АймақШет

Кент келешегі кемел істермен келісті

Қазақстан тарихында алғаш рет өткен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының басты бастамасы болды. Жалпы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау – біздің саяси жүйеміздің кемелденуінің белгісі ғана емес, сонымен бірге қоғамымыздың демократиялық дамуындағы елеулі қадам екенін атап өткен еді. Ауыл әкімін халықтың өзі таңдауы тұрғындарға қажетті өмірлік маңызы бар мәселелерді шешу тиімділігін арттырып отыр. Бүгінде Шет ауданының С.Сейфуллин кентінде халықтың өз қалауымен сайланған әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі артып, олардың қызметінің тиімділігі де нығая түскен. Кент әкімі Абылай Балғабек сайлау қорытындысында жергілікті халықтан 1102 дауыс жинап сайланған.

Бұл ауыл тұрғындарының айтуынша, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызының атындағы ауыл деген атаққа қай жағынан алса да лайықты болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап, тырысып бағуда. Бұл іске бас болып отырған Абылай Балғабектің қолынан келеді деген сенім зор екенін айтады ауыл тұрғындары.

– Жергілікті және өзін-өзі басқаруды реформалау бірқатар стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған шаралар халықпен тығыз жұмыс жасауға жол ашып отыр. Сайлау алдындағы науқанның алғашқы сатыларының қорытындысына тоқталар болсақ, Абылай Балғабекпен бірге үміткер болып Гүлжанар Қошанова мен Бейбіт Тыныбаев түсті. Сайлау барысында үміткерлердің талаптарға сәйкестігін тексеру рәсімі өтті. Оның қарсыластарының осалы жоқ. Өз ісінің мамандары ретінде халық бағалайды. Шет ауданының С.Сейфуллин кентінде орналасқан №753 сайлау учаскесіне келіп дауыс бергендер өте көп болды. Білесіздер, бірнеше әкімдікке үміткер сайлау аламанынан шығып қалды. Осы орайда тұрғындардың Абылай Балғабекке деген сенімі ерекше болды. Бұл аймақта халық – еңбекқор. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, не бау-бақша баптап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Осынау шаруашылықтың өрлеуіне, халықтың жағдайын жақсартуға Абылай күш салатындығына кәміл сенеміз, – дейді С.Сейфуллин кентінің тұрғыны, 75 жастағы ақсақал Балтабай Аққошқаров.

Әкімге дауыс беріп қолдау танытқан кент тұрғыны, ақсақалдар алқасының төрағасы Тілектес Үмбетов сайлау кезінде ауылдың көркеюі мен дамуы үшін таңдау жасалғандығын айтады.

– Қазіргі таңда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тың бастамаларының арқасында ауыл әкімдері жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелері бойынша басқару ғана емес, қаржылық дербес­тікке де ие болады деп ойлаймын. Олар ауылды дамытуға күш салады. Мен Абылай Күнжолұлын осы ауылдың тумасы ретінде жақсы танимын. Оған халықтың 80%-дан астамы дауыс беріп, қолдап отыр. Бұдан бұрын аудан әкімінің ұсынысымен аудандық мәслихат депутаттары бір ауыздан қолдап, кент әкімі болып сайланған болатын. Екінші мәрте 5-ші және 6-шы шақырылымдарда аудандық мәслихат депутаты болып халыққа қызмет атқарған. Халықтың өзіне білдірген сенімін ақтап, кентіміздің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек ететініне сенімдіміз, – дейді Тілектес Үмбетов.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button