Кіндік шеше
Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені, жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны. Сондықтан, баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан.
Кез келген елдің ең басты байлығы – халықтың денсаулығы. Сондықтан да, денсаулық сақтау саласының жағдайы қашанда Елбасының ерекше назарында. Халқымыздың «Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық» деген дана сөзінің өзі осыған кепіл болмақ. Әлемдегі ең жақсы мамандық қандай? Бұл сұраққа нақты жауапты ешкім бере алмайды. Осы сұраққа мен дәрігерлер күні қарсаңында жауап іздеп көрдім…
Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Осындай адал мамандық иесі болған анам Мінуар Барланова адам анатомиясын өте терең білумен қатар, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болғанына бүгінде көзім жетіп отыр.
Денсаулықты ешкім де, ешқашан да өзге біреуге сыйға тарта алмайды. Ол тек Жаратқанның қолындағы, соның иелігіндегі ғана дүние. Әлбетте, қолы жеңіл, емі шипалы, өз ісінің білгірі болған анамыз еңбек жолын 1963-2003 жылдарда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылында атқарды. Науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп, «Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген анамыздың еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шығып отырған. Ақ халат киген періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, науқастың жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, халықтың алғыс-сауабын арқалаған абзал жан.
Жылдың төрт мезгілінің ыстығы мен суығы, жауын-шашыны мен боранына қарамай дереу жолға жиналып, ат шанаға және тағы басқа көлік түрлеріне отыра салып, талай ананың нәрестесін құшағына басу бақытына кенелткен. Анамыз осындай қиында-қызықты маман иесі бола отырып, алдынан бірде-бір ана мен баланың шетінемегенін көзіне жас ала отырып еске алады. Халқы да қанша жанға шапағаты тиген, жеңіл қолды дәрігердің бірі деген баға беріп құрметтеген. Ана мен баланың жағдайының жақсы болуын, сәбидің аман-есен дүниеге келуін, әртүрлі анау-мынау қауіп-қатерлердің болмауын, тіпті, босанғаннан кейінгі күтіну жолдарын қадағалап, ем-домын жасап, жас анаға ақыл-кеңестерін айтып отырған.
Осындай мамандығымен қоса, ауыл адамдарының «Менің баламның немесе өзімнің кіндік шешем» деп ардақтауы мен құрметтеуі біз, балалары үшін мақтаныш. Бір отбасындағы бірнеше баланың кіндік шешесі немесе аққолды анасы аталып кеткен.
Сүйікті жар, Алтын алқа иегері, асыл әже, денсаулық сақтау саласының ардагері Мінуар анамыз қазір Қарағанды қаласының тұрғыны. Ақ халаты мен аппақ арын биік ұстап, бүкіл дәрігерлер абыройын асқақтата көтерген анамызға деніне саулық балалары мен немерелерінің ортасында Алла ғұмыр беріп, ұрпағыңыздың қызығына кенеліп жүре беріңіз дегіміз келеді.
Бүкіл ғұмырларын ем-дауаға мұқтаж сырқат жандарға арнаған ардақты дәрігерлердің асыл бейнесі бүгінгі медицина қызметкерлеріне, жас дәрігерлерге үлгі қылып көрсетуге лайықты тұлға.
Ұлағатты ұрпағының ер Анасы,
Ордалы отбасының отанасы.
Жан серігі абыройлы аға ұстаз,
Елу екі жыл отасқан отағасы.
Өткен өмір сәуле шашар санаға,
Не жетеді құрмет пенен бағаға.
Қолы құтты Анашымның кезінде,
Кіндік шеше болған талай балаға.
Сұңғат АМЕНОВ,
№6 орта мектеп мұғалімі.