Кітап фестивалі – даналық қазынасы
Республика күні мен Кітапханашылар мерекесіне орай, Сәкен Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапханада «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Ұлы Дала өркениеті» кітапtime фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шарада Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов арнайы құттықтау сөз сөйлеп, мазмұнды шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, кітапхананың тұрақты оқырмандарына «Алтын формуляр» және «Ең жас оқырман» аталымдарын табыс етті.
Осы күні кітапхана төрінде басталған мәдениет пен рухтың жәрмеңкесі бір мезетте «Қала қаламгерлері – өркениет көшінде» тейбл-толк, «Қолөнер сырлары» шеберлік сағаты, «Өркениет қайсысы: Кітап немесе Iphone» дебат, «Қазақстанға саяхат» 3D кітаптар, макеттер, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны, Ұлттық спорт ойындар, «Туған Қазақстанымды мақтан тұтамын!» караоке, шеберлік пен шынайы талант иесі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы, суретші Ө.Әбеуовтің өнер көрмесі сынды іс-шараларды қамтып, елге ерекше көңіл-күй сыйлады. Кітапхананың әрбір залында кітап таныстырылымдары, ақындар алаңы, мәдени, рухани кештер өтіп жатты.
Ықыласқа толы рухани жүздесуде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жанболат Башарұлы, Төкен Әлжантегі және тағы да басқа қаламгерлер шығармашылықтарына тоқталды.
Буккроссинг алаңдарындағы байқауға қатысқан мектеп оқушылары мен студенттер жаңа, қызықты әрі пайдалы ақпарат алып, ой-өрістерін кеңейтіп, тарқасты.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz