылған. Яғни, арнайы сөреден өзіңе ұнаған кітапты ала аласыз, тіпті, кері қайтармасаң да болады. Тек, кітаптың орнын басқа кітаппен толықтырсаңыз жетіп жатыр.

Кітапхананың екінші қабатында «Халықаралық әдебиет» бөлімі орналасқан. Бұл жерде араб, түрік, жапон, ағылшын, француз және корей тіліндегі түрлі бағыттағы кітаптар жиынтығы бар. Шетел тілін үйренем деушілерге осы орталықтағы үйірмелерге қатысып, білім деңгейін жетілдіруге жағдай жасалған. Түрлі тренингтер мен сабақтар өткізіледі.

«Кітап сақтау» бөлімінде Қасым Аманжоловтың көзі тірісінде жарық көрген «Нұрлы дүние» өлеңдер жинағы, Жамбыл Жабаевтың «Сұраншы батыр» дастаны кітаптары сақтаулы. Шетел ақындары мен жазушыларының ең кішкентай кітаптарын да осы жерден көре аласыз.

 – Мені қызықтырғаны – кітаптардың алуан түрлілігі. Жалғыз әдебиет саласында ғана емес химия, физика, биология, тіпті, шет тілдеріндегі кітаптар жетерлік. Ағылшын тілін үйреніп қана қоймай, тілдік клубтарға қатысуға мүмкіндігіміз бар. Осындай үлкен кітапхананың оқырманы болғаныма қуаныштымын, – дейді ҚарМУ студенті Назым Абылайқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button