Әлеуметтік әділеттілік нақты іспен өлшенеді
Әлеуметтік әділеттілік – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуын айқындайтын басты құндылықтың бірі.Оның шынайы өлшемі қабылданған бағдарламалардың санында немесе бөлінген қаржының көлемінде емес, халықтың тұрмыс сапасындағы нақты өзгерістерде жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге айрықша мән берілді. Президент экономикалық өсімнің нәтижесі әрбір азаматтың әлауқатынан көрінуі қажеттігін атап өтіп, әлеуметтік саясатты жаңа талаптарға сай жетілдіру міндетін қойды.

Жолдауда көтерілген өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысы көмектің шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы керектігін баса айтты. Бұл ретте әлеуметтік әділеттілік ұғымын тек жәрдемақы төлеумен шектеуге болмайды. Оның ауқымы әлдеқайда кең. Тұрақты жұмыс орны, лайықты еңбекақы, сапалы медициналық қызмет, қолжетімді білім мен жайлы өмір сүру ортасы – әділетті қоғамның негізгі көрсеткіштері. Сондықтан, әлеуметтік саясаттың түпкі мақсаты азаматтардың мемлекет көмегіне тәуелділігін арттыру емес, олардың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау болуға тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, Жолдаудағы нақты бастамалардың әлеуметтік маңызы зор. Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл шешім іске асқан жағдайда 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етпек. Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өсіру көзделіп отыр. Мұндай шаралар еңбек адамының әлеуметтік қорғалуын күшейтумен қатар, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Әлеуметтік әділеттіліктің өңірлік деңгейде жүзеге асуы да ерекше маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды Қарағанды облысының мысалынан көруге болады. Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, биылғы тоғыз айда облыс экономикасы 2,9 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға өскен. Машина жасау саласындағы өсім 26,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштердің әлеуметтік маңызы өндіріс көлемінің артуымен ғана шектелмейді. Өнеркәсіптің дамуы жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың табысын арттыруға және өңірдің әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз қалайды.
Облыстың 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне жалпы құны 7 триллион теңге болатын 186 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл – өңір тұрғындарының еңбекпен қамтылуына мүмкіндік беретін маңызды бастама. Дегенмен, инвестицияның әлеуметтік тиімділігі құрылған жұмыс орындарының санымен ғана емес, еңбекақы деңгейімен, еңбек қауіпсіздігімен және қызметкерлерге жасалған жағдаймен де бағалануға тиіс.
Қарағанды облысында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Соңғы үш жылда ауылдық елді мекендерге арналған 92 денсаулық сақтау нысаны мен 13 мектеп салынды. Бұл – ауыл тұрғындарының медициналық көмек пен білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған нақты қадам. Өйткені әлеуметтік теңдік ең алдымен адамның қай жерде тұратынына қарамастан, негізгі қызмет түрлеріне бірдей қол жеткізуінен басталады. Ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқарту осы себепті мемлекеттік саясаттың тұрақты басымдығына айналуға тиіс.
Президент Жолдауында ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау, инклюзивті білім беруді дамыту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Бұл міндеттер Қарағанды өңірі үшін де өзекті. Әлеуметтік әділеттілік қоғамдағы барлық азаматтың, соның ішінде қолдауды көбірек қажет ететін жандардың құқықтары мен мүмкіндіктерін тең дәрежеде қамтамасыз етуді талап етеді.
Әрине, экономикалық көрсеткіштердің өсуі барлық әлеуметтік мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Халықтың нақты табысы, тұрғын үйдің қолжетімділігі, медициналық қызмет сапасы, инфляция мен күнделікті шығындар әлі де тұрақты назарды қажет етеді. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін бағалауда қарапайым азаматтың өміріндегі өзгерістер басты өлшем болуы керек.
Әлеуметтік әділеттілік – бір күнде орнайтын немесе жалғыз шешіммен қамтамасыз етілетін құндылық емес. Ол жүйелі саясатты, жауапты басқаруды және қоғам алдындағы міндеттемелердің нақты орындалуын талап етеді. Президент Жолдауында белгіленген басымдықтардың Қарағанды облысында нәтижелі жүзеге асуы да осы ұстанымға байланысты. Өйткені әділетті мемлекеттің басты көрсеткіші – экономикалық өсімнің игілігін халықтың күнделікті өмірінде сезінуі. Ал әлеуметтік саясаттың шынайы нәтижесі есептегі сандардан емес, азаматтардың әл-ауқатынан көрінеді.
Салтанат ІЛИЯШ
Ortalyq.kz


