Тарих

Кемеңгер

Фарабидің толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Ол түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққан. Әбу Насыр әл-Фараби, яғни, Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.

Оңтүстік Қазақстан өңірі көне замандардан-ақ егіншілік пен қалалық мәдениеттің ортасы болды. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы арқылы керуендер Сығанақ, Сайран, Тараз, Яссы, Баласағұн, Отырар қалаларының гүлденуіне үлес қосты. Бұл қалалар осы өңірлерден шыққан әл-Фараби, Дулати, Қожа Ахмет Яссауи сияқты ғұламалары арқылы жұртқа танымал болды. VIII ғасырда Араб халифатының құрамына енгеннен кейін, бұл аймақта ислам діні кең тарала бастайды. Әл-Фараби жастайынан түркі мәдениетінің құндылықтарын бойына сіңірді. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң, ол өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал, оның айналысқан ғылыми салалары – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия.

Оның Бағдат шаһарына баруының мынадай екі сыры бар. Біріншіден, сол кездегі Бағдат халифатын басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болған. Екіншіден, Бағдат шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша жағдай жасаған. Бағдатта «Баит әл-Хакма» атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған. Алғашқы кезде Әбу Наср әл-Фараби өзін ақын, әнші, күйші ретінде танытып, одан соң, ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларын оқу арқылы күрделі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға кіріскен. Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан осы жайттар еді. Әл-Фараби дүниетанымы – екі әлемнің: көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі.

Әл-Фараби философияны баяндаудың өз нұсқасын ұсынады. Философияны – білімдердің ең ұлысы санап, оны адам санасының жоғары көрінісі деп есептеді. Оның философиялық көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілік екендігін мойындады, танымның болмысқа тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, ғарыш әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл-парасаттан, адамның жан-дүниесінен, түр мен материя ара қатынасынан іздеді. Мұны ортағасырларда «әлемдік ғылыми жаңалық» деп атауға болар еді.

Ұлы ойшылдың «Аспан астындағы дүние» ілімінен неғұрлым айқын көрінеді. Осы дүниенің заңдылығы – жер бетіндегі дүниеге іштей тән ақыл. Жеке адамның ақылы әлемдік санамен ұштасса ғана дамиды. Соңғысы, яғни, әлемдік сана – мәңгі. Ал, адам дүние салады, өткінші. Осыдан барып жанның мәңгі екенін және басқа жаққа ұшып кетуін бекерге шығару туады. Мұның өзі діни қағидалар мен философияның арасындағы күреске тиек болған тезис еді. Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Осы ойларын «Ғылымдарды жүктеу», «Ізгілік қаласының тұрғындары», «Бақытқа барар жолды көрсету», «Азаматтық саясат», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Музыка туралы үлкен кітап» тағы басқа еңбектерінде ашып айтқан. Ол сол кезеңде философтар мен қарапайым халық арасындағы айырмашылықты айқындап көрсетті. Адам мен табиғаттың үйлесімдік жарасымдығы жайында ерекше байланысты көрсете де білді. Әбу Насыр философия мен дінін деген өзінің жеке пікірін де білдіреді. Бұл жерде Фараб қаласының мұсылман дінін бейбіт жолмен насихаттағанын атап өткен дұрыс. Себебі, VІІІ ғасырда Оңтүстік өңірде атап айтсақ, Құмкент, Саудакент, Қызылкөл сияқты елді мекендерде арабтарға біршама қарсылық көрсетілген болатын. Бұл ислам дінінің сол кезеңде кең аумаққа тарала бастаған кезеңі. Сондықтан, бұл ілім жайлы ғұлама ғалымның өзіндік қалыптасқан пікірі болды. Әбу Насыр өзінің «Философияның дінге қатынасы» шығармасын «Қайырымды, рақымшыл Алланың» атынан бастауы да осы көзқарасты толықтыра түседі. Оның Құран мәтіндеріне көңіл аударуы жеке сөздеріне ой логикалық трактат арнауы ғалымның дінге ерекше көңіл бөлгенін аңғартады.

Ұлы ойшылдың дінге қатынасы туралы мәселесін талқылау кезінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылысының шынайы жағдайын негізге алады. Қазіргі кезеңде бұл көзқарасты өте өзекті деп санаймыз. Діннің қоғамдағы орны, халықтың дінге деген көзқарасы қандай болмақ? Міне, осы тұрғыдан алғанда да, осыдан мың жыл бұрын айтылған ойшыл қағидасының орны ерекше.

Ұлы ойшылдың тек қана қоғам мен сана тұрғысы ғана емес, тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасы дін, табиғат, таным сияқты түсініктерін қазіргі кезеңдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде қарастыра білсек орынды болар еді.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

Қарағанды облыстық ғылыми-құжаттама жөніндегі мемлекетік архив басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button