Бас тақырып

Кеншілер мен металлургтер баспаналы болады

Аймақтың экономикалық өрлеуіне елеулі үлес қосып отырған кеншілер мен металлургтер баспаналы болады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрыш құйып, болат балқытқан еңбеккерлерге төмен пайызбен ипотекалық негіздегі тұрғын үй сертификатын табыстады

Облыс әкімдігі мен «Отбасы банкі» АҚ бірлескен бұл жобаның мүмкіндігі мол. Биыл да бірқатар кенші және металлург отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

– Облыста екінші жыл қатарынан кеншілер мен металлургтерге арналған, шарттары жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Өткен жылы 1,7 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бөлініп, 134 отбасы қолжетімді баспананың иесі атанды.

Оның 70-і кеншілер, 64-і металлургтер отбасы. Биылғы жылы кемі 75 отбасына баспана алуға көмек көрсету жоспарда тұр. Бұл – жай ғана материалдық көмек емес, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға деген қамқорлық, – деді облыс әкімі.

Бағдарлама арқылы өңір жұмысшылары тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген пайызбен несие ала алады. Биыл облыс бюджетінен 1 млрд. теңге қарастырылса, «Отбасы банкі» қосымша 500 млн. теңге бөлді. Несиелендірудің жоғары сомасы 20 млн, жылдық мөлшерлеме 5%. Мерзімі – 15 жыл. Баспананы Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск, және Теміртау қалаларынан сатып алуға болады.

Еңбек адамдарының қуанышын еселеуде үлес қосып отырған «Отбасы банк» басқармасының төрағасы Ляззат Ибрагимова да:

– Қарағанды облысы туралы сөз қозғағанда көз алдымызға қажырлы кеншілер мен металлургтер елестейді. Бұлар – нағыз еңбек адамдары. Біз үшін олардың әлеуметтік тұрақтылыққа, ертеңгі күнге деген нық сенімі аса маңызды. Өз үйің, отбасыңның ошақ қасы болған кезде болашаққа мақсат құру да жеңілірек болады. Бұл маңызды жобаны екінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеміз,– деп ізгі тілегін жеткізді.

Аталмыш бағдарламаға қатысушылар тізімін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір және металлургия департаменттерінің кәсіподақ комитеттері анықтайды.

– Осы бағдарлама арқылы екі бөлмелі пәтер алу мүмкіндігіне ие болдым. Алатын пәтер құны – 20 млн. Былтыр өткен бағдарламаға үлгермедім. Биыл сәті түсті. Қуаныштымын, – дейді баспаналы болған Диана Жеңісова.

Баспана мәселесі өзекті болғандықтан, бағдарламаға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Әрі биыл да жалғасуға түрткі болды. 

Сағыныш ӘБІЛ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button