Форум

Теория мен тәжірибе ұштасуы керек

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде оқу орны мен жұмыс беруші ұйым тығыз байланыста болуы керек. Сонда ғана өндірісті дамыта аламыз. Облыстық білім басқармасы осы мәселені талқылаған «Кадрларды даярлау және жұмысқа орналастыру жүйелерінің өзара әрекеттесуі: тараптар диалогы» атты форум өткізді. Мамандарды даярлайтын колледждер мен жұмыс беруші ірі кәсіпорындар екі жақты келісімге келіп, меморандумға қол қойды.

Аталған форум техникалық және кәсіптік білім беру саласында кадрларды даярлауда өзекті мәселелерді талқылау және шешу үшін бірыңғай диалог алаңын құру, жұмыс берушілермен әлеуметтік серіктестікті дамыту арқылы колледж түлектерін жұмысқа орналастыру және мансаптық өсу, кәсіптік бағдар берудің үздік тәжірибесімен алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шараға облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов және облыстың салалық басқармаларының өкілдері, 150-ден астам бизнес өкілі, колледж басшылары мен педагогтері, жұмыспен қамту орталықтарының және білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Форум жұмысы Қарағанды қаласындағы алты колледждің базасында орналасқан пікірталас алаңдарында проблемалық мәселелерді талқылаудан басталды. Сондай-ақ, форум бағдарламасына біріктірілген тренинг, семинар, шеберлік сабақтары, консультация форматында ата-аналар мен балаларға арналған бірқатар практикалық іс-шаралар өтті.

Форум соңы пленарлық мәжіліспен жалғасын тапты. Мұнда сарапшы-спикерлер әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастықтың прогрессивті нысандарын дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді.

Колледж түлектерін оқыту сапасы және мансаптық өсу жолын өзгерту жөнінде сөз қозғалды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бойынша оқытудың басым бағыттарына тоқталды.

Түлектерді жұмыспен қамту бойынша бірқатар шаралар атқарылуда. 38 колледждің базасында түлектерді алғашқы жұмыс орнымен қамту бойынша жұмысқа орналастыруға ықпал ету қызметтері жұмыс істейді. Жылдың соңына дейін мұндай орталықтарды барлық колледждердің базасында ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.

Заман алға жылжыған сайын жаңа мамандықтарға сұраныс артып, тіпті, кейбіреулері жойылады. Сол себепті, маман даярлауда білім саласына да жаңашылдықтар қажет.

– Қазіргі кезде сарапшылар кейбір мамандықтар өзектілігін жоғалтатынын, олардың орнына жаңа мамандықтар пайда болатынын жиі айтуда. Сондықтан, жаңа мамандықтар атласын әзірлеудің маңызы зор. Алдағы өзгерістерге алдын ала дайын болуымыз қажет, – деді спикер Ербол Әліқұлов.

Осыған орай, «BTS Education» өкілі Олжас Мамырбаев арнайы шақырылып, Қазақстандағы жаңа мамандықтар атласын дайындау барысы туралы әңгімеледі. Айтуынша, елімізге мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс саласы мамандары қажет.

«Жаңа мамандықтар атласы» – Президенттің тапсырмасы аясында дайындалған жоба. Қазіргі таңда 239 жаңа мамандық пайда болып, 95-і трансформацияланған, ал 129 мамандық жойылып барады. Қазақстан бойынша Павлодар облысының жаңа мамандықтар атласы дайындалды. Мұнда еңбек нарығының және жұмыс берушілердің сұранысын ескеретін 40 жаңа кәсіп енді, – дей келе, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа мамандықтарды оқытып, дайындаудың алгоритмдерімен таныстырды.

Сондай-ақ, пленарлық мәжілісте колледждерді халықаралық аккредиттеу мүмкіндіктері туралы айтылды.

Қарағанды облысындағы колледждер мен әлеуметтік серіктестіктер арасында келісім жасалды. Алдағы уақытта 14 колледж облыстағы ірі кәсіпорындармен, зауыттармен, жеке кәсіпкерлермен, мейрамханалармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын болады. Атап айтқанда, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі «220 вольт» электротехникалық орталығымен келісімшартқа қол қойды. Ал, Теміртау жоғары политехникалық колледжі – «QazTehna» автобус зауытымен, Қарағанды техника-құрылыс колледжі – АCPАмен, Қарағанды машина жасау колледжі – «Мейкер» кәсіпорнымен, Қарағанды теміржол колледжі – Қазақстан Темір жолы «Жүк тасымалы» филиалдық желісімен, Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжі – «Vogue» мейрамханасымен, Абай көпсалалы колледжі – «Шығыс» фермерлік шаруашылығымен, Қарағанды технология және сервис колледжі – «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясымен келісім жасап, меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, Жезқазған жоғары политехникалық колледжі – «RespectStroiKZ» компаниясымен, Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі – «Ж.Бекмаева» жеке кәсіпкерлігімен, Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі – «Astana Railway Services», Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжі – «Имсталькон» зауытымен келісімшартқа отырса, Қарағанды агротехникалық колледжі – «Қарағанды автотранссигнал» компаниясымен, Қарағанды көлік-технологиялық колледжі – «Қарағанды центркамаз» компаниясымен меморандумға қол қойды.

Қарағанды технология және сервис колледжімен тығыз байланыс жасайтын «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясы колледж түлектеріне жұмыс ұсынады. Аталған компания жанынан құрылған оқу орталығының директоры Шолпан Әбілдинаның айтуынша, «Ютарияға» тігіншілер, технологтар қажет.

– Қарағанды технология және сервис колледжімен былтырдан бері жұмыс жасап жатырмыз. Колледжде оқып жатқан студенттерді дуальді оқыту жүйесі бойынша біздің компаниядан іс-тәжірибеден өтуге қабылдаймыз. Алайда, тігіншілікте оқып жатқан барлық студенттің ішінде өз болашағын сол саламен байланыстыратындары өте аз. Мәселен, бізден 15 студент практикадан өтті. Соның ішінде модельер-пішуші мамандығында оқып жатқан 1 ғана студент өз мамандығына адалдық танытты. Ольга Венженовская атты студент болашақта өз саласының мықты маманы болғысы келеді. Ал, мұндай балалар қазір өте аз.

Біз колледжбен тығыз байланыстамыз, түрлі кездесулер өтеді. Компания басшысы Сәуле Шәуенова аталған оқу орнына барып, мамандарды даярлау ісіне куә болды.

Біз бүгін колледжбен екі жақты келісімге келіп, меморандумға қол қойдық. Алдағы уақытта колледж даярлаған мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. Бізге мықты, сапалы маман қажет, – дейді Шолпан Әбілдина.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button