Кешегіміз – кемел, ертеңіміз – еңселі

    Билік пен бұқараның жұмадағы жүздесуі нәтижелі һәм ашық өткендігі туралы газетіміздің өткен санында қысқа хабар арқылы құлағдар еткен болатынбыз. Қайталап еске салғанның айыбы болмас… Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ халық алдындағы есепті кездесуі Кеншілер мәдениет сарайында салтанат құрды. Салтанат құрған – тек қана ресми кездесу емес, халық пен атқарушы билік арасындағы өзара түсіністік пен ымыра.

Айта кетейік, бұл кездесу – өндірісті өлкедегі барлық деңгейдегі әкімдер есебінің түйіні. Бүгінгі күнге дейін аудан, қала, ауыл әкімдерінің бұқара бұйымтайымен санасқан 435 есепті кездесуі еңсеріліп, 45 мыңнан астам тұрғын қамтылған.

Аймақ басшысының қалың бұқара алдындағы бүкпесіз әңгіме өрбіткен жүздесуіне ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР Парламент Сенатының депутаты Сергей ЕРШОВ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Наталья ГОДУНОВА, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық бөлімінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысты.

Залда ине шаншар орын жоқ. Бұл – бұқара мен билік арасындағы тығыз байланыстың және халық белсенділігінің көрінісі.

Сонымен, кенді өлкенің кешегісі сараланып, ертеңгі міндеттері бағамдалған кездесуден не түйдік? Барынша ашық өткен алқалы жиын өткенге деген берік қанағат пен ертеңге деген серпінді сенімнің алаңына айналды. Қысқасы, кешегіміз – кемел, ертеңіміз – еңселі екендігін ұқтық.

Айтпақшы, аймақ басшысының биылғы есепті кездесуінен тұңғыш рет облыс әкімінің ресми сайтында, «Fаcebook» әлеуметтік желісіндегі «Сарыарқа» парақшасы және «Қазақстан-Қарағанды», «Новое телевидение» арналарының онлайн желісі арқылы тікелей көрсетілім жасалды. Сондай-ақ, облыстың барлық өңірлері келелі кездесуге онлайн режимі арқылы қосылды.

Әлқисса…

Мерекелі жылдың

мерейлі межесі

Өткен жыл тәуелсіз Қазақстан үшін мерекелі жыл болғаны баршаға аян. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық, қазыналы Қарағандының 80 жылдық, «Алаш» партиясының Көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойларымен дараланды. Осы бір мерекелі жылда берекелі белестерді бағындырған екенбіз.

Аймақтағы атқару органдарының есепті кезеңдегі барлық жұмысы ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан – 2050» Стратегиясында, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойына 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында және Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында қамтылған міндеттер мен тапсырмаларды орындауға бағытталды, – деп сөз сабақтаған Нұрмұхамбет Қанапияұлы өткен жылдың көшелі көрсеткіштері мен еселі жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз бола тұра, аймақ басшысы жиналған қауымның алтын уақытын құрғақ есеппен зая етпеді. Есебі қысқа әрі жүйелі шықты. Өзінің есепті баяндамасы облыстық газеттерде алдын ала жарияланғанын еске салған облыс әкімі бірден экономиканың жетекші салаларында бағындырған мерейлі межелерге тоқталып, бүгінгі уақыттың денін бұқара бұйымтайына арнайтынын атап өтті. Оның үстіне, атқарушы биліктің атқарған ісі мен қолға алған жобалары – қарапайым халықтың қырағы назарында. Біткен іске төреші – уақыт пен халық. Сондықтан болар, жиынның ресми регламентінде өз баяндамасына аз уақыт қалдырған аймақ башысы:

Сіздермен ашық пікір алмасуға еркіндік берейік. Ашық болыңыздар. «Келісіп пішкен тонның келтесі болмайды», – деп, көпшілікті көлгірсуге емес, кеңесуге шақырды.

Сонымен, мешін жылы бағындырған межеміз қандай болды? Аймақ басшысының есепті баяндамасына шолу жасап, негізгі бағыттары бойынша мазмұндайтын болсақ, өткен жылғы экономикалық өсім көрсеткіші (2015 жылмен салыстырғанда) 1,3 пайызды құраған. Иә, экономиканың барлық саласы бойынша ілкімді ілгерілеу бар. Мәселен, аймақтық жалпы өнім көлемі 3,3 трлн. теңгені еңсеріпті. Бұл – республика бойынша төртінші орын.

Экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, қаржылық салаларында ауқымды жобалар қолға алынып, табысты нәтижелерге қол жеткізілді. Түпкі нәтижеде аймақ тұрғындарының әлеуметтік ахуалы еңселі күйде сақталды. Мұны аймақ бойынша орташа айлық жалақы мөлшерінің 9,4 пайызға өсіп, 123 698 теңгені құрағандығынан көруге болады.

Өнеркәсіп өндірісінің де өресі кеңейген. Нақтылайтын болсақ, 2016 жылы облыстағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,9 трлн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,9 пайызды еңсерді.

Біз өндіріс өнімі көлемін барынша арттыруға қол жеткіздік. Оның ішінде, өндірілген өнім көлемінің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды. Көлемі – 1,5 трлн. теңге, — деген облыс әкімі аймақтағы инвестициялық ахуалдың тұрақтанғанын тілге тиек етті.

Есепті жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі – 315,4 млрд. теңге. Бұл қаржының да төрттен-бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Инвестициялық ахуалды оңтайландыру мақсатындағы игілікті шара көрсеткіші ретінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық жобаларды атауға болады. Аталмыш аймақта қажетті инфрақұрылымдық мүмкіндіктер толық жасақталып, жоба ұсынушыларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақ тиімділіктеріне 10 компания қызығушылық танытса, бүгінгі таңда оның төртеуі нақты жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ, Қарағанды облысы жүйе құрушы кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті құрам көрсеткіші бойынша Қазақстан Республикасында көш бастап келеді. Яғни, 2016 жылдың 9 айында барлық сатып алу көлемінің 72,3 пайызын немесе 353 млрд. теңгені жергілікті құрамның үлесі құрады. Бұл көрсеткіш отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көрсетсе керек.

Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша 2016 жылы жалпы құны 102,9 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, 956 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ауыл шаруашылығы саласында да табысты жыл болды. Облыс аграрлары есепті кезеңде 229,6 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Сала бойынша нақты көлем индексі 108,6 пайызды құрады. Сонымен қатар, облыс диқандары 725,7 мың гектар алқапқа дән сеуіп, 1 млн. 14 мың тонна өнім жинады. Бұл межеге жетуімізге қолайлы ауа райының да ықпалы зор болғанын атап өтті облыс әкімі.

Баға саясатына қатаң бақылау жасаған атқарушы биліктің нәтижелі жұмысын қарапайым халық жақсы сезініп отыр. Қалтаға салмақ салған қымбатшылық байқала қойған жоқ. Мысалы, облыс аумағындағы тұтынушылық баға индексі 102-8,2 пайызды құрап, орташа республикалық деңгейден 0,3 пайызға төмен межені бағындырды. Әлеуметтік маңызы бар азық түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесі – облыс басшылығының қатаң бақылауында. Аталған өнімдердің бағасын ауыздықтауда 33 әлеуметтік павильондағы төмендетілген бағаның ықпалы зор болғандығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, апта сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де баға саясатына барынша ықпал етіп бақты.

Тізе берсек, толайым табыс та, нәтижелі іс те – ауқымды. Әсіресе, құрылыс, көлік, жол инфрақұрылымы, коммуналдық шаруашылық, мәдениет, ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылған жұмыстар Қарағанды облысының республика бойынша даму көрсеткіштерінде көш басынан көрінуіне негіз болып отыр. Аталған салалардың қай-қайсысында да республикалық деңгейде төртінші орыннан төменге сырғып көрмеппіз.

Жолдау жүктеген

жүк – ауыр

Елбасының әр Жолдауында салмақ бар. Қарапайым халық үшін – үміт сәулесі, ал, билік үшін – жауапты міндет.

Әлем елдері дағдарыс салқынын сезініп, экономикалық мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алуда. Ішкі инвестициялық климаттың мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы біз сыртқы экономикалық саясатымызды әлсіретуге жол берген жоқпыз. Мұның өзі облыс басшылығының істі тиімді ұйымдастыруы мен ұтымды басқаруының арқасында мүмкін болған жетістік екенін баршамыз білуге тиіспіз. Мәселен, дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ. Бізде де бюджетті үнемдеу режимі енгізілді. Алайда, соған қарамастан Қарағанды облысында барлық әлеуметтік төлемдер мерзімінде төленіп, халықтың әлеуметтік ахуалына баса назар аударылды.

Аймақ тұрғындары үшін халықтың көз алдында жасалып, жіті назарында болған атқарылған істен гөрі ертеңгі күнгі еңсерілер жоспар маңызды. Осы орайда, мерекелі жылдың берекелі белестерін өзек еткен әкім есебі өткенді саралап қана қойған жоқ. Келер күннің келелі міндеттерін де жіпке тізеді.

Атқарушы биліктің жоспарындағы қайсыбір жоба, қайсыбір бастама болсын, ол өздеріңіздің көкейлеріңізде жүрген толғақты мәселені айналып өтпейді. Сондай-ақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын міндеттерді негізге алып отырмыз, – деген Нұрмұхамбет Қанапияұлы 2017 жылы атқарылар жұмыс жоспарына да шолу жасады.

Саусақ бүгіп, санамалай беріңіз. 2017 жылы Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында 10 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Индустрияландыру картасынан тыс 1,4 млрд. теңге инвестиция үлесімен 10 өндірістік жоба жүзеге асырылады деген жоспар бар. Ауыл шаруашылығы саласында да тың жобалар қолға алынбақ. Мәселен, осы сала өнімдерінің экспорттық үлесін арттыру мақсатында алыс шетелге – Біріккен Араб Әмірліктеріне 10 мың қой экспорттауға келісімшарт жасалған. Өткен жылы Жаңаарқа ауданы, «Жеңіс» асыл тұқымды қой зауыты 3 мың қой экспорттады.

Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында осы жылы облыс бойынша 304 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Әлеуметтік нысандар құрылысы да кенжелемейді. Биылғы жылға жоспарланған құрылыс нысандары бойынша 13 жобалық-сметалық құжат дайындалды. Оның ішінде 4 білім беру және 6 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қамтылған.

Сондай-ақ, 2016 жылы Жезқазған аймағын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді дамыту Жоспары аясында Сәтбаев қаласында бесқабатты 25 үйдің құрылысы басталған. Құрылыс жұмыстары биыл да жалғасады. Ол аз десеңіз, 2017 жылы жалпы ауданы 18,9 мың шаршы метрді құрайтын 107 екіқабатты үйдің құрылысы жүргізіледі.

Қаржы тапшылығына қарамастан, үстіміздегі жылы облыс аумағында 470 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Соның ішінде, 252 шақырым республикалық маңызы бар жолдар, 28 шақырым облыстық маңызы бар жолдар және облыстың қала, аудандарындағы (Абай, Бұқар жырау аудандары, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Саран, Сәтбаев, Қаражал қалалары) жолдар жөнделеді. Кентішілік – 64 шақырым жол, облыс орталығындағы 43 шақырым жол және 3 көпірді жөндеу жалғасады.

Осының барлығы – Жолдау жүктеген міндеттер. Елбасының әр Жолдауындағы маңызды фактор – халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеру. Ендеше, жаңадан ашылған өндіріс нысаны да, жаңадан салынған мектеп пен аурухана да, тіпті, қайта жөнделген қасқа жол да – халық игілігі. Ендеше, ел игілігі жолында осынша қыруар істі жоспарлап, межелеуге жігер танытып отырған атқарушы билікке неге сәттілік тілмесеке?!

Жолдау жүктеген жүк – ауыр. Ал, оны жүзеге асырар жергілікті билік арқалаған жауапкершілік жүгі ше? Осы орайда, біз түсінбей жүрген бір мәселе бар. Бойымыздағы сыншылдық пен міншілдік. Бізге бәрі дайын болуы, барлығы бір сәтте жасалуы керек, оны әкімдік жасауы керек сияқты. Ол мүмкін емес екенін екшей бермейміз кейде.

Ал, биылғы есепті кездесуден түйгеніміз – жұмыста жүйе бар екен. Жүйе бар жерде нәтиже міндетті түрде болады. Тек уақыт керек.

Өткір сауалға –

өтімді жауап

Осынша мәліметті қамтығанына қарамастан, облыс әкімінің баяндамасы залдағы қауымды еш жалықтырмады. Өйткені, есеп пен жоспардың астарында үміт пен сенім бар еді. Кешегіміз кемел екен, ертеңіміз еңселі болмақ. Қарапайым халық үшін үйдей үмітін оятып, сеніміне серпін болар бұдан артық не бар?

Баяндамадан кейін Нұрмұхамбет Қанапияұлы жиналғандарды ашық пікір алаңына шақырды. Көкейдегіні бүкпесіз жеткізу – бұқара серті. Ал, жалтармасыз жауап – биліктің еншісінде. Сұрақ залдан да, онлайн желісінен де қарша борады. Қалтарыс іздеп, қарекет қылған билік жоқ. Қаймананың қай сұрағы да жауапсыз қалмады.

Сіздердің әр сауалдарыңыз бен ұсыныстарыңыздың астарында атқарушы билік қызметіне бағдар болып, ой салар салмақ бар. Сондықтан, сұрақтарыңызды бүкпесіз, ашық жолдаңыздар, – деген аймақ басшысы барша халықты белсенділікке шақырды.

Жеке басының қамын күйттеген сұрақтар болмады десе де болады. Осы қуантты бізді. Жылдағыдай бұра тартып, бұға тыңдап отыратындар да болған жоқ. Микрофонға жақындағандардың әрқайсысы елдік мұратты көздейтін ортақ мәселенің төңірегінде ой қозғады.

Бірінші болып дат айтқан іргедегі Ақтас кентінің тұрғыны Қайыржан Рахымбеков кенттегі жылу беру қазандықтарының ескі екендігіне алаңдаушылық білдірді. «Шахан кентіндегі қайғылы жағдай Ақтаста да қайталанбай ма?» деген мазмұндағы сауалына салмақты жауап алды. Аймақ басшысы Ақтас кентінде орталықтандырылған жылу жүйесінің құрылысы 2016 жылы басталғандығын, қаржыландыру жүргізілгендігін жеткізді. Мердігер компания құрылыс жүргізу кестесін бұзбаса, жыл соңына дейін елді мекен орталық жылу жүйесіне қосылады.

Ал, жас ана Мәдина Тұрсынбекова облыс орталығындағы №2 емханада бала дәрігерінің жоқтығына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, бұл емханада ересектерді де, балаларды да бір дәрігер қарайды. Облыс әкімі бұл жағдай жалғыз №2 емханада ғана емес, тұтас денсаулық сақтау саласында орын алып отырғандығын тілге тиек етіп, бірыңғай отбасылық дәрігер жүйесіне Парламент депутаттары қарсылық білдіріп отырғандығын жеткізді. «Егер, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар дәрігері функциясын жүйеге қайта енгізетін болса, біз де жергілікті деңгейде бұл мәселені оң шешуге ықтиярмыз», – деді Нұрмұхамбет Қанапияұлы.

Абай ауданы, Сарепті ауылының тұрғыны Ағымбай Ақшоқан отбасылық бордақылау алаңын ашсам деген ойымен бөлісіп, жеңілдетілген несие алу мүмкіндігін сұрады. Ниеті дұрыс, сұрағы орынды екенін айтқан облыс әкімі құжаттары дайын болған жағдайда жеңілдетілген несиеге қол жеткізу мүмкіндігі бар екендігіне сендірді. Тек қана, барлығы қолданыстағы заң шеңберінде.

13 жылдан бері баспана кезегінде тұрған І-ші топтағы мүгедек Ержан Ғалымжановтың жанайқайы да жауапсыз қалған жоқ. Әкім Е.Ғалымжановтың мәселесіне қатысты тапсырма берілетіндігін, тікелей өзі бақылауға алатындығын айтты.

Ашық диалог осылайша белсенді өрбіген. Аймақтар өздерінің ортақ проблемаларын көлденең тартып, лайықты жауаптарын алып жатты.

Шет ауданы, Ақжал кентіндегі апатты 5-ші үй тұрғындары атынан сөз алған ақ жаулықты ана аймақ басшысына кент тұрғындарының алғысын жеткізді. Естеріңізде болса, өткен жылы күз айында Ақжал кентіндегі көпқабатты үйдің бірінен жік шығып, тұрғын үй апатты деп танылған еді. Сол кезде аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің тікелей араласуымен бұл мәселе оң шешілген. Басшының қайраткерлігіне алған жауабы – ақжарма көңілдің шексіз алғысы.

Айтқандай-ақ, бұрынғы «Бесоба», бүгінгі «Шапағат» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да кешен құрылысына қатысты түйткілді мәселенің түйіні тарқайтын күн жақын екенін естіп, қуанып тарқасты.

Жасыратыны жоқ, өткір сауал емес, алғыс-тілек айта келгендерге ризашылық білдірген әкім:

Сұрақтарыңыз болса, кеңірек түсіндіріп айтуларыңызға болады. Ал, тілектеріңізді қысқа қайырыңыздар. Мына халықтың уақытын алмайық. Қандай да бір шапағатты іс тындырсақ, ол – біздің лауазымдық міндетіміз, – деді.

…Кездесу үш сағаттың мұғдарында түйінделді. Билік үш сағат бойы екі аяғынан тік тұрып, бұқара бұйымтайын тыңдады. Барлық өтініш-тілек есепке алынып, бақылауға қойылды. Құрғақ уәде емес екендігін іс тетігі мен жаңдайдың мән-жайын жете біліп, шешу жолдарын нақты меңзеп тұрған облыс әкімінің іскерлік келбетіне деген ел сенімінен аңғардық.

Ерсін МҰСАБЕК

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.