Жаңалықтар

«Газет – өмірдің, қалам көңілдің айнасы»

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тарихы – қазыналы Қарағандының сырлы шежіресімен сабақтас. 1931 жылдың 4 қазанында «Қарағанды пролетариаты» атауымен жарық көрген басылым кейін «Советтік Қарағанды» деген атқа ие болып, 1963 жылдан бері «Ortalyq Qazaqstan» атауымен оқырманымен жүздесіп келеді. Газеттің алғашқы қалыптасу жылдарында Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Саттар Ерубаев секілді қазақтың көрнекті қаламгерлері еңбек етті. 1933-1935 жылдары аты Алашқа мәшһүр жазушылар Сәбит Мұқанов пен Бейімбет Майлин Қарағандыға арнайы келіп, шахтерлердің өмірі мен еңбегін қаламына арқау етті. Сол дестелі дәстүрді жалғастырған қаламгерлер қатарында Өтен Ахметтің де мүбәрәк есімі бар. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, жазушы, драматург, журналист 1967-1987 жылдары атаулы газетте меншікті тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Сол жылдардың редакциялық өмірі қалай өрбіді? Журналистен заман қандай жауапкершілік талап етті? Бүгінгі журналистикаға сол кезеңнен не жетті? Осы сынды сауалдардың жауабын кейіпкеріміздің өзінен білмекке талап еттік…

 Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Өтен аға, Сіздің балалық шағыңыз теміржол бойында өтті деп білеміз. Алысқа ағылған пойыздар, стансадағы қауырт тіршілік, жол үстінде тоғысқан адамдар… Осындай ортада өткен жасөспірім шағыңыздан қандай суреттер жадыңызда сақталып қалды екен? Есті сөзге деген алғашқы іңкәрлік сол шақтан бастау алғандай…

– Мен 1938 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, теміржолшы отбасында дүниеге келдім. Ол заманның бедерінің бөгенайы тым бөлек-тұғын. Тіршілік тіні теміржол мен алып өндіріс ошақтарына байланғандай болатын. Әйтеуір, ақзер дүниеге зер сала бастаған шақтан-ақ әрне болсын, қарақан басымызды бей-жай қалдырмағанын қоса аңдайтынмын. Қайран Қызылорда небір сөз сүлейлерінің қасиетті мекені ғой. Сөз баққан халықтан болған соң ба екен, қара сөздің астарына үңіле жүріп қасиетін сезінгіміз келетін. Бала шағымыздан бастап жыр-терме жолдары жадымызда жаңғырып тұратын. Әсіресе, Тұрмағанбет шайырдың әр сөзі бойымызға рухани нәр берді. Ол шақтағы баланың бәрі дерлік ерте есейетін. Естияр шағыма табан іліктіріп, сегізінші сыныпты тәмамдасымен Жезқазғанға келдім. Шахтада еңбек еттім. Күндіз – жер астындағы қарекет, кешке – мектеп партасы. Жұмысшы жастар мектебінде оқып, орта білім алдым. Сауалыңыздың төркініне келсек, нендей құдірет қармағанын анық білмеймін. Бірақ, тағдыр жолымда жақсы кісілер кезіксе керек. Табан жолыма іліккен сүрлеуге қаймықпай, қорықпай қадам басуға тырыстым. Негізгі мұрат – алдымен Азамат болу еді.

– Жезқазғандағы шахтадан кейінгі жолыңыз сізді сол кездегі ҚазМУ-ға алып келді. Филология факультетін тәмамдап, қайтадан Сарыарқаға келіп, Қарсақбай мектебінде тарих пен қоғамтанудан сабақ бердіңіз. Бірақ, бір кезде мектеп тақтасын газет редакциясына алмастырдыңыз. 1967 жылы журналистикаға келуіңізге не себеп болды?

– Өндірістің өр-ылдиын өз көзімен көріп-білген жас азамат әлбетте білгенін қағазға түсірмек ниетте болар еді. Біз де осы ойды мықтап қармандық. Алғашқы кітабым «Алыптың адымы» деген атаумен 1968 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Байқасаңыз, тақырыбы да, нысаны да салмақты. Балқаш тау-кен металлургия комбинатының тіршілігін өзек еттік. Сол кездегі жас журналист үшін көкше көлдің жағалауындағы алпауыт өндірістің тынысына еніп, жұртшылыққа таныстыру оңай болмағанымен, мақсатымыз орындалды. Талай кәнігі маманмен жүздестік. Бізді өндірістің ауқымы да, сол алып нысанды тұрғызған адамдардың тағдыры да терең толғандырды. 1973 жылдан 1982 жылға дейін теледидар мен радио саласында бас редактор болып, тұтас бір буынның ақпарат кеңістігін қалыптастыруға араластық. 1982 жылы «Орталық Қазақстанның» табалдырығын аттадым. Тап сол жылы «Қоңыр үй» романымның да жарық көруі – әдебиет пен журналистиканың қатар өрілген кезеңі екен. Бір сөзбен айтсақ, газет өмірдің, қалам көңілдің айнасы. Қызылордада туып, бар саналы ғұмырым Қарағандыда өрбіді. Қарағандының өсіп-өркендеуіне аянбай атсалыстық. Шоқтығын биікке көтердік. Сол замананың тынысын тамыршыдай тап бастық. Құдай берген қуаттың арқасында біршама іс тындырдық.

– Ол шақтағы редакцияның тыныс-тіршілігі қандай еді?

– Қауырт еді. Ол редакция тым-тырыс отыратын жер емес еді. Қайнаған тіршілік, тынымсыз қозғалыс болатын. Таңертеңгі лездемеден басталып, әркімнің қайда баратыны, кімге қандай тапсырма жүктелетіні анықталатын. Біріміз шахтаға, біріміз совхозға, енді біріміз зауытқа аттанатынбыз. Ол дерінде жалпы әр газетке өзінің сара жолынан айнымағаны маңызды деп білеміз. Әлбетте, веб-кеңістік өріс алған қоғамда басылым бетіне эксклюзивті дүниелер жарияланса деген ойымыз бар.

Дайын ақпараттың соңынан ермей, ел ішіне барыңыздар, еңбек адамының қасына көбірек ілесіңіздер, сөзін тыңдаңыздар. Нағыз дүние кабинетте ғана тумайды. Өмірдің өзіне араласқанда, халықтың қуанышы мен мұңын бірге сезінгенде жазушы да, журналист те толысады. Қаламның қуаты – шындықта. Ал, оқырманға айтар тілегім – «Орталықпен» бірге болыңыздар. Газет пен оқырманның арасы үзілмесе, сөздің де ғұмыры ұзарады. Тоқсан бес жыл бойы басылымды биіктетіп келген де – сол сенім. «Орталықтың» келесі белесінен ғасырға аяқ басқан шағын көргім келеді. Әйткенмен, ғасырлық меженің өзі соңғы мақсат болмауға тиіс. Газет заманмен бірге жаңарып, заманнан бір қадам озық жүрсе екен.

Жаңа заманғы «Орталық» нендей қағидаттарды басшылыққа алуы қажет деп санайсыз? «Орталық» – «Орталық» болғалы, «мінезді басылым» деген ерек атауына ие қара шаңырақ. Осы заман белестері де жалпы әр газетке өзінің сара жолынан айнымағаны маңызды деп білеміз. Әлбетте, веб-кеңістік өріс алған қоғамда басылым бетіне эксклюзивті дүниелер жарияланса деген ойымыз бар. Жас журналистер көбірек, тереңірек ізденсе, құба-құп. Уақыт өзгереді, технология дамиды, оқырманның талғамы да түрленеді. Бірақ, газеттің өзіне тән мінезі жоғалмауы керек. «Орталықтың» тоқсан бес жылдық жолында қалыптасқан ең үлкен капиталдың бірі де – осы мінезі. Жаңа медианың мүмкіндігін пайдалана отырып, қара шаңырақтың дәстүрін сақтай білу – бүгінгі буынның еншісіндегі міндет. Оқырман интернеттен ақпаратты әп-сәтте табады. Ал, терең ойды, тың деректі, эксклюзивті әңгімені, адамның жанын қозғайтын сөзді іздейтін орын әлі де бар. Сол орынды «Орталық» өз биігінен көрсетсе дейміз.

Шахтадан не даладан орала сала, көрген-білгеніңді суытпай машинкаға отырып қағазға түсіру – қалыпты жұмыс тәртібі. Таңнан кешке дейін жазу машинкаларының тықылы естіліп тұратын. Телефон дамылсыз шырылдап, оқырман хаттары да қаптап келетін. Әр хат оқылып, әрқайсысына жауап беруге тырысатынбыз. Газет саны шығатын күндердің келбеті, тіпті, бөлек. Әр тақырыптың, әр сөйлемнің, кейде бір үтірдің өзін талқылап, түн ортасына дейін отыратын кездеріміз болды. Газеттің бояу иісі аңқыған жаңа санын қолымызға алғанда, ерекше сезімге бөленетінбіз. Өз қолыңнан шыққан дүниені көргендей, газетке перзентіңдей қарайтынсың. Сол кезеңнің талабы да, жауапкершілігі де жоғары еді. Газетке шыққан сөзге журналист өзі жауап беретін. Сондықтан, дерек пен цифрды қайта-қайта тексеретінбіз. Асылында соған сай газеттің де беделі биік болды. Оқырман газетке сенді, мұңын да, қуанышын да соған жеткізді. Ұжымымыз да ұйымшыл еді. Үлкендер кішілерге ақылын аямайтын, дәлізде күлкі естіліп тұратын, үзілісте әдебиет жайын сөз ететінбіз. Мен үшін редакция нағыз мектеп болды. Сол жерде журналистің халықпен бірге өсетінін терең түсіндім.

– Өтен аға, аға буын өкілі ретінде бүгінгі газет ұжымына айтар аманатыңыз қандай? Қара шаңырақтың қаламгерлеріне, жас журналистеріне, талай жылдан бері газеттің сөзін күтіп оқитын оқырманға қандай тілек айтар едіңіз? «Орталықтың» келесі белесінде қандай биіктерді көргіңіз келеді?

– Аманат деген – кейінгіге айтылған ақыл, алдыңғы буынның артында қалдырған ізі ғой. «Орталықтың» тоқсан бес жылдық тарихына қарап отырсақ, талай тарланның табы қалғанын көреміз. Сол жолды жалғаған бүгінгі ұжымға айтарым – газетке адал болыңыздар. Қаламға адал болыңыздар. Ең бастысы, халықтың сөзін сөйлейтін мінезден айырылмаңыздар. Жас журналистерге іздене түсіңіздер дер едім. Дайын ақпараттың соңынан ермей, ел ішіне барыңыздар, еңбек адамының қасына көбірек ілесіңіздер, сөзін тыңдаңыздар. Нағыз дүние кабинетте ғана тумайды. Өмірдің өзіне араласқанда, халықтың қуанышы мен мұңын бірге сезінгенде жазушы да, журналист те толысады. Қаламның қуаты – шындықта.

Ал, оқырманға айтар тілегім – «Орталықпен» бірге болыңыздар. Газет пен оқырманның арасы үзілмесе, сөздің де ғұмыры ұзарады. Тоқсан бес жыл бойы басылымды биіктетіп келген де – сол сенім. «Орталықтың» келесі белесінен ғасырға аяқ басқан шағын көргім келеді. Әйткенмен, ғасырлық меженің өзі соңғы мақсат болмауға тиіс. Газет заманмен бірге жаңарып, заманнан бір қадам озық жүрсе екен. Жаңа буын келсін, жаңа есімдер танылсын, жаңа сөз айтылсын. Бірақ, соның бәрінің ар жағында «Орталықтың» өзіне тән мінезі, елге деген жауапкершілігі, сөзге деген құрметі сақталса екен. Бір кезде біз осы қарашаңырақтың табалдырығын аттадық. Енді сол табалдырықтан кейінгі ұрпақ аттап келеді. Әр буын газетке өз дәуірінің таңбасын қалдырады. Біздің тілегіміз – сол таңба ел жадында қала­тын, уақыт сынынан өтетін жақсы сөзден тұрса екен. «Орталықтың» ғұмыры ұзақ, қаламы қуатты, оқырманы ормандай көп болсын!

– Сүбелі сұхбатыңыз үшін мың алғыс, аға!

Сұхбаттасқан
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button