Жаңалықтар

Төр – ұстаздікі!

Бала үшін мектеп – білім алатын орын болса, ұстаз үшін ол – адам тағдырына әсер ететін үлкен әлем. Сыныпқа кірген мұғалімнің алдында ондаған бала отырады. Олардың әрқайсысының арманы, қабілеті, мінезі мен өмір жолы бөлек. Біріне білім керек болса, екіншісіне сенім, үшіншісіне бір ауыз жылы сөз қажет. Сол ерекшелікті байқап, баланың бойындағы мүмкіндікті аша білу – ұстаз еңбегінің көзге көріне бермейтін, ең қымбат қыры.Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деп бекер айтқан жоқ. Ал, Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп, ұстаз еңбегінің қоғамдағы орнын айқындады. Бір ғасыр өтсе де, бұл ойдың мәні өзгерген жоқ.Ұстаз болу – білім үйрету ғана емес, шәкірттің өзіне деген сенімін оятып, өмірден өз жолын табуына бағыт беру. Кейде мұғалімнің сабақ үстінде айтқан бір ауыз сөзі баланың есінде өмір бойы сақталып, оның мамандық таңдауына, арманына, тіпті тағдырына әсер етуі мүмкін.Ұстаз мәртебесі – бір мамандықтың беделі ғана емес, қоғамның білім мен адам капиталына берген бағасы.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысында бүгінде 24 691 педагог еңбек етеді. Оның ішінде, 17 421-і – мектеп мұғалімі, 4 951-і – мектепке дейінгі білім беру педагогі, 2 319-ы – колледж педагогі. Соңғы үш жылда өңірдегі педагогтер саны 23 100-ден 24 691 адамға дейін өскен. Бұл білім беру жүйесіндегі кадрлық әлеуеттің артып келе жатқанын көрсетеді.

Педагог мәртебесінің маңызды көрсеткішінің бірі – оның еңбегіне төленетін ақы. Қазіргі таңда өңірдегі мұғалімдердің орташа жалақысы 350-450 мың теңге аралығында. Ал, жоғары біліктілік санаты бар педагог-зерттеуші, педагог-шеберлердің және магистр дәрежесіне ие мамандардың табысы 600 мың теңгеден асады. Соңғы 4-5 жылда педагогтердің еңбекақысы 100 пайызға, яғни, екі есеге өсті. Бұған жыл сайынғы 25 пайыздық индекстеу және біліктілік санаты үшін төленетін үстемеақылар әсер етті.

Алайда, мәртебе тек жалақымен өлшенбейді.

Қазіргі педагогтен кәсіби білімімен қатар, жаңа оқыту әдістерін меңгеру, цифрлық құралдарды пайдалану, оқушының жеке қажеттілігіне қарай жұмыс істеу және үнемі ізденісте болу талап етіледі. Осыған байланысты өңірде педагогтердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Мұғалім мәртебесін кәсіби көрсеткіштермен ғана өлшеу жеткіліксіз. Оның қоғамдағы орны оқушыға білім үйретумен шектелмейтін жауапкершілігімен айқындалады. Бүгінгі ұстаз баланың білім алуына бағыт беріп қана қоймай, оның сыни ойлауына, ақпаратты саралауына, мамандық таңдауына, қоғамдағы өз орнын табуына ықпал етеді. Әсіресе, цифрлық ақпарат ағыны күшейген кезеңде мұғалімнің бағыт-бағдар беруші ретіндегі рөлі арта түсті.

Бүгінде педагогтер үшін біліктілікті арттыруға, аттестаттаудан өтуге және кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін жүйелі жағдай қалыптасқан. Педагогтің еңбегін бағалау тек оның сабақ беруімен шектелмейді.

– Қазіргі таңда мұғалімге қойылатын талап – жоғары. Бірақ, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік те көп. Біліктілікті арттыру курстарына қатысып, жаңа әдістерді меңгеру, тәжірибе алмасу, біліктілік санатын көтеру – мұның барлығы ұстаздың өз еңбегіне деген жауапкершілігін арттырады. Меніңше, мұғалім мәртебесі ең алдымен, оның еңбегіне деген құрметтен басталады. Ұстаздың еңбегі бағаланып, кәсіби дамуына жағдай жасалған кезде ол өз кезегінде оқушысына сапалы білім беруге бар күшін жұмсайды. Сондықтан, педагог үшін ең маңыздысы – тынымсыз ізденіп, заман талабына сай болу, – деді №23 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Айгүл Мухсинова.

2026 жылы педагогтердің кәсіби дамуына арналған жұмыстар жалғасын тапты. Жылдық жоспар бойынша түрлі ұйымдарда біліктілікті арттыру курстарынан 4 645 педагогтің өтуі көзделген. Оның 3 442-сі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына тиесілі. 22 қыркүйектегі мәлімет бойынша 2 051 педагог аталған курстардан өткен. Жалпы 2026 жылы біліктілікті арттыру курстарынан 3 972 педагог өтті.

Кәсіби өсудің тағы бір көрсеткіші – біліктілік санаты. Бүгінде жаңа аттестаттау жүйесі бойынша облыста 18 699 педагог немесе жалпы педагогтердің 75,7 пайызы біліктілік санатына ие. Оның ішінде педагог-модераторлар – 40,1 пайыз, педагог-сарапшылар – 23,1 пайыз, педагог-зерттеушілер – 12,3 пайыз, педагог-шеберлер – 0,2 пайыз.

Мектеп педагогтері арасында да бұл көрсеткіш – жоғары. Өңірдегі 17 421 мектеп педагогінің 73,4 пайызы біліктілік санатын алған. Олардың 34,7 пайызы – педагог-модератор, 24 пайызы – педагог-сарапшы, 14,5 пайызы – педагог-зерттеуші, 0,2 пайызы – педагог-шебер.

Біліктілік санаты – мұғалімнің кәсіби жолындағы белгілі бір белес. Бір маман үшін алғашқы санатын алу болса, енді бірі үшін педагог-зерттеуші немесе педагог-шебер деңгейіне көтерілу. Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнің кәсіби өсуіне арналған баспалдақ қалыптасып келеді.

Қарағанды облысы білім басқармасының кадр қызметі бөлімінің басшысы Жанат Жұмагелдинаның айтуынша, педагогтің кәсіби дамуы мен еңбек жағдайын жақсарту – кадр саясатының маңызды бағытының бірі.

– Бүгінде педагогтер үшін біліктілікті арттыруға, аттестаттаудан өтуге және кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін жүйелі жағдай қалыптасқан. Педагогтің еңбегін бағалау тек оның сабақ беруімен шектелмейді. Оның кәсіби жетістігі, біліктілік санаты, білімін жетілдіруге ұмтылысы да маңызды. Сондықтан, педагогтерді кәсіби тұрғыдан қолдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі, – дейді Жанат Жұмагелдина.

Әрине, білім беру саласында еңбек құқықтарына қатысты мәселелер де кездеседі. Оқу сағаттарын бөлудегі келіспеушіліктер немесе педагогтің тікелей міндетіне жатпайтын тапсырмаларды жүктеуге байланысты өтініштер бар. Мұндай жағдайларда азаматтардың өтініштері қолданыстағы заңнама аясында қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Мұғалім мәртебесі ауыл мен қала арасындағы білім сапасының айырмасын азайту мәселесімен де сабақтас. Әсіресе, ауыл мектептері үшін білікті кадрдың тұрақтылығы маңызды.

Бүгінгі ұстаз – өзгерістерге бейім білім беру жүйесінің ортасында тұрған маман. Бір жағынан, одан жоғары кәсіби шеберлік талап етіледі. Екінші жағынан, осы талапқа сай болу үшін біліктілігін арттыруға, санат алуға, жаңа әдістерді меңгеруге мүмкіндік берілуі тиіс. Мұғалім мәртебесінің мәні де – осында.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button