Бас тақырып

Кадр саралаудағы салмақты қадамдар

Өндірісті өңірдің бүгіні кім-кімді болсын бейжай қалдырмасы анық. Әсіресе, өркенін енді жайған жобалар жағдайын бұқараның білуі маңызды. Осы орайда басылым Сарандағы KamaTyresKZ шина зауытының тыныс-тіршілігін ұдайы назарында ұстайды. Бүгінде отандық ауқымда теңдесі жоқ бұл бірегей жоба жұмыссыз жүрген жандарды қарамағына оңтайлы жұмылдыруда. Осы тұрғыда Саран қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы әріптестік негізде кадрларды іріктеуде жүйелі жәрдем көрсетеді. Шаһарда тұрақты негізде халықты ақпараттандыру бойынша кеңес беру-түсіндіру жұмыстары жолға қойылған.

– Жұмыспен қамту шаралары Қарағанды, Теміртау, Шахтинск сынды қалалар мен Абай, Бұқар жырау аудандарында әрі жақын маңдағы елді мекендерде де үнемі жүзеге асырылып келеді. Жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар мерзімді түрде қалалық және қала маңындағы автобустарда да орналастырылды. Қазіргі уақытта үміткерлер бізге электрондық поштаға, WһatsApp желісіне, сондай-ақ қағаз түріндегі түйіндемелерді жолдауда. Жұмыспен қамту орталығының мамандары қажет болған жағдайда өтініш берушілерге түйіндеме жасауға көмектеседі. Мәселен, жыл басынан бастап кәсіпорынның кадр қызметіне 100-ге жуық түйіндеме келіп түскен. Әрине, қызмет бабында «екі қолға – бір күрек» іздеген жандарға іскерлік кездесу барысына да барынша қолғабыс етудеміз, – деп хабарлады мекеме директоры Татьяна Черкасова.

Қала азаматтарына ыңғайлы болу үшін KamaTyresKZ ЖШС өкілі Павел Бухмин аптасына екі рет қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында іскерлік сұхбат өткізеді. Әр азамат жұмыс берушінің өтінімі бойынша өндіріске қажет техникалық мамандықтарға қайта оқытылады. Өзіңізді толғандырған сауалыңыз болса, Саран қаласының Ленин көшесі, 11 мекенжайында орналасқан халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне аласыз.

– Бұл кәсіпорынға еңбек биржасы арқылы келдім. Келе сала өтініш жаздым. Шындығы сол, жұмысқа орналасу барысында ешбір қиындық болған жоқ. Әріптестер көп көмек көрсетті. Оларға рахмет! Жүйелі жұмыс арқасында келешегі кемел кәсіпорынның слесарімін қазір. Байыпты да ерікті еңбек қана адамды шынайы шат өмірге кенелтеді, – деді зауыт қызметкері Алмас Мамытхан.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button