Жаңалықтар

Қазақстанда «Балалар – назарына!» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы шығарылды

ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған республикалық «Балалар –назарына!» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Іс-шара барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүруіне ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері осындай 25 мыңнан астам фактіні анықтады.

ІІМ ата-аналарды балалардың қайда жүргеніне және уақытын қалай өткізетініне, әсіресе кешкі және түнгі уақытта бақылауды күшейтуге шақырды. Ведомство бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол инфрақұрылымына тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 3 мыңға жуық нұсқама берілді. Заңды талаптарды орындамағаны үшін 40-тан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар балаларды тасымалдайтын көлік құралдарының техникалық жағдайы тексерілді. Кәмелетке толмағандар білім алатын орындардағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Білім беру ұйымдарының әкімшіліктерімен бірлесіп нысандардың техникалық қорғалуын арттыру және оқушылар үшін қауіпсіз жағдай жасау жұмыстары жалғасуда.

Іс-шара аясында балалар мен ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.

Әкімшілік полиция комитеті балалардың қауіпсіздігіне, ең алдымен, ата-аналар жауапты екенін еске салады. Баланың қайда және кіммен жүргенін білу, оның мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайына назар аудару маңызды. Қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда полиция органдарына дереу хабарласу қажет.

Білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындарда және жолдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button