Жаңалықтар

Күрмеулі мәселелер қаралды

«Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қатысуымен атқарушылық іс жүргізу мәселелері тал­қыланған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынға Мәжіліс депутаттары – С.Имашева, Б.Кесебаева, М.Магеррамов, Н.Микаелян, В.Олейник, А.Смағұлов, ҚР Әділет вице-министрі А.Мадалиев, ҚР Жеке сот орындаушылары республикалық палатасы, облыс прокуратурасы, облыстық сот, облыстың Полиция департаменті, облыстың Әділет департаменті, облыс әкімдігі, қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдар, өңірлік жеке сот орындаушылар палатасы, облыстық нотариалдық палата, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, заң кеңесшілері палатасы, бағалау палатасы және тағы басқа құзырлы органдар өкілдері қатысты.

Қарағанды облысы – еліміздегі ірі аймақтардың бірі және мемлекеттің экономикалық орталығы. Облыста 193 жеке сот орындаушылар қызмет атқарады. 2019 жылда жеке сот орындаушылардың орындауында 160 млрд. теңгеге 280 мыңнан аса атқарушылық құжат тіркелген.

Жеке сот орындаушылардың қызметінде атқарушылық құжаттарды орындау барысында біраз мәселелер туындады. Оны шешуде атқарушылық іс жүргізу органдарының ресурстары мен мүмкіншіліктері жеткіліксіз болғандықтан, мемлекеттік органдардың түсіністігі мен өзара әрекеті, сонымен қатар, нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді қажет етеді. Осыған орай, орындау барысында туындайтын мәселелерді нақтылау үшін Мәжіліс депутаттары Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді.

Дөңгелек үстел барысында өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының басшысы М.Әбіловтің, Қарағанды қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы С.Жалбырованың, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары М.Таутеновтың, Қарағанды облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары А.Мейрамовтың, Қарағанды облысы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары К.Ахметбековтің, облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Ермағамбетованың баяндамалары тыңдалып, талқыланды.

Әділет органдары арқылы борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту процедурасы толымсыз және тиімсіз болғандықтан, өңірлік жеке сот орындаушылар палатасымен әкімшілік құқықбұзушылық істер бойынша хаттама толтыру өкілеттігін жеке сот орындаушыларға беру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс айтылды.

Сот актілерін орындамаған борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту тетігінің тиімділігін арттыру үшін, сондай қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай критерийлерін қалыптастыру туралы ұсыныс жасалды. Сонымен қатар, борышкерлерге іздеу жүргізуді атқарушылық құжаттың орындалу жері немесе соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша жүргізу туралы, борышкерлерге іздеу салуды жүргізу Жергілікті полиция қызметіне және әкімшілік полицияға, яғни, бөлімше инспекторларына беру туралы ұсыныстар айтылды. Себебі, қазіргі миграциялық полиция қызметкерлерімен өндіріп алушының тұрғылықты жері бойынша іздеу жүргізу жүйесі тиімді болмай отыр

Қылмыстық жауапкершілік мәселесін жалғастыруда Полиция департаментімен сотқа дейінгі тергеудің проблемалық сұрақтары қозғалды. Оның ішінде, қазіргі таңда сот шешімін орындамау уақытын есептеуде бірыңғай ұстаным жоқ. Бұл мәселелер қылмысты квалификациялағанда және қылмыстық істі сотта қараған кезде қиындықтар туғызады.

Облыс прокуратурасы мамандары сот актілерінің әлеуметтікмаңызды категориялары болып табылатын алимент, жалақы өндіру және мемлекет пайдасына сот актілерін өндіру сұрақтарын қозғады. Сонымен қатар, атқарушылық жазбаларды жою процедурасына қатысты «Нотариат туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасалды.

Дөңгелек үстелдің қорытындысында атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындауда туындайтын проблемалық сұрақтарды бірігіп шешу туралы, сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен қолданыстағы заңнаманы бұзу фактілерін болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау туралы шешім қабылданды. Айтылған ұсыныстар Мәжіліс отырысында қаралуы үшін депутаттарға тапсырылды.

 

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button