Шет

Көрнекі ақпараттың келелі мәселесі

     Жақында Шет ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен Ақсу-Аюлы кентінде «Көрнекі ақпарат тілі және жарнама мәселелері» туралы аудандық семинар-кеңес өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Азамат Әбілдиннің кіріспе сөзінен соң қатысушылар тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Аудандық «Ұлағат» қазақ тілі қоғамының төрағасы, осы жолдардың авторы көрнекі ақпарат пен жарнама тілінің ұлттық тәрбие беру мен ұлттық кодты қалыптастырудың бір құралы екендігіне тоқталды.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Қаратаева көрнекілік құралдарындағы мемлекеттік тілдің жағдайын сөз етіп, бұл бағытта істеліп жатқан шараларды баяндады.

Бұдан кейін сөз алған сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Риза Төлеуова «Жарнама туралы» Заңның талабына сәйкес, сыртқы ақпараттық жарнама орналастыру тәртібін экранда слайдтармен көрсете отырып түсіндірді. Заң бұзылған жағдайда туындайтын жауапкершілікті еске салды.

«Жарнама – бизнестің қозғаушы күші» деп бекер айтылмаған. Көрнекі насихаттың кәсіпкерліктегі маңызы мен орны туралы осы саланы басқарып отырған Аян Кәрібеков айтты. Дегенмен, ауылдық жерлерде бұл іске мән берілмейді. Сауда нүктелері мен дүкендердің атауларында кемшіліктер көп. Маңдайшалардағы жазулар сүреңсіз, өңіп кеткен, тұтынушыны тартпайды. Қазақша атаулар басқа тілдің ыңғайына қарай бұрмаланып жазылады. Ал, сөрелердегі тауарлардың бағасы орыс тілінде ғана көрсетіледі.

Семинар-кеңесте осындай олқылықтарды жою жолдары, әдістері қарастырылды. Өкінішке қарай, кеңеске қатысқан жеке кәсіпкерлер қарасы шамалы болды.

Ақадыр кентінің әкімі Ағзам Сембаев кенттегі көрнекілік пен жарнама жұмыстарының жағдайы туралы хабарлама жасады, толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Осы мәселені шешуде облыс бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы облыстың тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Айбек Сүлейменов баяндады. Түйткілді сауалдарға жауап берген басқарма өкілі ономастика тақырыбына да тоқталды.

Семинар-кеңес соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button