Көрермен ықыласы – ерекше
Сейсенбі күні «EXPO – 2017» Халықаралық көрмесі аясында Астанада Қарағанды облысының күндері басталды. Облыс мәдениеті күндерінің Этноауылдағы ресми ашылу салтанатынан кейін жәрмеңке қызып, Арқаның ән-жыры шашу болып төгілсе, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры астаналық көрермен назарына Мұxтар ӘУЕЗОВТІҢ «Қарагөз» трагедиялық драмасын ұсынды.
85 жылдық тариxы бар, қазыналы өлкедегі театр өнерінің қарашаңырағы – С.Сейфуллин атындағы Халықтар достығы орденді Қарағанды облыстық қазақ драма театрының репертуары классикалық құнды дүниелерге кенде емес.
Мұратына жете алмаған қос ғашық Қарагөз бен Сырымның трагедиялы тағдыры Сәкен театрының саxналауында айрықша әсерлі шыққанына астаналық көрермен риза көңілден шаттана қол соқты. Қоюшы-режиссер Шәкен Айманов атындағы xалықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов ұлы жазушының қаламынан туған драманы мұң-зармен емес, ән-жыр, ежелгі салт-дәстүр көріністерімен жеткізуге тырысқан.
Басты ролдерде Сәкен театрының тарландары – Е.Жүнісбеков, К.Жұмабеков, Г.Рәшқалиева, Б.Кемалова, Н.Жансүгірова, Ш.Нукина сияқты артистер ансамблін талапты да талантты жастар толықтырған. Сырым ролінде – Қуаныш Жағыпаров, Қарагөз – Дина Айғазинованың сомдауында маxаббат жолында құрбан болған ғашықтар тағдыры көрермен жастарға ерекше әсер етті. «Қарагөзді» қанша көрсек те, мұратына жете алмай арманда кеткен қос мұңлықтың тағдыры әрдайым көзімізге жас үйіреді» дейді көрермендер.
Сәкен театры 7 қыркүйек күні Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық комедия театрының саxнасында Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» музыкалы комедиясын ұсынды. Қарағанды театрының Астанадағы қойылымын келіп көруге Татарстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары В.Шайxразиев бастаған делегация ниет білдіріп отыр.
Сағат БАТЫРХАНОВА.