Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТ: жаңа заңнан не күтеміз?

Жалғыздың үні шықпайтыны тәрізді, түрлі жағдаймен мемлекеттік органға күнің түсе қалса, істің қалай шешілетіні бір Құдайға ғана аян. Ал, егер іс насырға шауып, сотқа жүгінер болсаңыз, заңды жетік білмегендіктен, білетін адам жалдап, қалтаңыздың қағылғаны өз алдына, түрлі процедуралардан өткенше шашыңыз ағарып, жүйке жүйеңіз сыр беріп, жарты жолға да жетпестен, «желкемнің шұқыры көрсін» деп, тайқып шығатыныңыз кәдік. Әрине, әлеуеті мықты, заңгерлері де мығым мекеме мен қарапайым азаматтың теке-тіресінде кімнің жеңетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ, енді бұл түсінік келмеске кетеді. Биыл 1-шілдеде Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекс күшіне енгеннен кейін жеке адам емес, құзырлы орган өз шындығын өзі дәлелдейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда аталған Жолдауында «…осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет. Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс» деген болатын. Осыған сәйкес, жаңадан құрылған Әкімшілік әділет институты аясында жаңа Кодекс бойынша жұмыс жасайтын 179 судья өзге соттардан бөлек болады. Жалпы, әкімшілік әділет институты Қазақстанның сот саласы үшін жаңалық болғанымен, бұл тәжірибе батыста және посткеңестік елдерде бар әрі табысты қолданылып келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, азаматтарды және бизнесті мемлекеттік құрылымдардың әрекетсіздігі мен құқықтарын асыра пайдаланудан қорғайды.

Жалпы, бұған дейін, мемлекеттік мекемелермен жария даулар қолданыстағы Азаматтық-процесуалдық кодекс аясында шешілген-тін. Оның тәртібі бойынша азамат мемлекеттік органның әрекетіне қатысты талап-арызын бергеннен кейін мекеменің заңға қайшы әрекетін өзі дәлелдеуі керек-тін. Әлбетте, мекеме де қол қусырып қарап отырмайды. Ол да өзін ақтауы үшін дәлел жинап, сотқа ұсынады.

Ал, заң саласындағы білімі таяз қарапайым тұрғын абдырап, қай дәлелдің етегіне жармасарын білмей, сайып келгенде, сот үкімі шыққанда таң-тамаша қалады. Себебі, үкім шығаратын судья да заң бойынша – бейтарап, алдын ала ештеңе айта алмайды. Ресми деректер еліміздегі осындай даулардың 85%-ы мемлекеттік органның пайдасына шешілсе, 15%-ы ғана жеке адамдардың пайдасына шешілгенін көрсетеді. Айырмасы жер мен көктей.

Енді жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін жаңа әкімшілік сотта қаралатын даулар «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» негізінде шешіледі. Яғни, мемлекеттік орган қабылдаған шешімінің заңды екенін, дұрыс шешім қабылдағанын өзі дәлелдейді. Бұған дейін Азаматтық кодекс бойынша талапкер де, жауапкер де тең болса, енді, мемлекеттік орган ғана кінәлі болып, өзінің кінәсіздігін дәлелдейді. Демек, осындай дауларға апармас үшін, құзырлы орган өзіне өтінішпен жүгінген кез келген азаматтың ісін заң аясында оңтайлы шешуге мүдделі.

Ал, судья белсенді жұмыс жасайды. Тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қалмай, өз бастамасымен қосымша тапсырма береді. Бұл тараптар үшін өте тиімді. Процесс қай бағытта, қалай жүріп жатқанын білгендіктен, үкім шыққанда «бұл қалай болды?» деген сұрақ туындамайды.

Ерлан ШЕГЕНОВ, Октябрь ауданының №3 аудандық сотының төрағасы:

– Жаңа Кодекс халықаралық стандарттарға сәйкес әкімшілік әділетті енгізеді. Басты мақсат – азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекітіп, сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілейді.

Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексті қабылдау мемлекеттік орган қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, жариялы-құқықтық дауларды шешудің нақты тәртібін белгілеуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын және сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға оң септігін тигізіеді деп күтілуде. Одан бөлек, ӘРПК-де тараптардың әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығарғанға дейін татуласу мүмкіндігі де қарастырылған.

Кодекс күшіне енген соң «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заң мен «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заң күшін жоғалтады.

21 әкімшілік сотының 17- сі облыс орталықтары мен ірі қалаларда, 4-і Қаскелең, Семей, Жезқазған және Екібастұзда орналасқан. Бұл үшін қосымша штат ашылмайтынын және бюджеттен қосымша шығын да болмайтынын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button