Көрнекті ақынды көрген күн (қаз-қалпында)

Студент кезімізде ҚарМУ-дың доценті, ұлағатты ұстаз Мұрат СМАҒҰЛОВ сабақ үстінде: « Осы бастан күнделік жазып үйреніңдер. Күнделікті көрген-білгендеріңді қағазға түсіріп отырсаңдар, ертең алдарыңнан шығады»,- дейтін. Уақыт өте келе сол ұстазымыздың айтқаны тура келді. Өзгені қайдам, өз басым студент кезде жазған күнделіктің пайдасын талай рет көрдім.

Жақында әлгі қалың дәптерді тағы бір рет парақтап отырып, 46 жыл бұрын жазған ақын Мұқағали Мақатаевқа қатысты естелік жазбаларға көзім түсті. Онда: «1975 жылдың 3-5 желтоқсан күндері, Алматы қаласында жас ақын-жазушылардың республикалық үшінші құрылтайы өтті. Сол жолы сүйікті ақынымыз Мұқағалиды алғаш рет көрдім» — деп жазыппын.

Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімінің басшысы болған, жастардың жанашыры, белгілі жазушы ағамыз Жайық Бектұров өндірісті өлкеден 4 ақынды: Абзал Бөкенов, Тілеуғазы Бейсембеков, Тортай Садуақасов және мені аталмыш алқалы жиынға делегат етіп жіберген еді. Ол кезде Тортай екеуіміз ҚарМУ-дың «Балауса» әдеби бірлестігінің мүшесі әрі студентіміз. Қазір бұл азаматтардың барлығы (менен басқасы) республикаға танымал ақын болды.

Сонымен, салтанатты шара 3 желтоқсан күні сағат 10.00-де басталды. Алыс-жақыннан келген делегаттар арнайы тіркеуден өткен соң, бізге күн тәртібінің жұмыс кестесі таныстырылды. Бірнеше секцияларға бөлінген жас талапкерлер кешке дейін шығармаларын талқылап, өзара тәжірибе алмасты.

Келесі күні біз Жазушылар үйінің жанындағы асханадан таңертеңгілік оразамызды аштық. Бір кезде Тілеуғазы Бейсембеков: «Анау, оңаша столда ас ішіп отырған ағаларың ақын Мұқағали Мақатаев болады!» деді. Мен өз көзіме өзім сенбедім. Өлеңдерін жатқа оқып, өзіміз пір тұтып жүрген поэзия пайғамбарын аяқ асты осылай кездестіремін деп мен еш ойлаған емес едім…

Сәлден соң атақты ақын Жазушылар Одағы жайғасқан ғимараттың бірінші қабатынан табылды. Кіреберіс дәлізде тірі Мұқаңды көргенде, жастар онша илана қоймады.

– Жігіттер, мен, Мұқағали Мақатаев боламын! Жақынырақ келіңдер! Жиналыстарың басталғанша, мен сендерге сиясы кеппеген өлеңдерімді оқып берейін! – дегенде ғана жастар әп-сәтте айналасына жинала кетті. Ақын ағамыз қолындағы қос елі «қызыл дәптерді» парақтай түсіп, ара-тұра шашын қолымен серпіп тастап, өлең оқыды. «Айығып келем,

Айығып келем бәрінен.

Емделіп жүрмін,

Жақсылар берген дәрімен.

Мен үшін өмір тарылған емес, әлі кең,

Кеңістіктерге сапарға шығам әлі мен!»

Осылайша жырдан шашу шашқан Мұқағали: «Мынау менің түнгі сағат 3 пен 4-тің арасында жазған туындыларым» – деп тағыда екі-үш өлеңді әдемілеп оқып берді…

5 желтоқсан күні республикалық Кеңестің қорытынды жиыны болды. Оны қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекхожин жүргізіп отырды. Жекелеген секция жетекшілері: Тұманбай Молдағалиев, Хамит Ерғалиев, Қадыр Мырзалиев, Берік Шаханов, Қалтай Мұхаметжановтар жас ақын-жазушылардың шығармашылығына тоқталды. Белгілі ақын Әбділдә Тәжібаев мінбеге шығып, талапкер жастарға ақ батасын беріп: «Мен Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновтің таланттарына табынып, сендердей кезінде баспасөз бетінде екеуіне сәт сапар тілеген едім. Мен сол шәкірттеріммен қазір мақтанамын! Керек десең оларды өзіме ұстаз санаймын!» — деді. Жастар көпшілік алдында өлеңдерін оқи бастады. Бір кезде залда отырған Мұқаң:

– Қалеке, мен де өлең оқиын! – деп қолын көтерді.

– Қазір, Мұқа! Мына жігіттен соң, оқисын! – деді Қалижан аға. Көп кешікпей Мақатаев сахнаға шықты. Залдағы қолшапалақтау бәсеңсіген кезде:

– Мұқағали, айналайын, ақылың бар азаматсың ғой! Көп емес, бір өлең оқысаң да жетеді. Есесіне, сенің жолыңды қуған жастардың туындыларын көбірек тыңдайық! – деді Қалижан Бекхожин. Мұнысы әдемі ескерту болды. Өйткені, Мұқаңды шабыттанып кетсе тоқтата алмайтынын аға буын өкілдері іштей жақсы біледі екен.

– Жарайды, Қалеке! Айтқаныңыз болсын! Бір өлең оқып берейін! – деп уәде етті Мұқаң.

«О, Муза! Мәңгі жастық!

Қайран досым!

Қай күні ауар екен сайран қосым.

Поэзия – жастық қой жалын ұшқан,

Жас күнде жазғаныңдай қайдан болсын.

Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім» – деп өлеңін аяқтады.

Бұл туындыны залдағылар ерекше зейін қойып, ұйып тыңдады. Тұлғалы ақын уәдесінде тұрды. Жыр сүйер қауым, ұзақ қол шапалақтады. Мұқаң балаша жымиып, басын изеп, ризалығын білдірді. Содан соң, салалы саусақтарымен маңдайына түскен қобдыраған шашын бір серпіп тастады да, жас талапкерлерге сәттілік тілеп, сахнадан түсе бастады. Арқалы ақын залдың оң қапталындағы орталық есікке жеткенше жиналған қауымның көбі орнынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Мұқаң мұндай құрмет – қошеметке ризалық сезіммен тағзым етіп, есіктен шықты.

Иә, ұлы ақын сол кеткеннен мол кетті. Өкінішке орай, араға үш ай салып, 1976 жылдың көктемінде қайтыс болды. Ол өмірден өтсе де, оның есімі жүрегімізден кеткен жоқ. Артында алтынға бергісіз, отты өлеңдері қалды. Менің көз алдымнан осыдан 46 жыл бұрын көрнекті ақынды алғаш рет көрген сол күн кетер емес…

Әли ТОЙЖІГІТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.