Денсаулық сақтау вице-министрі өңірге жұмыс сапарымен келді
Денсаулық – қоғам әл-ауқатын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Сондықтан, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, білікті мамандар тарту және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – маңызды міндет. Осы бағыттағы жұмыстардың барысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Ембергенұлы Рамазанов өңірге жұмыс сапарымен келіп, денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі өзгерістер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Өмір сүру ұзақтығы – басты көрсеткіш
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін бағалаудағы негізгі ұлттық көрсеткіштердің бірі – күтілетін өмір сүру ұзақтығы. 2025 жылы елімізде бұл көрсеткіш 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Қарағанды облысында да оң динамика бар. Өңір бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,49 жасты құрады. Бұл 2024 жылғы 73,97 жаспен салыстырғанда 0,52 жылға жоғары. Алайда, статистикадағы өсіммен қатар, тұрғын үшін медициналық көмектің күнделікті өмірдегі қолжетімділігі де маңызды. Әсіресе, емханадағы кезек, дәрігер қабылдауын күту және қажетті маманға дер кезінде жазылу мәселелері көпшілікті алаңдатады.
Осыған байланысты алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру бағытында бірқатар өзгеріс енгізілген.
– Бастапқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта жалпы практика дәрігерлерінің қабылдау уақыты 4 сағаттан 6 сағатқа дейін ұзартылды. Дәрігердің күнделікті атқаратын бірқатар функциясы мейіргерлерге беріліп, дербес мейіргерлік қабылдау енгізілді, – деді Манас Рамазанов.
Дәрігерге онлайн жазылу жүйесінің енгізілуі де осы бағыттағы өзгерістердің бірі. Ресми мәліметке сүйенсек, оның нәтижесінде жалпы практика дәрігерлерінің қолжетімділігі 3,5 есеге, бейінді мамандардың қолжетімділігі 15 есеге артқан. Пациенттің медициналық ұйым ішіндегі маршруты да оңтайландырылып, дәрігер қабылдауын күту мерзімі екі аптадан 2-3 күнге дейін қысқарған.
Скрининг – ауруды асқындырмай анықтаудың жолы
2025 жылдан бастап скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, мақсатты топтың жасы 70-тен 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, 50-76 жас аралығындағы ер адамдар үшін инсульттің даму қаупін ерте анықтайтын скрининг енгізілді. Ол екі жылда бір рет жүргізіледі. Онкологиялық скринингтің барлық кезеңінің МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен) пен ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) пакетіне ауыстырылуы да халық үшін маңызды жаңалық болды.
Денсаулық сақтау саласына цифрлық технологиялар да еніп келеді. Соның бірі – дәрігердің жазбаларын автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік беретін ALIMA жасанды интеллект жүйесі. Қазірдің өзінде оған алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының 9 мың дәрігері қосылған. Бұл, бір жағынан, медицина қызметкерінің қағазбастылығын азайтса, екінші жағынан, дәрігердің пациентке көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.
Төсек тапшылығы азая ма?
Медицинаның тағы бір өзекті мәселесі – мамандандырылған көмектің қолжетімділігі. Әсіресе, жоспарлы ем қабылдау үшін кезек күту тұрғындардың уақытын алып, аурудың асқынуына әсер етуі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін республика көлемінде облыстық көпбейінді ауруханалар мен перинаталдық орталықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында 34 облыстық көпбейінді аурухана мен 19 облыстық перинаталдық орталықты реновациялау көзделген. Облыстық ауруханаларда бұрын жабылған терапиялық бөлімшелер де қайта ашылуда. Екі жыл ішінде 787 төсек-орынға арналған 49 бөлімше ашу жоспарланған. Оның 10-ы – пульмонология, ревматология және гематология бағыттары бойынша – қазірдің өзінде іске қосылды.
– Мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін ауруханалардағы төсек қорын қайта қарау және сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлімшелерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоспарлы госпитализацияны күту мерзімін 30 күннен 20 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
Сонымен қатар, республикалық деңгейде ревматология, нефрология, респираторлық медицина және гастроэнтерология бағыттары бойынша төрт үшіншілік деңгейдегі орталық құрылды.
– Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет. Осы мақсатта 2026 жылға Қарағанды облысына медициналық аппараттар сатып алуға 2 млрд 570 млн теңге бөлінді. Оның 1 млрд 350 млн теңгесі жергілікті бюджеттен, 1 млрд 275 млн теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Бөлінген қаражаттың 1 млрд 850 млн теңгесіне құны 20 млн теңгеден асатын медициналық аппаратура, ал 800 млн теңгесіне құны 20 млн теңгеге дейінгі құрылғылар мен медициналық техника сатып алу жоспарланған. Жаңа жабдықтар облыстық көпбейінді балалар ауруханасына, облыстық клиникалық ауруханаға, Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға, Қан орталығына және Теміртау қалалық көпбейінді ауруханасына беріледі. Онкологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды да заманауи техникамен қамтамасыз ету көзделген. Оның ішінде ангиограф, маммограф, сәулелік терапияға арналған аппараттар және эндоскопиялық скрининг жүргізуге қажетті медициналық жабдықтар бар. Сонымен қатар, екі қалалық аурухана мен кардиологиялық орталыққа ангиограф, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, наркоз және тыныс алу аппараттары, рентген құрылғылары, сондай-ақ, ота жасауға қажетті медициналық техника сатып алынады, – деді Манас Ембергенұлы.
Дәрі-дәрмек: баға да, қолжетімділік те маңызды
Денсаулық сақтау жүйесі туралы сөз болғанда дәрі-дәрмек мәселесін айналып өту мүмкін емес. Әсіресе, созылмалы ауруы бар азаматтар үшін тегін немесе жеңілдетілген дәрінің қолжетімді болуы аса маңызды. Осы мақсатта амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі қайта қаралып, оңтайландырылды. Өлім-жітім мен өмір сүру ұзақтығына айтарлықтай әсер етпейтін 32 нозология тізімнен шығарылса, оның орнына 7 инновациялық заманауи дәрілік зат енгізілді.
Баға белгілеу жүйесіндегі өзгерістер де өз нәтижесін берген. ТМККК мен МӘМС шеңберіндегі дәрілердің шекті бағасы орта есеппен 15 пайызға, ал көтерме және бөлшек саудадағы бағалар 26 пайызға төмендеген. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер бойынша азаматтарға тәулік бойы жұмыс істейтін 1439 жедел желісі қызмет көрсетеді.
– Дәрі-дәрмектің қолжетімділігі – тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі. Сондықтан біз бір мезетте әрі бағаны төмендетуге, әрі қажетті инновациялық препараттарды қолжетімді етуге бағытталған жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді Манас Рамазанов.
Ал, электрондық рецепт жүйесі дәрігер мен пациент арасындағы процесті жеңілдетіп отыр. 2024 жылғы қыркүйектен бастап «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы электрондық рецепттер рәсімделуде. Бүгінде 708 медициналық ұйымда 11 миллионнан астам рецепт жазылған. Соның нәтижесінде рецепт рәсімдеуге кететін уақыт екі есеге қысқарған.
Маман тапшылығы – ортақ мәселе
Саладағы өзгерістердің нәтижелі болуы ең алдымен медициналық кадрларға байланысты. Білікті дәрігер жетіспесе, заманауи құрал-жабдық пен жаңа технологияның өзі күткен нәтижені бере алмайды.
Сондықтан, мамандар даярлау мен оларды өңірлерге тартуға ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет жыл сайын медициналық мамандар даярлауға 5 685 білім беру грантын бөледі. 2025 жылы Қарағанды облысына резидентураның 26 мамандығы бойынша 100 грант бөлінген. Сұранысқа ие алты бағыт бойынша интернатурада мамандар даярлау қайта қолға алынды. Олар – хирургия, терапия, акушерия-гинекология, жалпы дәрігерлік практика, педиатрия және балалар хирургиясы. Өткен жылы өңірлерге 2 200-ден астам жас маман жіберіліп, медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 88 пайызға жетті. Қарағанды облысында 136 маман жұмысқа орналасты.
Жас дәрігерді өңірде ұстап қалу үшін әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Оның ішінде 8,5 млн теңгеге дейінгі біржолғы төлемдер, тұрғын үй алуға арналған жеңілдетілген кредиттер бар. 2025 жылы республика бойынша мұндай қолдауға 1 760 дәрігер ие болды. Бұл дәрігер тапшылығын 19 пайызға, ауылдық жерлердегі тапшылықты 16 пайызға азайтуға мүмкіндік берген.Қарағанды облысында 93 дәрігер әлеуметтік қолдау алған. Оның 37-сі ауылдық жерлерге жұмысқа барған. Бұдан бөлек, 61 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Ал, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жедел медициналық жәрдем, инфекциялық және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына 30 пайызға дейін қосымша ақы енгізілді.
Медициналық көмектің сапасы қала мен ауыл арасында алшақ болмауы тиіс. Осы бағытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында республика бойынша 655 нысан салынды. Қарағанды облысында жоспарланған 92 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының барлығы бой көтеріп, лицензия алды. Бұл – шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақындатуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, аудандық ауруханаларды көпбейінді ауданаралық ауруханалар деңгейіне дейін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл бастама республика бойынша 4 млн ауыл тұрғынын жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік бермек.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



