Келелі кеңес, кемел ойлар
Жезқазғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен “Полиэтникалық Қазақстан: Ұлттық бірліктің қалыптасуы жағдайындағы этномәдени генезис” атты республикалық форум өтті.
Этномәдени бірлестіктер, ҚХА құрылым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, жастар қанаттарының мүшелері мен қоғам қайраткерлері қатысқан кездесуге Қарағанды облысының қалалары мен аудандары онлайн режимде қосылды.
Келелі кездесуде қоғамда қазақстандық бірегейлік үлгісі, оның қандай құндылықтарға негізделуі керектігі және қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясат қалай жүзеге асырылып жатқандығы ортаға салынды. Сондай ақ, осы тұрғыда Ассамблея қызметінің табысты болғаны атап өтілді.
– Ұлттың ұясы атанған Ұлытау, Жезқазған өңірінде этносаралық қарым-қатынастар, елдегі ынтымақ пен бірлік, қоғамдық келісім мәселелеріне байланысты келелі кеңеске арнайы ат басын тіреп келіп отырмыз. Сонау, елордамыздан қоғам қайраткерлері, ғалымдары жастармен жүздесуге келді. Қоғамдық келісім мен бірлік, елдің ынтымағы мен ырысы қай заманда да, қай қоғамда да аса маңызды орынға ие болған. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген қазақтың баласымыз. Сондықтан да, қандай қиын кезеңдерде қыстылтаяң шақтардан алып шыққан елдің бірлігі десек, артық айтқанымыз емес. Үш жүздің баласы бас қосып, бәтуалы келісімге келген жер – осы тарихи мекендер, – деді, жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімі аппаратының этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық келісім жөніндегі бас инспекторы Гүлфайруз Рымбекова, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова, Қарағанды медициналық университетінің профессоры, «Қарағанды еврей мәдениеті орталығы» ҚБ төрағасы Вилен Молотов-Лучанский, ҚХА мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рымбала Омарбекова жастарға ел ішіндегі тұрақтылық, ынтымақ, бірлік ұстанымдары және отансүйгіштік, елжандылық қасиеттер төңірегінде баяндадап, ордалы ойларымен бөлісті.
Алты Алаштың баласы бас қосқан тарихи мекенде өтіп жатқан келелі кеңес ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Мұның да өзінің символикалық мәні бар. Өйткені, Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына бөлек отау тіккен шақта күн тәртібінде ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықты сақтау мәселесі қойылған еді. Еліміз бұл тарихи сыннан сүрінбей өтіп, қазақстандықтар ортақ отанның дамуына біркісідей атсалысты. Енді осы бір қалыптасқан әдемі үрдісті әрі қарай жалғастырып, өміршеңдігін арттыра түсудің мәні зор. Аталмыш форумда белсенді жастар сауалдарын қойып, пікірлерін ортаға салды.
Өз тілшімізден.