Жаңалықтар

Көсем-қызметші аксиомасы

Наурыздың 5-і – қазақ үшін айрықша күн. Осыдан 155 жыл бұрын дәл осы күні Әлихан БӨКЕЙХАН – Алаштың ұлттық көсемі дүниеге келген. Әлекең ұлтазаттығы жолында тыңға түрен салған біртуар қайраткер. Оның рухани-ғылыми мұрасы уақыт өткен сайын жаңғыра берері сөзсіз. Ол дүние жүзінің ұлт-азаттық қозғалысына ықпал еткен алып тұлға.

Ел болам, ұлт болам деген жұрт басшыға мұқтаж. Бұл жол мемлекет ісіне де, дін ісіне де, шаруашылық ісіне де ортақ. Әлемдік діндердің таралуында да пайғамбарлық миссия жүктелген жекелеген тұлғалардың орны айрықша. Оларға Жаратушының таңдауы қалай түссе, азаттыққа ұмтылған Алаш даласына Әлихан Бөкейханның келуі де соған пара-пар құбылыс дер едік.

Қазақы ел басқару, қызмет ету дәстүрінде бұл үрдістің өзіндік жолы қалыптасқан. Абайдың отыз тоғызыншы сөзінде «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт, жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шынымен де жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» дегенін Әлихан Бөкейхан мен ізбасарлары іске асырғанына көзіміз бүгін анық жетіп отыр.

Ә.Бөкейханның ғұмырбаяндық, саяси қайраткерлік деректерінен біз оның жай ғана ұлт басшысы, әуелі көсем емес, ең алдымен көсемқызметші, яғни, ұлтына қызмет көрсетуші тұлға болғанын көреміз.

Бүгінгі күні көсемдіктің көсем-басшылық сипаты емес, ең алдымен көсем-қызметшілік сипаты алға шығып, ХХI ғасырда қоғамдық институттардың дамуының басқару парадигмасы ретінде танылып келеді. Ал Алаш жетекшілері, әсіресе Ә.Бөкейхан осы парадигманың озық үлгісін ХХ ғасырдың басында жасап кетті десек, артық айтқанымыз емес.

Көсем-қызметші идеясын ғалым А.Нестуля өзінше ашады. «Көсем-қызметші» ең алдымен қызметші. Қызмет ету – оның ішкі байламы, ниеті.

Шынайы көшбасшы өткенді, бүгін мен келешекті органикалық тұтастықта көре біледі. Кешегіні тәрк етпеу, бүгін қапы қалмау, келешектен ешқашан көз жазбау – міне осы үштік лидер тұлғасының да тұтастығын көрсетеді. Сондықтан да, лидер өз өмірінің әр күнінде бір мезгілде тарихшы да, талдаушы да, пайғамбар да бола алуы тиіс. Тарихты түйсіну, білу, меңгеру, бүгінгі ақпараттар ағыны мен оқиғалар сапырылысынан ең бастысын таңдай алуы, талдау жасау, келешектің көркем кескінін көз алдына келтіре алу тек тұлғаға тән болса, бұл оның лидерлігінің мықты бір қыры болмақ.

Лидер-қызметші өз басының қамын ойлаушы емес, ол ең алдымен ұлтына, халқына қызмет етуші. Осы тұрғыдан оның өз басының пайдасы, қауіпсіздігі, беделі кейінге ысырылады. Ә.Бөкейханның «біз таңдаған жолдан, айтқан сөзімізден бас тарта алмаймыз. Халықты алдауға, оның сеніміне қиянат жасауға болмайды, ал жастар, амал табыңдар» деп, М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановты аман алып қалуы осының мысалы.

Лидер-қызметшілік Ә.Бөкейханға және сол замандағы басқа да қазақ қайраткерлеріне тән болғаны даусыз. Бұл олардың қоғамдық, мемлекеттік және жеке өмірлерінен де көрінеді. Олардың өмір жолы саяси-қоғамдық табандылықтың, сүйген жарға, досқа деген адалдықтың үлгісі.

Ә.Бөкейхан бас қамын ойласа, оның ақылкөрегендігі, амал-айласы аман қалуға, биік мансапқа жетуге, отбасын аман сақтап қалуға, ұрпағын өзіне қолайлы ортада өсіруге артығымен жетер еді. Ә.Бөкейхан ұрпағы өзінің ұлттық тамырынан ажырап, өзге ұлтқа сіңіп кетуі, бүгінде жат мәдениет аясында танылуы – жеке бастың ғана емес, тұтас қазақтың да қасіреті. Тарих та, тағдыр да солай қалыптасты. Өкінішті! Бәлкім Ә.Бөкейхан ұрпағының ішкі сезім-түйсігі, жігер-қайраты, даналығы бір кездері өзінің алтын қазығына оралуға алып келер. Бұл бір қияли мақсат емес, ұлттың өркендеуінің, атап айтқанда қазақтың жаңғыруының көрінісі болар еді.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Ә.Бөкейхан осыны өз ғұмырының бұлжымас мұраты қылды. Алыс-жақында жүрсе де халқының айқын да көмескі арманаңсарына, мұқтаждығына қызмет етуді, оның ыстық-суығына төзуді өз жолы деп білді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыста жұрттың құр бекерге қырылмауын және қазақ жігіттерінің әскери іске көзі мен бойы үйрене беруін, мұның келешекте керек іс екенін, өзі уәде еткендей майданның алғы шебіне барып, оларға қызмет етуі, нақты қамқорлық жасауының өзі неге тұрады?!

Елден жырақта Мәскеуде үйқамақта отырғанда да ол қазаққа қызмет етудің тиімді жолдарын тауып, соның жемісін халқының пайдасына ұсынды. Жазған еңбектері, берген кеңестері, өмірлік үлгісі бүгінгінің іргетасы іспеттес.

Ә.Бөкейхан ғұмырнамасынан осындай деректің талайы кезігеріне еш күмән жоқ. Мәселе, сол оқиғаларды тізбектеуде емес, олардың ішкі мәнін ашып көрсетуге саяды. Алаш қайраткерлерінің лидер-қызметшілік қасиеттері өзгеге де үлгі болған. Міржақып Дулаттың «Оян қазағы» Ататүріктің күндіз айнасына, түнде жастығына айналыпты.

Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының бойындағы қайраткерлік, жетекшілік, қызмет етушілік қасиет Екінші дүниежүзілік соғыс барысында айқындалды. Оның тұлғасы жан-жақтылығымен назар аудартады. Ол тек әскери гений ғана емес, ұлт болашағын ойлаушы рухани көреген, адам психологиясын терең танушы, қызмет-міндетіне адал, өз басын қатерге тігуші, қалжыраған жұртты қатерлі де қауіпті міндеттерді орындауға жұмылдыра алушы, зор сенімге ие, кез келген мәселенің мәніне терең үңілуші, талдаушы, тарихты байыптаушы қасиеттерге ие қайраткер. Оның әскери даналығын әлемнің біраз елі өз пайдасына асырғаны туралы деректер жетерлік. Соның бір мысалы, Израиль еліне қатысты. 1946 жылы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы иврит тіліне аударылады. Израиль мемлекеті енді құрылып жатқан кез. Жас мемлекеттің әрбір офицеріне қарумен бірге осы кітаптың бір данасы тапсырылған. Бұл кітап оқу құралы ғана емес, әрекетке тікелей басшылық нұсқауы ретінде қызмет еткен. Бас штаб бастығы генерал Мота Гур өзінің естелігінде рота командирі болған кезінде майдан шебін тастай қашқан әскерлеріне кітаптың бір тарауындағы батальон командирі Б.Момышұлының «Сен соғыс позицияңды жауға тастадым деп ойлайсың ба? Жоқ, сен Москваны жауға тастадың!» деген сөздерін оқып береді де бұрылып кетеді. Сөйтіп, ол сарбаздардың санасына жетер сөз айтып, әскери рухын көтерді. Міне, Б.Момышұлының кітаптағы сөзінің өзі Израиль әскерінің рухын жебеген.

Б.Момышұлының әскери кемел ойының әскери жарғы түзуде, әскери стратегия мен тактика құрауда, сарбаз дайындауда әлемнің түрлі елдерінде қолданысқа енгені туралы ақпараттың көбін біз біле бермейміз. ХХ ғасырда Ә.Бөкейхан бастаған қазақ лидерлерінің саяси, интеллектуалдық, білім, ғылым, экономика саласындағы жанқиярлық қайраткерлігінен үлгі алғандар бұдан әлдеқайда көп екені анық.

ХХ ғасыр басында көнеден келе жатқан қазақ мемлекеттілігі Ресейдің отарлау саясаты салдарынан үзіліп, жоғала бастаған дәстүрі жаңғырды: Қоқанда Түркістан мұхтариятын, Орынборда Алаш автономиясын жариялауға қол жетті. Бірі 64 күн өмір сүрді, екіншісі екі жылдай қарекет етті.

Түркістан мұхтарияты мен Алаш автономиясы түптеп келгенде бір елдің, бір ұлттың мұратмүддесі үшін бір кезеңде, сәл ілгері-кейінді, біріне-бірі жалғаса туған егіз құбылыстар. Оларды бөле-жармай, бір деп санау керек. Алайда, құрсағы бір десек те, кіндіктері бөлек. Ерекшеліктері де жетерлік. Екеуі бір қазақтың екі бөлек республикасы болғанын жоққа шығаруға болмас. Бұлар болмаса, одан кейін қашан, қайда қадам басар едік?

Қоқан мен Орынбордың бірін-бірі қолдай жарыса көтерілуі, ұлт көсемдері мен олардың серіктерінен сайланбалы үкіметтер құруы, жақын келешекте бірлесу туралы келісуі өзінше бір феномен. Астана Орынбордан Семейге көшкен соң, Қоқан республикасының (Түркістан мұхтарияты), Алашорданың және Башқұртстан басшыларының біріккен съезд өткізгені де көп нәрсеге меңзейді. М.Шоқайдың «Ресей бұғауына түсіп қалған өлкелер ортасында тәуелсіз ұлттық мемлекеттілік үшін күресу жолына тұңғыш рет Түркістан түсіп отыр» деген ойы да ақпары мол дерек. Халел мен Жанша Досмұхамедовтер 1918 жылы сәуірдің 2-не дейін Мәскеуде автономия алу жөнінде Лениннің қабылдауында болуы, Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермековтер Ленин және Сталинмен Қазақ автономиясының жер көлемі, шекарасы туралы келіссөз жүргізуі, Қазақ елінің жер аумағын шегендеуі – Алашорда билігінің қызмет-қарекеті аясында жүзеге асқан. Батыс Қазақстан өңіріндегі Каспий жағалауларының, Семей, Ақмола облыстары мен Алтай өңіріне кірген қазақтар тығыз орналасқан Коростелев даласының Қазақстанға қайтарылуы осы кезең!

Одан кейін Конституция қабылданбай, «Қазақты – қазақ дейік, қатені түзетейік!» деген Сәкен Сейфуллин 1923 жылы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде енгізген.

ХХ ғасырдың алғашқы үштігінде қазақы ой тағдыр тәлкегімен ақ-қызыл баррикаданың екі жағына жарылды. Дегенмен, екі жақтың да жетекшілері халықпен бірге болу, ұлтқа қызмет ету миссиясын ұстанды. Жалпы, интеллигенция алдында осынау екіұдай заманда екі жақты болған қазақ лидерлеріне ортақ мүдде ұлтқа қызмет ету болғанын дәйекті, дәлелді, негізді түрде жас ұрпақтың санасына сіңіру міндеті тұр. Олардың ұлы мұраттарының бірлігі ұсақ та жайсыз әңгімелер мен тірліктің келеңсіз де кездейсоқ көріністерінің тасасында қалмауы керек. Кездейсоқ көріністер көркем келешекке деген ортақ ұмтылысты көлегейлемеуі тиіс.

Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік қызметшілердің жаңа буындарын алысжақын өткендегі қазақ лидерлерінің үздік үлгісі аясында, лидер-қызметшілік парадигмасы аясында дайындауды негізге алу өзекті. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қазақ даналығы баршаға мәлім. Мемлекеттік қызметшілердің лексиконында «мен ел басқардым» деген сөзді «мен шамам жеткенше елге қызмет еттім» деген сөз алмастыруы тиіс. Баяндалған жайттардан төмендегідей түйіндер, міндеттер туындайды:

– Әлихан Бөкейхан мұрасын зерделегенде, оның лидер-қызметшілік болмысын неғұрлым толық ашып көрсету, осы бағытта толымды зерттеулер жүргізу, тиісті дәрежеде және бағыттарда ғылыми негізделген пайымдар жасау;

– Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің санасына лидер-қызметшілік парадигмасын сіңіру;

– Білім берудің барша деңгейінде лидер-қызметшіліктің Әлихан Бөкейхан мен оның ізбасарлары көрсеткен үлгісін жас ұрпаққа орынды насихаттаудың жолдарын жасау.

Болат СЫЗДЫҚ, Заң ғылымдарының кандидаты. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының

Қарағанды облысы бойынша филиалының доценті.

Басқа материалдар

Back to top button