#Biz birgemiz!Бас тақырып

Кітап пен карантин немесе Президенттің кеңесі

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үш жыл толыпты. Қоғамның дамуы, мемлекеттік жүйенің аяқ алысы, тарихи таным тұрғысынан алғанда – өте аз уақыт. Дегенмен, алғашқы қадамдар жасалды, руханиятқа бетбұрыс жоқ емес. Былтыр Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бастап, хакім Абайдың 175 жылдығының қарсаңында ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу эстафетасы күллі елді шарлап, жалпыхалықтық сипат алды. Биыл мына індет жағаласып кеткенімен, руханият жолының жаңа сатысын, шын мәніндегі рухани жаңғыру басталып кеткен сияқты. Ақымақ қатты желде қалқаннан ықтасын жасап әуреленсе, ақылды әлгі қалқанды диірменнің қалағына айналдырып, желді қуат көзі ретінде пайдаланады дейді екен шығыс даналығы. Бұл – руханиятқа ғана емес, экономикаға да тікелей қатысты жайт. Ал, карантин жарияланғалы ел ішінде «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасы басталып, оған Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі ықылас танытып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.

Нағыз Рухани жаңғыру – негізі, бос уақытта адамның кітап оқып, өзін-өзі дамытуы. Жоғарыда біз атаған «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасы басталғалы да екі-үш аптаның жүзі болып қалды. Челлендж-эстафетаны «іліп-әкет» деп қазақшалапты. Жақында бұл іліп-әкетті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамыз Президент мырзаға жолдаған екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы қабыл алып, өзі оқып жатқан кітаптарымен қатар, оқуға кеңес беретін кітаптар тізімін қоса ұсыныпты. Мұнысы мен үшін қызық. Мысалы, Республикалық сипат алған бұл бастамадан біздің облыс жұртшылығы да құр қалмауын ескердік. Халық қосылар-қосылмас – өз еркі, бірақ, күнделікті ақпараттық хабарларға қарағанда адамдық жетілу жолында маңызы бар дүниені жариялауды жөн көрдік. Президент сөзінде былай депті:

«Қазіргідей елең-алаң уақытта баршаңыздың күнделікті тіршіліктеріңіз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы – әлеуметтік оқшаулану, яғни, үйде болу екенін жаһан жұртшылығы мойындап отыр. Әрине, бұл – уақытша құбылыс, өтпелі кезең. Дегенмен, осы уақытты барынша тиімді пайдалану – әрбір адамның өз қолында.

Сондықтан, осы карантин күндері ақын-жазушылар, журналистер, мәдениет қайраткерлері және қатардағы азаматтарымыз әлеуметтік желіде «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасын ұйымдастырған екен. Бұл бастаманы толық қолдаймын және осындай игі істі қолға алған отандастарыма шынайы ризашылығымды білдіремін.

Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн».

Сонымен қатар, Президент Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің эстафетасын қабылдай отырып, бірнеше шығармаларды оқуды ұсыныпты әрі қазір оқып жатқан шығармалары мен басылымдарының тізімін жариялапты:

  1. Жүсіп баласағұн. Құтты билік;
  2. Абай Құнанбаев. Хикмет кітабы. Книга мудрости. Book of wisdom;
  3. Winston Churchill. The Second World War. Volume III. The Grand Alliance;
  4. Тұрсын Жұртбай. Құнанбай
  5. Ерлан Сыдыков. Кунанбай;
  6. Адам Туз. Крах. Как десятилетие финансовых кризисов изменило мир;
  7. Алек Росс. Индустрии будущего. The Industries of the future;
  8. Кевин Келли. Неизбежно. 12 технологических трендов, которые определяют наше будущее;
  9. Parag Khanna. The Future is Asian;
  10. «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Turkistan» және тағы басқа газеттер, «Жұлдыз» журналы

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, бұл эстафетаны барша отандастарыма, әсіресе, жастарға жолдаймын және төмендегі әдебиеттерді оқуға кеңес беремін» депті Мемлекет басшысы.

Президент ұсынған 30 кітап:

  1. Абай Құнанбайұлының өлеңдері, қара сөздері;
  2. Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық трактаттары
  3. Мұхтар Әуезов. «Абай жолы»;
  4. Әбіш Кекілбаев. «Үркер» және тағы басқа шығармалары;
  5. Ілияс Есенберлиннің шығармалары;
  6. Оралхан Бөкей. «Ұйқым келмейді»;
  7. Әбді-Жәміл Нұрпейісовтің шығармалары
  8. Қабдеш Жұмаділов. «Дарабоз», «Тағдыр»;
  9. Мұхтар Мағауин. «Аласапыран»;
  10. Дулат Исабеков. «Қарғын»;
  11. Ілияс Жансүгіров өлеңдері;
  12. Әкім Тарази шығармалары;
  13. Роза Мұқанованың пьесалары;
  14. Смағұл Елубай. «Ақбоз үй» және тағы басқа шығармалары;
  15. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері.

Әлемдік әдебиет:

  1. Федор Достоевскийдің шығармалары
  2. Лев Толстойдың шығармалары;
  3. Антон Чеховтың әңгімелері, повестері, пьесалары;
  4. Иван Буниннің шығармалары;
  5. Эрих Мария Ремарк. «На западном фронте без перемен».

Публицистика, ғылыми-танымдық әдебиет:

  1. Никколо Макиавелли. «Государь»;
  2. Алексис де Токвиль. «Демократия в Америке»;
  3. Жан Монне. «Реальность и политика»;
  4. Ли Куан Ю. «Из третьего мира – в первый. История сингапура (1965 2000)»;
  5. Наом Хомский. «Создавая будущее»;
  6. Мэтью барроуз. «Будущее: Рассекречено. Каким будет мир в 2030 году».

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған шығармалар:

  1. Энтони Кенни. «Батыс философиясының жаңа тарихы»;
  2. Клаус Шваб. «Төртінші индустриялық революция»;
  3. Джон Гэмбл, Маргарет Питереф, Артур Томпсон. «Стратегиялық менеджмент негіздері: бәсекелік артықшылыққа ұмтылу»;
  4. Росс Данн, Лора Митчелл. «Panorama: Дүние жүзі тарихы».

Осындай тізім ұсыныпты Президент жазбасында. Бұған байланысты алғашқылардың бірі болып ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов пікір білідіріпті. Біз сөзімізді сонымен түйіндеп, шешімді оқырманның өзіне қалдыруды ұйғардық.

«Кітаптың бір аты – халық.  Қай заманда да жақсы патшалар бұхарадан қашпаған. Бұдан шығады, демек, кітап кімкімнің де жан досы болуға керек екен. Экономикалық дағдарыс, экологиялық дағдарыс, финанс, қаржы-қаражат тығырығы басталғалы көп болған жоқ. Ал, рухани карантин дағдарыс басталғалы ше?  Жан дүниемізді пандемия жайлап алғалы ше? Бізге жетпей жүрген не нәрсе, қаржы-қаражат па, жоқ зиялылық па? Басқаны былай қойғанда, ең лас дүние болып саналатын саясаттың өзінде зиялылық үстемдік етпесе, тобырға айналамыз. Тобырға айналудың сәл-ақ алдында тұрған ел қаншама Жер бетінде?!

Қазақ о бастан Құдай Тағала бағын артық жаратқан халық қой, бұлғақтың не түрін бастан өткерсек те бірлігіміз жоғалған жоқ. Біз біргеміз! «Көппен көрген ұлы той», мына қиыншылық та ертең артта қалады» деген Есенғали Раушанов. «Рухани жаңғыру» аясында «Қандай кітап оқып жатырсыз?» іліп-әкетін газет бетінде бастауға ниетті оқырмандар болса, мархабат, ағайын!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button