«Кеселдің жолын кеседі»

Елде вакциналау басталғалы екі аптаға жуықтаса да, COVID-19-ға қарсы екпеге қатысты түрлі пікір бар. Оның дені вакцинаның құрамы мен қауіпсіздігіне саяды. Осы мәселеге қатысты сұрақтарымызға Қарағанды медицина университетінің қоғамдық денсаулық және биомедицина мектебі деканының орынбасары, эпидемиолог-дәрігер Айсұлу КАМАРОВА жауап берді.

– Вакцинадан кейін адам ауырып қалуы мүмкін бе?

– Иә, ол мүмкін. Вакцина салғаннан кейін «енді сіз ешқашан ауырмайсыз» деп айта алмаймыз. Ағза жұмыс істеп, вакцина вирусқа қарсы әрекет туғызады. Не десек те, кеселдің жолын кесер жалғыз амал – осы. Сол арқылы ол аурудың асқынған түрлерінен қорғайды. Оны алған адам аурудың жеңіл түрімен ауыруы мүмкін. Егер вакцина салынғаннан кейін 2-3 күн ішінде ауырып қалған болса, бұл жағдайдың вакцинаға қатысы жоқ. Себебі, ол оны алдында жұқтырып, инкубациялық кезеңде болған деген сөз. Тіпті, жұқтырғанын өзі де білмеуі мүмкін. Мұндай жағдай орын алмас үшін дәрігерге екпе салардан бұрын өз денсаулығы, ауырған адаммен болған қарым-қатынасы жайлы жасырмай айтуы керек.

– Қазір әлемнің бірқатар елдері вакцина шығарып жатыр. Олардың бірбірінен айырмашылықтары бар ма?

– Қазір ресейлік «Спутник V»-дан басқа, АҚШ-тың германдық BioNTech компаниясымен бірлесіп шығарған Pfizer вакцинасы, АҚШ-тың Moderna вакцинасы, британдық-шведтік Astra/Zeneca вакцинасы белгілі. Олар Еуропа елдерінде қолданылып жатыр. Вакцина тірі, инактивтендірілген, рекомбинантты, химиялық вакциналар болады. Бұл оны әзірлеу әдісіне байланысты. Егер тірі вакцина туралы айтатын болсақ, ол – әлсіздендірілген тірі ағзалар. Адам ағзасына енгізіліп, иммунитет қалыптастырады. Инактивтендірілген вакцина, яғни, «өлі» микроағзалар негізінде жасалады. Химиялық вакцина химиялық әдіспен микроағзалардың белгілі бір элементінен әзірленеді. Рекомбинантты түрі генді инженерияның нәтижесінде РНК, ДНҚ, векторлық вакциналар болуы мүмкін. Оның барлығы ауруды емдеу үшін емес, алдын алуға бағытталған. Дайындалу әдісі бұрыннан белгілі басқа да вакциналарды жасауда қолданылады, яғни, жаңадан ойлап шығарылған емес.

– Сонда қарапайым адам вакцинаны қалай таңдауы керек?

– Адамдар өздері алатын вакцина туралы білуі керек. Ол үшін осы саладағы білікті мамандардың пікірі қажет. Осы мақсатта дәрігерлер вакцинаның қауіпсіз екендігін, ауруға қарсы иммунитет үшін салынатынын және ол өздігінен ауру туғызбайтынын түсіндіруі керек. Бізде қолданылып жатқан «Спутник-V» – векторлық вакцина. Оның құрамында өзінің таралу генінен айырылған вирус бар. Вектор коронавирустың S-ақуызын тасымалдаушы ретінде қолданылады. Адам ағзасына енген антиденелер онда иммунитеттің қалыптасуына әсер етеді. Вакцина өздігінен ауру туғыза алмайды. Бастысы осыны түсіну керек.

– Вакцинаны екі рет салу қажеттілігі неде?

– Иммунитеттің толық қалыптасуы үшін қажет. Бірінші екпеде антиденелер арқылы иммунитет қалыптасады, дегенмен бізге қажетті көлемі болмайды. Екінші рет жасату арқылы иммунитет бекітіледі.

– Вакцинаны тасымалдау шарттарына қойылатын талаптар қандай? Оны сақтау үшін не істеу керек?

– Вакциналар белгілі бір жағдайларда сақталуы тиіс. Егер біз әдеттегі екпелерді + 2, +8 жағдайында сақтайтын болсақ, коронавирусқа қарсы вакциналарға -18 бен -25 аралығындағы температуралық режим қажет. Суық тізбек бұзылмауы керек. Бұл біздің медициналық мекемелер үшін таңсық емес. Тасымалдайтын арнайы рефрижераторлар мен термоконтейнерлер, сақтау үшін тоңазытқыштар бар. Басында вакцина бір флаконда 0,5 мл болған. Қазір өндірушілер қуатын арттырды. Бір флаконда 3 мл болады. Ол бес адамға жетеді. Пайдаланылмаған вакцина сақтауға, мұздатуға жатпайды.

– Қазір қолданыстағы вакциналар коронавирустың жаңа түрлеріне қарсы тиімді ме?

– Коронавирус инфекциялық ауру болғандықтан, ол өзгеріске ұшырайды. Дегенмен, менің ойымша қазіргі вакциналар бұл штамдарға қарсы тиімді. Себебі, вакцина жасалғанда коронавирустың генетикалық S-ақуызы алынады, яғни, вирустың бір бөлігі немесе сыртқы қабығы емес, гені пайдаланылады. Ал, вирус генінің толығымен өзгеруіне көп уақыт қажет. Сол себепті де қазіргі вакциналар тиімді саналады.

– Пікіріңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.