Халық Конституциясы

Конституцияның нормалары – білім саласына құқықтық негіз

Биыл  Қазақстанның Конституциялық    тарихы жаңарып, білім беру жүйесі үшін жаңа кезең басталды. Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілде күшіне енді. Осылайша 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтап, елдің құқықтық жүйесі жаңа негізгі заңға көшті.

Жаңа Ата заңдағы білімге қатысты ең маңызды өзгерістердің бірі – адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекіту. Конституцияның 3-бабының 2-тармағында Қазақстан осы төрт бағытты стратегиялық басымдық деп таниды. Ал Конституцияның кіріспесінде мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтары мемлекет бағдар тұтатын негізгі құндылықтардың қатарында аталған. Бұл – жай ғана декларациялық ұстаным емес. Өйткені Конституцияның нормалары білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді бағытына құқықтық негіз болады. 

Енді білім беру, ғылым, технология, педагог кадрларды даярлау және адам капиталын дамыту мәселелері мемлекеттің даму стратегиясымен тікелей байланыста қарастырылады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛМ

Қағазбастылық – өзекті мәселе

Конституциялық деңгейдегі басты жаңалық – білім мен адам капиталын мемлекеттің стратегиялық бағытына көтеру. Ал осы қағиданың нақты мазмұны салалық заңдарда, мемлекеттік бағдарламаларда, министрлік бұйрықтарында және бюджет саясатында тікелей көрініс табады. Осы орайда биыл педагогтерге тікелей қатысты бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданды. «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды.

Білім беру саласындағы реформалардың маңызды бағыттарының бірі педагогті өзінің тікелей міндетіне қатысы жоқ жұмыстардан босату болып келеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң педагогтердің ерекше мәртебесін бекітіп қана қоймай, олардың өзіне тән емес функцияларды орындауына шектеу қоюды негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес педагогтен Қазақстанның білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап етуге, сондай-ақ бір құжатты бір мезгілде қағаз және электронды түрде жүргізуді міндеттеуге қатысты жауапкершілік нормалары нақтыланды.

Заң 2026 жылғы 12 маусымда қабылданған №310-VIII заңмен бекітілді және алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Бұл норманың практикалық маңызы үлкен. Себебі мұғалімнің негізгі жұмысы – сабақ беру, оқушының білімін бағалау, тәрбиелік жұмыс жүргізу, баланың қабілетін дамыту. Артық есеп, қайталанатын ақпарат және бір құжатты бірнеше форматта толтыру ұстаздың уақытын алады. Демек, жаңа кезеңдегі басты ұстанымдардың бірі – мұғалімнің жұмыс уақытын қағаз толтыруға емес, балаға жұмсау.

Аттестаттау жүйесі жаңарды

2026 жылғы ең маңызды жаңалықтардың бірі – педагогтерді аттестаттаудың жаңа моделін сынақтан өткізу. Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы 5 маусымдағы бұйрығымен педагогтерді аттестаттаудан өткізудің пилоттық жобасы бекітіліп, оны 1 қыркүйектен бастап іске қосу көзделді. Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жүргізілмек.

Жаңа модельдің басты ерекшелігі – педагогтің кәсіби қызметін бағалауда тек тест нәтижесіне сүйенбеу. Ресми түсіндірмеге сәйкес, жаңа тәсілде педагогтің және оның білім алушыларының жетістіктері, оқу-тәрбие жұмысының сапасы, кәсіби жобаларға қатысуы, педагогикалық тәжірибені таратуы секілді нақты кәсіби көрсеткіштер ескеріледі.  Бұл өзгерістің мәні – «мұғалім қанша сұраққа дұрыс жауап берді?» деген өлшемнен «мұғалімнің кәсіби жұмысының нақты нәтижесі қандай?» деген өлшемге біртіндеп көшу.

Ұстаз және жасанды интеллект

Білім беру жүйесіндегі ең үлкен өзгерістердің бірі – жасанды интеллект. Биылғы Президент Жарлығында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша 2026-2029 жылдарға арналған кешенді шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды. Құжатта цифрлық инфрақұрылым, дербес оқыту тетіктері, педагог кадрларды даярлау және оқушылардың дербес деректерін қорғау мәселелері қамтылған. Сонымен бірге педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын және жасанды интеллект технологияларын мұғалімді алмастырмай, білім беру процесінде қосымша құрал ретінде пайдалануды қамтамасыз ету көзделген.

Мемлекет ұсынған модельде жасанды интеллект мұғалімнің орнына келетін маман емес. Керісінше, ол ұстаздың жұмысын жеңілдететін технологиялық құрал ретінде қарастырылады.

2026-2027 оқу жылынан бастап бұл бағыт мектеп бағдарламасына да еніп отыр. 1-4 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп аталады. 5-11 сыныптарда «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіледі.

Мұғалім жұмысының мазмұны өзгереді

2026-2027 оқу жылында мектеп бағдарламасына жаңа міндетті курстар енгізілді. 5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздері», 8-11 сыныптар «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптар «Жеке қауіпсіздік» курстарын оқиды. Бұл өзгеріс мұғалімдердің жұмыс мазмұнына да әсер етеді. Өйткені жаңа курстарды сапалы өткізу үшін педагогке тек дайын материалды жеткізу жеткіліксіз. Оқушыға құқықтық сауаттылықты, жауапты мінез-құлықты, қауіпсіздік мәдениетін түсіндіру қажет. Бұл жерде пән мұғалімі мен сынып жетекшісінің тәрбие жұмысы да жаңа мазмұнмен толығады.

Биылғы оқу жылынан бастап 2-4 сыныптардағы бағалау тәсілі жаңартылды. Критериалды бағалау жүйесі сақталғанымен, қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі, ал бұрынғы форматтағы тоқсандық жиынтық жұмыс жеке өткізілмейді.

Негізгі назар оқушыға тұрақты кері байланыс беруге, оның оқу барысындағы ілгерілеуін бақылауға және қиындықтарды дер кезінде анықтауға аударылады. Бұл өгеріс мұғалім үшін де маңызды. Себебі бағалау енді тек тоқсан соңындағы нәтиже емес, баланың оқу барысындағы дамуын бақылаудың құралы ретінде қарастырылады.

Биылғы жылдан басталған өзгерістердің шынайы нәтижесі Конституция мәтінінен ғана емес, оның білім беру жүйесінде қаншалықты нақты орындалатынын байқатты. Жаңа өзгерістер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Back to top button