Бас тақырып

Кирзавод ауданында 90 мың түп қарағай отырғызылды

Қарағандыдағы Кирзавод ауданында 90 мың түп қарағай отырғызды. Бұл аумақты екі жыл бұрын от шарпып, көптеген ағаштар өртеніп кеткен болатын. Орман аумақтарын жаппай қалпына келтіру жұмыстары “Таза Қазақстан” акциясы аясында өтіп жатыр және облыс орталығының 90 жылдығына арналған. Қарағай егуге Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Сурет: облыс әкімдігінің сайтынан

– Облысымыздың барлық тұрғындарына, еріктілерге, кәсіпорындарға, ұйымдарға Президенттің бастамасын қолдағаны және бұқаралық сенбіліктерге белсенді қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Бұл бір реттік акция емес, үнемі тазалықты сақтап отыру қажет. Жұмыстың тағы бір маңызды бөлігі – көгалдандыру және экологияны жақсарту.  Алдағы үш жылда облыста 3 миллион ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Тұрғындардан тазалықты сақтауды және осындай іс-шараларға белсенді қатысуды сұрағым келеді. Егер балаларымызды жастайынан тазалыққа үйретсек, үйіміз де, ауламыз да, қаламыз да, еліміз де таза болады, – дейді облыс басшысы.

20 гектарға жас ағаштарды орман шаруашылығының, табиғи ресурстар басқармасының 100 маманы мен мемлекеттік қызметкерлер өз қолдарымен екті.

– Қарағанды облысының елді мекендерінде жыл сайын 60 мың ағаш егіледі. Бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдар жалғастыруда. Биыл да сонша ағаш егеміз, – деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.

Өз кезегінде орман шаруашылығы ардагерлері жас ағаштарға қалай жақсы күтім жасау керектігі туралы кеңестерімен бөлісті.

– Бүгін бізді ағаш егуге шақырғанына өте қуаныштымын. Жасыл желектердің жерсінуі ойдағыдай өтеді деп үміттенеміз. Көгалдандыру – игі және қажетті іс, оны насихаттау, азаматтарды жасыл аймақты кеңейтуге шақыру қажет, – дейді Орман шаруашылығы ардагері 85 жастағы Михаил Жакупов.

Биыл Қарағанды облысының мемлекеттік орман қоры аумағында барлығы 1 272 000 жапырақты және қылқан жапырақты көшет егіледі. Жапырақты ағаштар – үйеңкі мен қарағаш Новодолинск тәлімбағында өсірілген. 200 мыңға жуық жас ағаш егуге дайын тұр.

Көшеттерді суару және жерсінуін орман шаруашылығы қызметкерлері бақылайды. Инспекторлар рейдтер жүргізеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button