Келіндер бақ сынасқан бәсеке
Бұқар жыраулықтар 22 наурызда Ұлыстың ұлы күнін тойлаумен қатар «Әдепті келін – ауыл көркі» деп аталатын сайыс та өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Ә.Шайкенов бастаған қазылар алқасы төрелік етіп, аудандағы жеті мекемеден қазақтың жеті келіні қатысып, бақ сынады. Олар алты кезеңнен тұратын бұл бәсекеде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлықтады.
Бірінші кезеңде сайыскерлер өздерін таныстырып, екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрге байланысты тапсырмалар мен сұрақтарға жауап берді. Ал, «Ұлы даланың қолөнері» кезеңінде қолөнер бұйымдарының жасалу жолын көрсетті. Келесі өнер сайысында қабілеттерін паш етті. «Сұлулығы жарасқан» сән сынағанда әр қатысушы өзі тіккен киім үлгілерін ұсынып, «Ас – адамның арқауы» кезеңінде өздері әзірлеген тағамдарды көпшілікке таныстырды.
Сайыс қорытындысында, бас жүлде аудандық медицина бірлестігінің намысын қорғаған Жібек Саттароваға бұйырса, I орынды «Руханият» қосымша білім беру орталығынан Айжан Исатаева иеленді. II орынды Индира Кесікбаева («Балдәурен» балабақша ұжымы) мен Айгүл Ерубаева (аудандық орталық үлгілі кітапханасы), III орынды Күншуақ Жарылқап (С.Торайғыров атындағы қазақ тірек мектебінен) пен Сабина Бакирова (Ю.Гагарин атындағы орта мектептен) өзара бөлісті. Ал, аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің намысын қорғаған Ақбота Башироваға ынталандыру сыйлығы берілді.
Үзілісте Қарағанды қаласынан мерекеге келген Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары көрермендерге ән-күйден тарту жасады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы.
Ortalyq.kz