«КАРИЕС МЕНЕДЖМЕНТІ» бізге де керек

Тіс емдету – қымбат. Жәй ғана құрт түскен ойығын тазалап, пломбалату үшін 15-20 мың теңге керек. Ал, тісіңіздің кетеуі кетіп, емдеуге келмесе, жұлуға тура келеді. Оның өзі – 5-6 мыңнан басталады. Жөн делік. Жаның қиналса, қаржыны қарыздансаң да табасың. Бір емес, бірнеше тісің шіріп, түкке тұрғысыз болса ше? Онда, тіпті, жағдай қиын. Себебі, жұлынған тістің орнына керамика тіс салғызу шамамен 30 мың болса, ең сапалы деген импланттың құны 100-140 мың теңге аралығында. Жекеменшік емханаларда тіс емдеу, тіпті, қымбат. Облыс орталығындағы жалғыз жақ-бет ауруханасы ұсынатын қызметтер аса қымбат емес және өте сапалы. Бірақ, онда үнемі ұзын-сонар кезек…

Тісті әу бастан, яғни, бала күннен күту қажет екенін тіс ауырғанда бір-ақ білеміз. Мұны «Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ» деп астарлап жеткізіпті қазақ атам.

Тіс дәрігерлері газдалған сусын, қытырлақ картоп, кептірілген нан, чупа-чупсты балаға беруге болмайтынын айтады. Бұл тағамдардың кесірінен жас балалардың тісіне құрт жылдам түседі екен. Алдын алмаса, буыны бекімеген баланың жақ сүйегіне дейін қисайып, тісі өспей қалуы мүмкін көрінеді. Бұрын кәмпиттен сақтансақ, енді тіске зиянды заттардың қатары көбеюде. Демек, сақтық шараларына да мұқият болу керек…

Тіпті, біздің тіс ысуымыздың өзі дұрыс емес көрінеді. Мамандардың айтуынша, тісті екі жанға емес, асты-үстіне ақырындап ысу абзал. Ал, екі жанға қатты ысқаннан тістің эмалі кетіп, жиек еттері жұқарады.

Ауылда Сансызбай деген ағамыз болды. Қақсаған тістің тамырын тарс еткізіп үзіп, жаныңды рахатқа бөлейтін. Бала күнімізде тіс ауырса, тамырын үзгізіп, біраз тыныш жүретінбіз. Есейе келе оның нүктелік массаж екенін білдік. Ал, түнде тіс қақсаса, шешем ерекше әдіс пайдаланатын. Кішкентайлардың кіші дәреті сіңген кезекші көрпеше болады әр үйде. Соның әбден дәрет сіңген тұсынан бір уыс мақтасын жұлып алып, тұтатып, ащы түтінінен 3-4 рет иіскетеді. Ащы дәрет сіңген мақтаның күңірсіген исі қолқаңды жарып, көзіңнен жасты бұрқ еткізеді. Тісіңнің ауырғаны басылып, су сепкендей болады. Сол емді бертінге дейін қолданып келдік.

– Ең бірінші 4 алтын тіс салдырдым. Оған атамнан қалған 1961 жылғы алтын теңгені балқытып пайдаланды. Еңбегіне шамамен 150 мың теңге бердім. 7-8 жылдан соң, алтынмен қапталған тістерім шіріп, саси бастады. Алтын тесіліп, қақсауды шығарды. Сосын оны алғызып, 40 мыңға арзандау 4 пластмасс тіс салғыздым. 2-3 жылдан соң қасындағы тістерім шіріді. 3 тіс қосып, 7 тісті емдеттім. Еміне 40 мың кетсе, керамикаға 7 тіске 75 мыңдай жұмсадым. 3-4 жылдан кейін, металдан және пластмастан 21 мыңға 7 тісті қайта салғыздым.

Бұл жолы маған «тұрақты тұтынушы» деп әжептәуір жеңілдік жасады. Енді, жанындағы тістер де қосылып шіруде. Әу баста алтынмен қаптатпағанымда тістерім бүлінбейтін бе еді?, – дейді қала тұрғыны Нәсиба Ерімбетова.

Өзім де бір жолы азу тісім қақсап қоймаған соң, жұлғызып тастадым. Сөйтсем, бір шеті ғана шіріген. Мүмкіндігінше, жұлғызбай емдеткен жөн екен. Өйткені, әр ауырғанда жұлғыза берсек, 60-қа жетпей тіссіз қаламыз. Соңы протезге әкеледі.

– Тісті шірітіп емдемей, алдын алуға әлем елдері баса назар аударуда. Қазақ атам оны: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп баяғыда айтқан. Қазір тісті шіруге жеткізбеуге көп мүмкіндік бар. Бұрын «Қайтсең де шіриді, одан құтыла алмайсың» деп ойлайтынбыз. Бүгінде дамыған елдерде «Кариес менеджменті» деген түсінік бар. Бұл – қанқұртқа әсер етуге, оны басқаруға, азайтуға, болдырмауға болады деген сөз. Егер, тіс қақсаса, оны жұлдырмай, сақтауға тырысқан жөн. Ол үшін алдымен қарайған, сарғайған, шеті сынған тістің ауырғанын күтпей, дәрігерге көрсету керек. Кей жағдайда тісті жұлмаса, адамға зиян келтіруі мүмкін. Жұлу не қалдыруды дәрігер шешеді, – дейді тәжірибелі тіс дәрігері Дархан Төлеутаев.

«Қазір шірік тісті жұлған соң, сол тістің орнына имплант салғызған дұрыс» дейді мамандар. Ол үшін жұлынған тістің орнындағы жақ сүйекке жасанды түбір бұралып, соған тіс орнатып, сыртынан қаптама кигізеді. Бұл технология елімізде жылдан-жылға дамып келеді. Бағасы – қымбаттау. Себебі, метериалы қымбат.

Ал, алтын тіс салғызу қазір азаюда. Біріншіден ол қымбат, екіншіден адамды өз жасынан ересек көрсетеді және ешқандай эстетикалық мәні жоқ.

Имплантқа кепілдік болмаса да дәрігерлер ол бір жыл ішінде түсіп қалса, қалпына келтіріп береді екен. «Бірақ, тіс салғызу – биологиялық процедура болғандықтан, өз заңдылығымен жүреді. Сондықтан, оған кепілдік сұрау дұрыс емес» деп есептейді сала мамандары.

Ал, тіс қарайып немесе сарғая бастаса ол қанқұрт емес, жай тіс түсінің өзгеруі болуы мүмкін. Оны анықтау стаматологтың білім-білігіне байланысты. Өйткені, бізде мұндай тіс ауруының түрлерін анықтайтын технологияның түрі көп. Бұрғыламай-ақ емдеуге болады екен.

Тісті қай деңгейде зақымданғанын тексерту бар-жоғы 2-3 мыңнан басталса, тазалату – әр тіске 1 мың теңгеден. Тазалату зиян емес әрі эмалін де кетірмейді.

Негізінен, тіс емдету мен жұлғызудың және салғызудың бағасын білу үшін тіс дәрігері қабылдауына барған жөн. Өйткені, тісті қай деңгейде ауырғанын білген соң, бағасын айтады.

Ауыз қуысындағы түрлі бактериялар сонда қоректеніп, уытын шығарады. Бөлініп шыққан қышқылдар тістің эмалін жұмсартып, зақымдануға әкеп соғады. Бұдан қорғанудың ең дұрыс жолы – ауызды таза ұстау. Яғни, әр тамақ жеген соң, тазалап отыру. Мәселен, американдықтар үнемі күліп, тісін көрсетіп жүреді екен. Бұл – олардың мемлекеттік идеологиясының бір тармағы іспеттес. Мұны – смайлэффект деп те атайтын көрінеді. Жымиюмен қатар, фильмдерінде де тіс тазалауды насихаттайды. Ал, жылына бір рет дәрігерге бармағандарға айыппұл салады. Оны қадағаламаған жұмыс беруші де жазаланады. Яғни, тісі таза, сау адамның – дені сау. Оны жұмысқа жылдам қабылдайды, шарулары да тез бітеді. Міне, адам өмірінің сәтті болуына, тіпті, жолың ашылып, жетістікке жету үшін тіс тазалығының әсері үлкен. Себебі, тіс ең бірінші көзге түседі.

Байқасақ, тіс емдетудің қымбаттығы қажетті материалдың шет елден қымбат бағаға сатып алынатындығында. Ендеше, тісімізге күтім жасап, таза ұстаудан басқа амал жоқ, әзірге. Сол себепті, жылына бір рет кемінде тіс дәрігеріне қаралайық. Ал, «тісіміз қақсамасын, қалтамыз қағылмасын» десек, және тісіміздің түгел болып, жарқырып жүргенін қаласақ, оны таза ұстайық. Өйткені, күтілген тіс қақсамайды. Бәрі өз қолымызда!

Жәлел ШАЛҚАР.