КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ, КӨҢІЛДЕН КЕТПЕС
Қазақта үлкендер үшін келін, кішілер үшін жеңгенің орны ерекше ғой. Әлбетте, әулеттің ұлы мен қызы жеңгесімен бүкпесіз араласады, ешкімге айтпайтын сырларын сеніп жеңгеге ғана айтады, ақылдасады, ой бөліседі, келісіп «тон» пішеді емес пе?!
Жеңге барлық әңгімені, сырды бірінші болып біледі, бірінші болып қайындары мен қайын сіңлілері қабылдаған тарихи шешімге «қол» қояды «мөр» басады, демеу береді. Үлкендерден тәуелсіз, қайындарының пайдасына «құпия» шешім қабылдайды. Қайындары үшін істеген бұл ерліктері үшін кейде «таяқ» та жейді, күйеді, піседі.
Қыз бала қашып кетсе «жеңгесі біле ме?» дейді жұрт. Тіпті білмеседе «біледі!» деп, алқымнан алады. Жастар бірдеңе «бүлдірсе», үлкендер оған «сен жеңгесі емессің бе, ақылыңды неге айтпадың, неге бізге білдірмедің…» деп талқыға салады.
Тіпті, жоғары дәрежеде өтетін отбасылық әңгімелер, келіссөздер әуелі жеңгеден басталады, солармен жүргізіледі. Олар соңынан алыстан бастап «жұқалап» қазақи әдеппен үлкендерге жеткізеді. Кез келген әулеттің «жаманы жасырылған, жақсысы асырылған» тынысын, сырын жалпы жұрттың солардан біліп жататындары да жасырын емес. Сондықтан да болар, жөн-жоралғылардың бәрі әуелі жеңгеге арналады, соның алдына тартылады. Жеңге араласпайтын қазақ әулетінде шаруа жоқ.
Бұл ғасырлар бойы сақталып келе жатқан халқымыздың бұлжымас даналығы, дәстүрі – келін, жеңге институты. Бір сөзбен жеңге отбасының қаны бөлек, бірақ жаны бір, намысы бір, ділі бір – мүшесі!
Басқаға бармай ақ қояйын, менің аяулы жеңгем, Біздің Тиішбек осындай жеңге болған еді.
Тиішбек жеңгей 1928 жылы туған, әулетіміздің бүгінгі үлкені еді, кешегі үлкендеріміздің ізін басқан, солардың сарқытын ішкен, олардың көзі, соңы еді.
Алланың ісіне не шара? Менің сүйікті жеңгем Тиішбек 89 жасында дүниеден қайтты. Шариғат тәртібі бойынша, ұзақ жасағандар жасына оның жасаған мүшел саны қосылады екен, ол кісі 8 мүшел өмір сүрді, ендеше 97 жасқа келіп қайтты, яғни, ғасыр жасады – 100 жасады.
Оның 70 жылдан астамын осы әулетте осы шаңырақта келін болып өткізді. Аяғы жеңіл болды, Тиішбек жеңгеммен бірге бұл әулетке құт келді, береке келді, дәулет келді, бірлік келді. Асымызға ас, басымызға бас қосылды.
Тиішбек жеңгем Қасым, Марал, Ерденбай, Сейтқазы, Сейпілқазы (Жұмыр), Көпберген, Қуаныш, Жуаныш, Қабылда, Әбілтай сынды кешегі бар үлкендерімізді көрді, олардың қолдарына жылы су құйды, алдарына адал да дәмді асын қойды, ешқайсысының алдынан кесе-көлденең өтпеді, қарсы келмеді, басы артық сөз айтпады, үлкендеріміздің ақ батасын алды. Сол батаның арқасы шығар – аяулы жеңгем Тиішбек бақытты өмір кешті, ұзақ жасады.
Жалпы асыл жеңгем – ешбір аузында жаман сөзі жоқ, жаман іске бармаған, жаман пиғылдан ада – пәк жан еді.
Шаңырағының, әулеттің адал келіні бола білген, қоламтаның суымен кіріп күлімен шыққан, ата-енесін аса сыйлап өткен жан, ағама адал жар, балағынан бала өрбіген – ардақты ана атанған, бар алқалардың иегері. Тәуба, ұлдар ұяда, қыздар қияда, үйлі-баранды.
Дауылбай ағай бауырмал, ақкөңіл, жолдастары көп, қонақжай еді, сондықтан үйден қонақ, мейман, жолаушы айырылмайтын, үзілмейтін. Әрине ас мәзірі әйелден, жеңгейге де маза болмайтын, күн демей түн демей қонақ күтетін.
Үй шаруасына пысық, кіп-кішкентай домалақтығына қарамай отын да шабатын, су да таситын, шөмшек те, тезек те теретін, таудан аршаның сөңкелерін де жинайтын. Бір өзі қартайған ата-енесін Марал атам мен Әлимен шешейді, шиттей балаларын, ардақты арысы Дәукең ағайдың, сүйікті жарының барлық көңілінен шығып, бір өзі бар шаруаны дөңгелететін.
Енесі Әлимен шешей көп ауырды, бірнеше жыл төсек тартып жатып қалды, еш қабақ шытпай күтті, бақты, ақтық сапарға мәпелеп шығарып салды.
Тиішбек әке-шешесі Сәду құда мен Рысбала құдағидың, басқа балалары ертерек сетінеп кеткендіктен, көздерінің жалғыз ағы мен қарасы болатын. Оларды да аялап қатар күтті, аудан орталығы Ақсу-Аюлыдан қастарына Шет совхозына көшіріп алды, олардың бауырына бір ұлын – Еркінді, бір қызын – Күләшті салды. Аяулы құда мен құдағи барлық балаларды әуелі ауданда, соңынан Шет совхозында оқытты, олардың немерелерінің тәрбиесіне сіңірген еңбектері орасан зор еді. Осылайша жеңгем екі елдің елшісіндей, қамқоршы бола білді, екі жұртты үйлестірді, біріктірді.
Мен Марал атамның үйінде, яғни Дауылбай ағай мен Тиішбек жеңгемнің қолында 4-ші сыныпта оқыдым. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдары болатын, сұрапыл соғыстан кейін ел есін жаңа жинап келе жатқан кез, жоқшылық, кемшілік әлі бар болатын. Тиішбек жеңгем таңертең ерте тұрып мен үшін шай қоятын, тамағымды беріп, мектепке шығарып салатын. Үлкен үзілісте бізді мұғалім жарты сағатқа босататын, сол кезде алдымнан шығып, тамағымды дайындап, жүрегің қараяды деп, зорлап ас ішкізуші еді, ақ ішу керек деп айран, сүт көже, қаймағын ұсынатын. Кеш қараңғысымен сығалап кітап оқып отырғанда, көзіңнен айырыласың деп, жанар май қат болса да керосин шамын елден бұрын ерте жағып, менің сабақ оқуыма жағдай жасайтын.
Монша жоқ, мені Тиішбек жеңгем шошалада шомылдыратын. Шомылдырып болған соң орамалға орап, бетімнен иіскеп сүйетіні әлі есімнен кетпейді. Аяулы жеңгем екеуміздің арамыздағы сол көңіл өмір бойы сол қалпында өтті. Мен оны қайда жүрсем де іздеп келіп жүрдім, жалғыз келмейтінмін, жолдастарыммен бір қора болып келетінмін.
1975 жылы біздің кафедраның бір топ өкілдері Құттыбайда қонақта болды, «табиғатқа» шықтық. Қонақтар туған ауылымның тұрғындарына, туысқандарыма дән риза болып қайтты.
Бүгінгі күнге дейін сонау Санкт-Петербургтегі белгілі ғалым – менің ғылыми жетекшім Адамович Юрий Федорович телефон шалғанда, жазған хаттарында міндетті түрде жеңгемді сұрайды, сәлемін айтады. Ал, әріптесім Виктор Поляков өле-өлгенше аузынан тастамай ризашылығын айтып өтті. Бүгінде бірге жүріп жатқан Саша Булеков, Михаил Каракулиндер аузынан тастамайды, кездескенде естеріне алып, денінің саулығын тілеп, сәлем айтып жатады. Осындай көңілін Ресейдің Муромынан Валерий Бойчевский де, Алматыдан Саид-Кәрім Карманов та жиі жолдайды. Бар жоғы екі-ақ күн сый-сияпатын көріп, көңілдерінде ұмытылмас естелік қалдырған, кішкентай ғана қазақ ауылының әйеліне, менің сүйікті жеңгеме көрсетілген бұл көңілдер көпті аңғартады деп ойлаймын.
Қарағандылық қолынан дәм татқан достарым кешегі Еркін Ертісбаев, класстасым Жанат Жұмықов жеңгейді ауыздарынан тастамаушы еді. Ауылымыздың сәні Жартастағы жеңгейдің көк майсада жасаған дастарханын естеріне жиі алушы еді. Жеңгеймен бірге Әсем Бұғылы баурайындағы бүлдірген, Тайғанақтастағы талқарақат тергеніміз, Штат сайынан сарымсақ қазғанымыз туралы жиі естелік айтушы еді. Менің жеңгем де оларды есіне алып сұрап отыратын. Бүгінде олар да ортамызда жоқ. Күні кеше олардың өмірден озғандарын естіп бетін сипап, оларға иман байлығын тілеген жеңгем де енді міне арамызда жоқ, келместің кемесіне мініп ғайып болды.
Күні кеше жеңгемнің дастарханын көрген, қолынан дәм татқандар қайтыс болғанын естігенде, өздерінің атынан топырақ салуды өтінді. Мұндай көңіл, өмірінің көп бөлігін кішкентай ғана жер жәннаты Құттыбайда өткізген, менің домалақ жеңгеме көрсетілген үлкен адами ризашылық деп ойлаймын. Алладан қайтсын!
Жеңгем бір немересінің атын «Саған ұқсаған ғалым болсын» деп маған қойғызды. Балалардың аттарының бәрінде нұр сөзі болатын, сол үрдісті үзбей мен оған Нұрғалым деп атын қойған едім. Сол Нұрғалым бірде 1-ші сыныпта ма әлде 2-ші сыныпта ма есімде жоқ, елге бір барғанымда «Ағай бүгін сабақ біткенде мені машинаңызбен келіп мектептен алып кетіңізші», – деді. Мен айтқанын орындадым, сол кездегі оның қуанышы әлі есімнен кетпейді. Кешке жатарда «Ертең таңертең мектебіңе машинамен апарам, ұйықтап қалмайық», – дедім. Келесі күні таңертең машинаға отырып жатып, «ағай, класстас қыз баланы мектепке ала кетейікші», – деді, «жарайды», – дедім. Әлгі қыз баланың үйінің жанына келіп тоқтадық, ол қыздың үйіне жүгіріп кетті, көп кешікпей шықты, сосын келіп, «ағай, ол шашын өріп жатыр, кішкене тоса тұрайықшы», – деді. «Жарайды, тосайық», –дедім. Қуанғаны сонша мойныма асылып бетімнен сүйді, сол мейірімі әлі есімнен кеткен жоқ, мен іштей оған риза болдым, ол да сондай ойда болған болар, екеуміз үнсіз қыз бала шыққанша үндемедік. Әлден соң қыз бала да шықты. Біздің батыр қыздың алдынан шығып, машинаның артқы есігін айқара ашып, есікті байыппен жауып, жаныма жайғасты да, «Ал, ағай кеттік», – деді. Мен «Жақсы», – дедім де машинаны от алдырып, орнымыздан қозғалдық. Екеуі жымың – жымың етеді… Бір сезгенім, үшеуміз де – мәзбіз.
Кішкентай кезінде маған еркелеп, қаладан әкеліп беріңізші деп тапсырмалар да беретін: кепка, белбеу, т.т., бәрібір бос келмейтіндіктен бұл мінезі маған өте ұнайтын, есі кіргеннен кейін бұл әдетін қойып кетті. Сол Нұрғалым кәзір үлкен жігіт болды, мектепте ұстаздық етеді, дене тәрбиесінен сабақ береді, әжесін күтушілердің бірі болды. Жоғарыдағы әңгімелерді өзінің рұқсатынсыз үлкендігімді пайдаланып жазып отырмын, ол өкпелемес деп ойлаймын, еріксіз есіме түсіп, көңілімді босатқан жайлар, ойлар болғаннан соң мақала желісінен алып тастағым келмеді.
…«Жеңгей ептеп төсек тартып қалыпты» деген хабарды естіген соң көңілін сұрап қайтайық деп келіні Сара екеуіміз жолға шықтық.
Жол бойы сағынып барып, мауқымызды басып, марқайып қайтатын кездер еріксіз көз алдымнан өтіп жатты. Барған сайын құртын дорбалап, ірімшігі мен жентін қалталап, майын қарынымен, қазысын, сүрін тыққыштап, қымызын, айранын бөтелкелеп, қаймағын құтылап … құр кетпесін, бос кетпесін деген ниетте болатын, әрине енді ондай көңіл қайда? Жасыратыны жоқ, ондай көңіл елдің бәрінде жоқ қой. Жеңгемнің қолы мол еді, береген еді, берекелі еді.
Мен дегенде «ішкен асын жерге қоятын!» (қазақ қалай қимас көңілге әдемі тіркес тапқан!) қашанда маған ерекше «сақтағаны» болатын. Ағыл-тегіл айтатын әңгімесі ше?!
Бұл жолы олай болмады. Әрине, бүгін ол әңгіме жоқ. Амал қанша, көп сөйлеуге әлі жоқ. Тек күшін жиып жымиған болады, басын ғана изейді. Көзінен ылғал білінгендей, біздің келгенімізге, көргеніне әдеттегідей қуанып отырғаны ғой. Естілер-естілмес «тәуба, тәуба», «алла, алла» дейді, өміріне риза, өмірді сүйген, ауру меңдесе де сыр бермеген, қайран менің аса сабырлы, рухы мықты, қайратты асыл жеңгем.
Ия, кейуана жеңгеме алла қуат берсін, әке-шешесінің бауырына салған Күләшінің арқасында, балалары мен немерелері, шөберелерінің арқасында, өзіне тартқан аяулы, адал келіндері Кларасының, Жанатының арқасында, күтімге зәру емес, алла қуат беріп ұзақ жасай берсін деген тілеумен қайтқан едік.
Шыны керек, сәл жабырқап қайттық, алла білдірген болар көңілге күдік еріксіз түскен болатын, солай болды да, көп кешікпей суық хабар да келді, ия, бұл соңғы кездесуіміз екен. Алланың ісіне не шара.?
Өмірден өзі өтсе де, кешегі көз көрген, құлақ естіген, жүрек сезген жеңгеммен бірге болған шуақты күндер уақиғалары естен ешбір кетпейді, олар жеткілікті. Мен кештеу үйлендім, осыған орай: «Екеу болып келмейсің бе, жалғыздық құдайға ғана жарасқан, келін қайда? Мынау не бос жүріс, салпаңдап жалғыз қанша жүре бересің, уақыт келді, ғой», – деп жеңгелік назын айтатын. «Бұл жарамайды деп, әкелмейсің бе, көрсетпейсің бе, қуантпайсың ба деп қолқа салатын. Жар сүю керек, бала сүю керек», – деп ақылын айтатын.
Келінін де көрді, отқа май да құйғызды, өмірге келген балапандарымды да көрді, аймалап мені кішкентай кезімде сүйгендей, оларды да мейірлене сүйді, бәріне бәсірелерін де берді. Тек енді өзі жоқ.
Ия, енді өмір аяулы жеңгемізсіз жалғасуда. Жақсыдан қашанда шапағат тілейді ғой халқымыз. Аяулы жеңгемнің ұрпағына шапағаты әрқашан тие берсін. Жеңгеме деген осы бір азын-аулақ көңілім сыртқа шықсын деген ниетпен қолыма қалам алған жәйім бар, ағайын.
Аяулы жеңгемнің жатқан жері жәйлі, топырағы торқа болсын. Оның аңқылдаған адал бейнесі есімізден кетпесін.
Жеңіс Иманов,
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің доценті,
техника ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы