Бас тақырып

Кеншілерді баспанамен қамтуға 1,5 млрд теңге бөледі

Қарағанды облысында екі жыл қатарынан облыстық әкімдік пен «Отбасы банктің» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасы аясында кеншілер мен металлургтерге арналған тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама өңір жұмысшыларына тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.

Биылғы жылы кеншілер мен металургтерді колдау мақсатында екінші транш аясында Қарағанды облысының бюджетінен 1 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ «Отбасы банк» те бұл қаражатқа қосымша 500 млн теңге бөліп отыр. Бұл сома пәтер алуды жоспарлап жүрген 75-тен астам кеншілер мен металлургтердің отбасыларына қолжетімді шарттармен қарыз беруге мүмкіндік береді.

Олар үшін несиелер жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 20 млн теңге. Несиенің төлем мерзімі – 15 жылға дейін. Баспананы Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск және Теміртау қалаларынан алғашқы және екінші нарықтан сатып алуға болады.

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен «Отбасы банк» Басқармасының Төрайымы Ляззат Ибрагимова бағдарламаға қатысушыларына несиелерді рәсімдеуге арналған сертификаттарды табыс етті.

–  Облыста екінші жыл қатарынан кеншілер мен металлургтерге арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Өткен жылы 134 отбасы баспанаға қол жеткізді. Биылғы жылы кемі 75 отбасыға көмек көрсету жоспарлануда. Бұл – жай ғана материалдық көмек емес, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға деген қамқорлық, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

–  Қарағанды облысы туралы сөз қозғағанда көз алдымызға қажырлы кеншілер мен металлургтердің бейнетті еңбегі елестейді. Бұл нағыз еңбек адамдары. Біз үшін олардың әлеуметтік тұрақтылыққа, ертеңгі күнге деген нық сенімдері аса маңызды. Біз бұл маңызды жобаны екінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеміз және оның көмегімен бүгінде 100-ден астам жұмысшы қоныс той жасап үлгерді, – деді «Отбасы банк» АҚ Басқармасының төрайымы Ляззат Ибрагимова.

Тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар тізімін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір және металлургия департаменттерінің кәсіподақ комитеттері анықтайды.

Аталмыш бағдарламаға сұраныстың жоғары болуы облыс әкімдігі пен «Отбасы банк» тарапынан оны 2023 жылы да жалғастыруға түрткі болды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button