Кітап пен ғаламтор
Адам санасын ақпарат шырмаған ғасырда жастарға ғаламтордың дәргейі жүріп тұр. Кемеңгерлік пен кемел ойдың басы кітапты жолдан қақты. Өмір құбылысты барынша арзандатты. Есті алатын есер ойын, кесел дүние. Ақыл таразың болса, игілігі де жоқ емес. Бірақ, санаға сол ақыл таразыны салмақтайтын тәрбие құралы – кітапты қайда қалдырамыз?
Кітаптан гөрі екі қолға бір «сотка» ұстаған заманнан қашып құтылмасымыз тағы анық. Осы жағдайда мектеп қабырғасында кітап оқып, одан ой қорытып, пікір айта алатын баланың беделін көтеріп, басқасына үлгі етсек, қой деген ешкім жоқ. Ғаламторға арбалған оқушы кітап оқымасын сылтау қылу саналы педагогтың қайсына ләзім?! Алдын алып, амалын тауып, акциялар ұйымдастырып, кітапқұмардың мәртебесін неге көтермеске, ендеше. Бұл орайда бұрындары мектептерде «Бір ел – бір кітап» акциясы өтетін. Қазір осы шара облыс-облыстың түпкір-түпкірінде «Бір аймақ – бір кітап» айдарымен қолға алынуда.
Мектеп оқулығына енген бір автордың шығармасындағы асыл мәйекті оқушының санасына сіңіріп, жан байыту мұратындағы жақсы жоралғының бірін Шет ауданына қарасты Ақжал кентіндегі Ш.Батталова атындағы ЖОББ мектептің 5-7 сынып оқушылары арасында өткіздік. Онда оқушылар облыстық «Бір аймақ – бір кітап» акциясы аясында жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесін оқып, түйген ойларын ортаға салды. Нәтижесі жаман емес. Оқушылар повестегі оқиға желісін бірінен кейін бірі іліп алып әңгімелей жөнелгенде, еңбегі жанған ұстаздың қуанышында шек болмасы анық қой. Бірі аңдамаған тұсты екіншісі толықтырып тұрса, мұғалімге одан асқан мерей жоқ.
Жауқазын ӘБЖАНОВА, 7-сынып оқушысы:
– Кітаптағы Бердібек атамыздың балалық шағы, сол кездегі оқиғалар бояуы көзіңе жас ірікпей қоймайды. Себебі, сол кездегі балалардың бастан өткерген қиындықтары тым ауыр. Күнделікті қорегі – бір уыс талқан ғана. Ата- анадан жырақтағы 8 жасар баланың ауыр жұмысқа жегілгені. Осының бəрі қай оқырманның болсын жүрегін елжіретері анық. Қанша мехнат шексе де, оқуда да үздік, ынталы балалардың мойымағаны – бізді жігерлендіріп, намысымызды қамшылады.
Мүгілсім ҚҰСАЙЫНОВА,
Ш.Батталова атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
ШЕТ ауданы.