АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда ардагерлерге құрмет көрсетілді

Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев соғыс ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен және Ленинград блокадасының куәгерлерімен кездесті. Құрметке толы жүздесу облыс орталығындағы «Ариста» салтанат сарайының Ағылшын залында өтті. Алқалы жиынға облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов, зиялы қауым өкілдері, әскери мектеп тәрбиеленушілері мен өнер ұжымдары қатысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мерекелік жиын басталмас бұрын қонақтар үшін фойеде әскери тақырыптағы музей экспонаттары мен әскери жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды. Ал, ардагерлерді кіреберісте әскери үрмелі оркестр қарсы алды. Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледж студенттері ардагерлерге құрмет көрсетіп, қонақтардың кеудесіне Жеңістің естелік ленталарын тақты.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, олардың ерлігі бүгінгі бейбіт өмірдің негізі екенін атап өтті.

– Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері, Ленинград блокадасының қатысушылары, баршаңызды Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің сол кезде жасаған еңбектеріңіз өлшеусіз, ерліктеріңіз – бүгінгі біздің бейбіт өміріміз. Осындай бейбіт өмір сыйлағандарыңыз үшін көп рақмет айтамыз. Мемлекетіміз аман болсын, елімізде әрқашан тыныштық болсын. Мереке құтты болсын, – деді облыс әкімі.

Соғыс жылдары Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанса, Қарағандыдан 60 мыңнан астам азамат шақырылған. Олардың 25 мыңы туған жеріне оралмады. Қарағандыда жасақталған 77-артиллериялық полк Сталинградтан Братиславаға дейінгі даңқты жолдан өтті. 

Қарағанды облысынан шыққан көптеген жауынгерлер майдан даласында ерен ерлік көрсетті. Өңірден 34 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанса, 13 адам Даңқ орденінің толық кавалері болды. Мыңдаған қарағандылық орден-медальдармен марапатталды. Олардың қатарында Нұркен Әбдіров, Қазыбек Нұржанов, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов сынды ерлер бар. 

Нұркен Кобжанов өз құттықтау сөзінде ардагерлердің өмірлік өнегесіне кеңінен тоқталды.

– Сіздер соғыстан өтіп, қатыгезденбей, адамдық болмыстарыңызды сақтай білдіңіздер. Елді қайта көтердіңіздер, қала салдыңыздар, еңбек еттіңіздер, отбасы құрдыңыздар, ұрпақ тәрбиеледіңіздер. Сіздер бізге өмір сүруді сөзбен емес, өз үлгілеріңізбен үйреттіңіздер, – деді ол.

Салтанатты шарада тыл еңбеккерлерінің де жанқиярлық еңбегі айрықша аталды. Соғыс жылдары Қарағанды облысының көмір өнеркәсібі, кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы майданды қажетті өніммен қамтамасыз етіп, Жеңіске зор үлес қосты. Тылдағы ерен еңбегі үшін 96 адам «Социалистік Еңбек Ері» атанып, мыңдаған азамат «Ұлы Отан соғысындағы еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 

Жиында тыл еңбеккері Раиса Князева сөз сөйлеп, сол жылдардың ауыртпалығын еске алды. Сондай-ақ, Ленинград блокадасын бастан өткерген Вера Волкова да қонақтармен өз естелігімен бөлісті. Ұстаздық еңбекке 42 жылдан астам ғұмырын арнаған Вера Александровна – «Житель блокадного Ленинграда» белгісінің иегері. 

Мерекелік бағдарламада Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік, академиялық музыкалық комедия театрының әртістері, балалар шығармашылық ұжымдары және Қарағанды облысы полиция департаментінің «Сарыарқа» ансамблі өнер көрсетті. «Жас қазақ», «Мәншүк», «Память…», «Идет солдат по городу», «Қазақ вальсы», «Отаным», «Отан қорғаушылар» және «Жеңіс күні» секілді шығармалар орындалып, әр нөмір ардагерлерге деген құрмет пен ұрпақ алғысын жеткізді. 

Жүздесу соңында қатысушылар ардагерлермен бірге естелік суретке түсті.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button