Форум

Іскер әйелдердің ілкімді ісі

Достық үйінде Қарағанды облысының әкімдігі мен кәсіпкерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қазақстан дамуының жаңа стратегиясы және әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі» атты іскер әйелдер қауымдастығының облыстық форумы өтті. Ауқымды іс-шара аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген кәсіпкер әйелдер арасында белсенді орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Форумға қатысушы тұлғалар кәсіпкер әйелдердің еңбегіне оң баға беріп, елге еңбегі сіңген аяулы жандарды марапаттады. Сонымен қоса, форум аясында «Қайырымдылық керуені» ІV республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Форумның пленарлық отырысына облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева, облыс бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Шауенова, сонымен қоса, мәслихат депутаттары, Әйелдер күші альянсының мүшелері, Үкіметтік емес ұйым жетекшілері, қоғамдық кеңес мүшелері, Әйелдер істері жөніндегі облыстық комиссия және отбасылық-демографиялық саясат бөлімінің мүшелері және Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері қатысты.

– Әйел адамның қабілеті ерекше. Өткен заманда ел билеген нәзік жандылардың көшбасшылық қасиеттері бүгінде сіздерге дарығаны сөзсіз. Мыңнан аса нәзік жанды бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Облыс экономикасын дамытуға зор үлесін қосуда. Бүгінде аймақта жеке кәсіпкер әйелдер басқаратын 50 мың компания бар. Бұл облыстағы бизнестің жарты бөлігін құрайды. Былтыр облыс әкімінің қолдауымен шағын кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы іске қосылды. Креативті, туризм және басқа да салаларды қамтитын жобаларға басымдық беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Мемлекет кәсіп ашуға ниеттенген барша азаматтарға қолдау көрсетеді, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Шауенованың еңбегін айта келіп, олардың атқарып жатқан жұмыстары – әйелдер кәсіпкерлігі мен мемлекет қолдауының жарқын үлгісі екенін тілге тиек етті. Ол басқарған өндіріс орны облыс қана емес, республика экономикасын дамытуға өзіндік үлес қосып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қоса, Ермек Алпысов ел экономикасын дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген нәзік жандылар – Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаеваға, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Шауеноваға және Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Айман Шамбаеваға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы – қызмет саласы мен әлеуметтік бағытына қарамастан жұмысшы әйелдің мәртебесі мен имиджін көтеру мақсатында құрылған Қазақстандағы әйелдердің алғашқы үкіметтік емес ұйымы. Қазіргі уақытта қауымдастықтың әр аймақта филиалы бар және құрамына 5000-нан астам мүше кіреді. Қауымдастық 25 жыл ішінде гендерлік саясатты жүзеге асырудың барлық бағыттары бойынша жүйелі әрі жемісті қызмет істеп, қоғамдағы әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жасады және айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Форумға қатысушылар Қарағанды облысындағы кәсіпкерлікті дамытуға Жаңа Қазақстанды құрудағы әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі, Қарағанды облыстық өнеркәсіптік қалалары мен аудандарындағы бизнестің ерекшеліктері, әлеуеті мен келешегі жөнінде ой бөлісті.

Іскер әйелдер қауымдастығы жыл сайын «Қайырымдылық керуені» атты байқауды ұйымдастыруға ат салысады. Форумда биылғы байқаудың республикалық жеңімпаздары Бекзат Алтынбековке және Махаммадисмайыл Мадмаров пен Бауыржан Мұсахановқа облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Шәуенова Алғыс хат табыстады.

Сонымен қоса, Қарағанды облысы іскер әйелдер қауымдастығының серіктестері – Рымбала Омарбекова, Қорлан Бекімова, Ғайни Сатжанқызын қауымдастық президенті Раушан Сәрсенбаева алғыс хатпен марапаттады. Қауымдастықтың басқа да серіктестері Гүлбану Алпысбаева, Юлиана Тен, Индира Ахметоваға және Майра Абдрахманова, Меруеш Башайға қауымдастық төрайымы Сәуле Бақытжанқызы Алғыс хат табыс етті.

Форум аясында «Қайырымдылық керуені» ІV республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Республикалық байқауда «Батыл жүрек» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Махаммадисмайыл Мадмаровқа (ІІ орын), «Мейірім жолында» номинациясы бойынша Бауыржан Мұсақановқа (көтермелеу дипломы), «Туған жер» номинациясы бойынша Бекзат Алтынбековке (ІІІ орын) табыс етілді. Естеріңізде болса, 20 мамыр күні Түркістан қаласында республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталған еді. Ең батыл, ең қамқор, ақжүрек, мейірімді жандар анықталып, бағалы сыйлықтар берілді.

Ал байқаудың облыстық кезеңінде «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі», «Жануарға мейірім» номинациялары бойынша жеңіске жеткен жеңімпаздарға диплом табысталып, ақшалай сертификат берілді.

Облыс бойынша «Қайырымдылық керуені» байқауына қатысуға 49 адамнан өтініш түсті. 49 қатысушыға Тұңғыш Президент қорының директоры Дариға Назарбаевадан Алғыс хат келді. Біз облыстық іріктеу кезеңінде 7 номинация бойынша орын тағайындадық.

Конкурсқа қатысушыларға бастапқыда қауымдастық төрайымы Сәуле Бақытжанқызы 500 мың теңге бөлді. «Қайырымдылық керуені» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына 70 мың теңге ақшалай сертификат берілді. Әсіресе, еңбегі еленген елеулі тұлғаларға, әлеуметтік осал топтан шыққан қатысушыларға баса көңіл бөлінді, – дейді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Әбілдина.

«Қайырымдылық керуені» байқауына қатысқан облыстық «Оrtalyq Qazaqstan» газетінің шеф-редакторы Нұрқанат Қанапия да Тұңғыш Президент қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алғыс хатымен марапатталды.

Ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандылар қашанда құрметке лайық. Іргелі іс жасаудағы іскер әйелдер үлесі ұшан-теңіз. Бұған баршасы куә.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button