Жастар әскери өмірмен танысты
Спасск оқу-жаттығу полигонында өткен бір күндік әскери жиын жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға және олардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталды. Іс-шара Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімдігі аппаратының қолдауымен Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен білім бөлімінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.

Әскери жиынға ауданның білім беру ұйымдарынан 350 оқушы мен 50 педагог қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар оқу-тәжірибелік сабақтарға қатысып, әскери дайындық элементтерімен танысты. Сонымен қатар әскери қару-жарақ түрлері көрсетіліп, олардың қолданылу ерекшеліктері түсіндірілді. Жасөспірімдер сарбаздардың күнделікті өмірімен танысып, тәртіп пен ұйымшылдықтың маңызын сезінді. Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұловтың айтуынша, мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық рухты қалыптастыруда ерекше маңызға ие.

– Бүгінгі әскери жиынның басты мақсаты – жастарға әскери қызметтің маңызын түсіндіру, оларды Отанды құрметтеуге және ел қауіпсіздігіне бейжай қарамауға тәрбиелеу. Әрбір азамат туған жерінің тыныштығы мен елдің болашағына жауапты екенін сезінуі керек. Осындай кездесулер арқылы оқушылар әскери саланың қыр-сырын танып қана қоймай, тәртіпке, төзімділікке және командалық бірлікке үйренеді. Жастардың бойында патриоттық сана қалыптастыру – ортақ міндетіміз, – деді подполковник Еркебұлан Мұстағұлов.
Іс-шара барысында қатысушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, барлық қауіпсіздік талаптары сақталды. Ұйымдастырушылар мұндай әскери-патриоттық шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ




