Жаңалықтар

Кісілік пен кішілік

Халық дүр сілкінді. Жапа-тармағай кең сарайдың есігіне еңсеріле қарады. Олардың толассыз соғылған шапалағы мен керемет, көңіл күйін айтып жеткізу мүмкін емес. Сахна төріне көтерілген алып тұлға «Айналайын, халқым, армысың!» деді. Тебіріне айтылған жалғыз ауыз сөз халықтың жүрегіне жылу сыйлады. Бұл Тоқтар ағамның сөзі. Жерлестері де мұндай құрметті тек Тоқтар перзентіне ғана көрсетеді.

Бауыржан Момышұлы «Атағыңа атың сай келсе ғана сыйлы боласың» дейді. Қазақ елінің атын аспандатып, әлемге танытқан Тоқтар Оңғарбайұлының қарапайымдылығы мен кішіпейілдігіне туған жеріне келгенде талай куә болдық. Елге табаны тигендегі әр сапары алдымен кіндік қаны тамған жері, ата-бабасының басына тәу етуден басталады. Тұлғалы перзентін қадірлей білетін елі әр келісін елеусіз қалдырмайды. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік, турашылдықты бойына бала жасынан сіңіріп өскен ағамызбен өткен әр кездесу жерлестері үшін мәнді де мағыналы. Тоқтар ағамыздың ғұмыры замана тарихының бір бөлшегі. Ол өзі өмір сүріп келе жатқан дәуірдің перзенті. Жерлестерімен әр кездесуінде өзі өсіп-өнген ортадан рухани нәр алады. Басында балаң, балғын перзенті ретінде қабылдаса, кейін миуасын жайған мәуелі бәйтеректей құрмет тұтып келеді. Алыстан ат терлетіп туған жеріне келгендегі көңіл күйі керемет. Әрдайым күлімсіреген жүзінен нұр төгіліп тұрады. Жарқылдай жүріп, алдымен елдің амандығын біледі. Әр кездесуінде «Айналайын халқым, сендер бар да мен бармын. Туған жерден жырақта жүрсем де сендер үшін жаным ауырады. Жетістіктеріңе қуанамын» деп емен-жарқын әңгіменің тиегін ағытады. Халық тыңдаудан жалықпайды. Себебі, Тоқтар ағаны жақсы көреді. Адамгершілігіне бас иеді. Әрқайсы амандық сұрап, қол алысып қалуды қалайды. Одан Батыр қашпайды. Керісінше, арнап келген уақытын жерлестеріне бөлгенін бағалы санайды. Еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін елеп, оларға көңіл бөлуді перзенттік борышы санайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарқаралыда ашық аспан астында ережесіз жекпе-жектен жарыс өтті. Тоқтар аға құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ағамен бірге отырдық. Жапа-тармағай келіп сәлемдесіп жатқан халық. Бәріне күлімсірей жауап қатып жатыр. Жарыс басталған сәт. Бір-бірін төпелеп жүрген өз қандастарымыз. Сондағы Тоқтар ағаның «Әй, болды, қойыңдар. Қазақ қазаққа қол көтеруші ме еді?! Обал болды ғой» деп бетін көлегейлеп, шыбын жаны шырқырап отырды. Қызу доданы тамашалап отырып та «қазағым» деуден танбады. Бар болмыс бітімі қазақтың даласындай кең, көңілі дархан, жүрегі мейірімді, жылы жүзді, кесек тұлғалы азамат туған жеріне тағзым етуден шаршаған емес. Елордада отырса да елден хабар біліп отырады. Халық қиналса қасынан табылады. Елді мекендерді су басу кезінде де ауылдарды аралап, халқымен бірге болды. Қамкөңіл жерлестеріне демеу болды. Қуанышына ортақтасып мерейі үстем болып қайтады. Қолдан келгенше көмегін көрсетеді. Бірақ жарияламайды. Ол мақтанғанды жек көреді, әрдайым «Ұлы тұлғаларымызбен мақтануымыз керек» деп туған жерінің мәртебесін көтеріп отырады.

Мансап. Қызмет. Абырой… Әрдайым адами қасиеттерді биік қойып келеді. Тоқтар ағаның ғұмыры бір тарих, оның елге тигізген пайдалы қасиеті, тәрбие-тағылымы жерлестерінің көз алдында. Батыр бойындағы асыл қасиеттері, абырой-беделі, елдік мақсаттарға араласуы, үлкендік ізгі жолы тарам-тарам тәрбие, ұрпаққа өнеге. Бұл біз үшін қуаныш. Дара тұлғаның амандығы, елінің тілегі. «Жақсы адам – адамзаттың асылы. Оларды сақтау – ең төменгі бастықтардан бастап, патшалардың да парызы» дейді. Күш-қуатыңыз кемімесін, Батыр аға!

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button