Мәселе

Кертілмеген салымға сыйақы бар

2022 жылғы ақпанда Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасының Үкіметі қазақстандықтардың банктік салымдарына теңгемен 10% көлемінде сыйақы төленетінін хабарлады. Ол үшін депозиттердегі жинақтарды бір жыл бойы ұстап тұру қажет болды. Наурыз айында банк салымшылары мемлекет уәде еткен сыйақыны күткен еді. Уәделі сәті келіп, депозит иелері есепшотына небәрі 100 теңге түскенін көргенде не дерін білмей абдырап та қалған. «Байыдық деген осы екен ғой» десті олар таңданысын жасырмай. Салымшылар аузының салымы неге жоқ? Әлде банк біткен уәде еткен мемлекет сыйақысы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті ме екен?..

Коллажды жасаған А.РАХЫМЖАН

Алина Хасанова – банкте депозиті бар салымшы.

– Елден қалмай қор жинап тірлік еткен жанмын. Әйтеуір, осынша пайызбен мемлекеттік сыйақы беріледі деген уәдеге малданып мерзімін күттік. Нәтижесінде менің депозитіме 108 теңге 33 тиын қосылды. Бұл таңғы уақыт еді. Көптеген таныстарым күндіз, не кешкісін алыпты. Барлығынан сұрап шыққанында «100 теңгең құтты болсын!» десіп жатты әзіл-шыны аралас. Күлесің бе, жылайсың ба?! – дейді салымшы.

Қазақстандық депозиттерге Кепілдік беру қоры банктерге ақшаны 16 наурызда аударған еді. Кейбір банктер сол күні-ақ салымшылардың депозиттеріне 10 пайыз үстемақы қосқан. Өзгесі мерзімін сағызша созып келген көрінеді. Егер 2022 жылғы 22 ақпаннан бастап салымшы өз депозитінен кемінде бір рет болсын, ақша алған болып шықса, онда сыйақы бүкіл жылдағы ең төменгі қалдыққа есептелді деп түсіндіреді Ұлттық банк өкілдері. Мәселен, депозитіңізде 1000 теңге болған болса, демек өтемақыңыз да 100 теңге болмақ.

Ресми деректерге жүгінсек, банк сыйақысын 5 млн. қазақстандық күткен. Нәтижесінде олардың басым бөлігі депозиттеріндегі қаражатты бар қалпында сақтай алмай қалған. Қорытындысында өтемақы алған адамдар саны 2 615 772 адамды құрады. Оларға 306, 6 млрд. теңге жұмсалған. 1 348 169 адам депозиттерінде 100 000 жетер-жетпес қаражат болғандықтан сыйақысы да 10 000 теңгені мөлшерлеген. Тек ауқатты деген 64 400 жанның салымы 10 млн-нан 20 млн-ға дейінгі соманы құраған.

Кейбір экономистер сыйақыны қазақстандықтар үшін игі бастама әрі жағымды бонус деп санайды. Ал, кейбіреулері мемлекеттік ынталандыру іс жүзінде банктерді құтқару амалдарының бір парасы ғана деп топшылауда.

– Бұл шаралар легі мемлекет халықтың мүддесін қорғап отыр деген халықтың сенімін арттырады. Жаһандағы жаппай белгісіздік жағдайында, инфляцияның күрт шарықтауы тұсында, әрине бұл үрдіс оң фактор деуге негіз бар. Әлбетте, пайыздық мөлшері жоғары депозиттері бар тұлғалар үшін сыйақы кәдімгідей сезіледі, – деп мәлімдеді Экономикалық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Сара Алпысбаева журналист қоңырауына.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында ілкімді шаралар қолға алынып жатқанын мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта Қазақстанның қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Шоғырландырылған негізде екінші деңгейлі банктердің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету және банктік қызметтердің толық тізбесін көрсету үшін меншікті капиталы мен өтімділігінің едәуір қоры бар. Банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Активтер сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша реттеушілік минимумға қатысты капиталының жеткіліктілігінің асып кетуі түзетулерді ескергенде 70 пайызды құрайды, – деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, агенттік банктердің тауар және қаржы нарықтарында әлеуметтік күйзелістерге орнықтылығын анықтау үшін жүйелі деңгейде жұмыс жүргізуде.

Осы жылдың 30 наурызына дейін активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша банктерді түзету іс-қимыл жоспарлары қабылданады. Бұл ретте өзгерген экономикалық жағдайларды ескере отырып, 2020 жылдың 1 қазанына дейін провизияларды есептеу тәсілдерін күшейтетін бірқатар реттеу шарасын енгізу кейінге қалдырылады.

Ал, тәуелсіз сарапшы Арман Бейсембаев 2022 жылғы ақшаның құнсыздану үдерісін банктер сүйіншілеген өтемақы іс жүзінде өтемеді деп қынжылыс білдіреді. Бұл тек халықтың қаржылық операторлардан біржола көңілі қалмас үшін жасалып жатқан «жұбату» амалы деп тәпсірлейді қаржы сарапшысы. Айналып келгенде, бұл ұлттық валютаның құлдырауынан да «ілдебайла» қарсы әрекет. Бұндай амалға жүгінген Қазақстан әлемде жалғыз мемлекет емес. Уағында экономикалық ахуалын жақсартуға тырысқан барша мемлекет атаулы осы сынды экономикалық науқандарды іске асырған дейді білетіндер.

Сөз соңында қымбатты салымшылар назарына сарапшылар ұсынған бірнеше кеңес келтіреміз:

Жинақтарыңызды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатын банктерге ғана сеніңіз. Егер банктің күрделі проблемалары болса, ол салымшыға ақшаны қайтаруға кепілдік береді.

Сіз қатарынан екі депозит аша аласыз: бірі – ұзақ мерзімді үлкен кірістілік үшін, ал екіншісі – қысылтаяң шақта ақшаны мерзімінен бұрын алу үшін.

Нарықтағы орташа бағамнан жоғары сыйақы ұсынатын банктерге бірден сеніп қажеті жоқ. Ондай ұсыныстардан абай болыңыз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button