Мұғалім болу тәуекел ме?
Мектеп табалдырығын аттаған жас ұстаздың қолында тек диплом емес, тұтас бір буынның ертеңіне әсер ететін жауапкершілік бар. Мектеп дәлізіндегі қоңырау үні өзгерген жоқ. Сол қоңырауға ілесіп, сыныпқа кіретін мұғалімнің бейнесі өзгеріп келеді. Бүгінгі ұстаздың қолында бордан бөлек цифрлық құрал, алдында кітаптан бөлек интернеттен ақпарат іздейтін оқушы отыр. Ал, осы өзгерген мектепке кімдер келіп жатыр?

2025-2026 оқу жылында Қазақстанның білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас педагог жұмысқа қабылданған. Оның үстіне педагог мамандығына жастардың қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. 2024-2025 оқу жылында 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагогикалық бағытты таңдаса, кейінгі қабылдауда бұл көрсеткіш 2 мыңнан асқан. Осы жылы мектепке келген әрбір жас маманның артында саналы таңдау бар.
Мұғалімдікке келетіндердің барлығы бірдей педагогикалық университеттің жаңа түлегі емес. Қазіргі мектепке мұғалім болып келудің жолы да өзгерді. Қарағанды облысында басқа саладан жоғары білім алған мамандарды педагогикаға қайта даярлау тәжірибесі енгізілген. Ресми мәлімет бойынша, осындай қайта даярлаудан кейін 33 адам мектепке жұмысқа орналасқан. Бұл – «мұғалім болу үшін міндетті түрде бала кезден осы мамандықты таңдау керек» деген түсініктің біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Бір маман мектепке университеттен кейін бірден келеді. Екіншісі басқа салада жүріп, кейін ұстаздықты таңдайды. Үшіншісі ауылға барып, өзіне жаңа орта қалыптастырады. Ал, олардың бәріне ортақ бір нәрсе бар. Ол – мектепке келгеннен кейін де үйренуді жалғастыру қажеттігі.
Мұғалімдікке қызығушылықтың артқанын жоғары білім статистикасы да көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылының басында Қазақстанның жоғары оқу орындарына 208,9 мың адам қабылданған. Солардың ішінде ең көп таңдалған бағыт – педагогикалық ғылымдар. Жаңадан қабылданған студенттердің 25,4 пайызы осы бағытты таңдаған.
Өңірдің білім беру ұйымдарында 25 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Ресми мәліметтерде білім беру жүйесіне жыл сайын 600-ге жуық жас педагог қосылатыны көрсетілген. 2024 жылы облыс бюджеті есебінен педагогикалық мамандықтарға 20 грант бөлініп, 50-ден астам түлек білім беру ұйымдарындағы ұжымдарды толықтырған. 600 жас маман дегеніміз – 600 жаңа көзқарас, 600 түрлі өмір жолы, 600 түрлі сыныптағы жаңа тәжірибе.
– Бастауыш сынып мұғалімі болу – мен үшін үлкен жауапкершілік. Себебі, баланың мектептегі алғашқы қадамы дәл осы кезеңнен басталады. Әріп танып, алғаш рет өздігінен оқып, есеп шығарып үйренген сәттерін көрудің өзі – ерекше қуаныш. Маған балалардың әр жетістігі маңызды. Кейде кішкентай ғана қадамының өзі үлкен еңбектің нәтижесі болады. Сондықтан, әр оқушыға жеке көңіл бөлуге тырысамын. Жас маман ретінде өзім де көп нәрсе үйреніп келемін. Ұстаздықты таңдағаныма қуаныштымын. Ұстаздық мені күн сайын ізденуге және өзімді дамытуға жетелейді, – дейді №88 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мерей Әлжанова.
Жас маманның ұстаздық жолы кейде үлкен қаладан емес, ауыл мектебінің шағын сыныбынан басталады. Мұнда мұғалімнің міндеті жаңа сабақты түсіндірумен шектелмейді. Ол кейде оқушының олимпиадаға дайындығына көмектеседі, кейде ауыл баласының үлкен қаладағы университет туралы арманына жол ашады. Ауылға барған жас педагогтің бір сағаттық сабағының өзі бір баланың өмірлік таңдауына әсер етуі мүмкін. Сол себепті жас маманды мектепке тарту ғана емес, оны ұстап қалу мәселесі де маңызды.
Бүгінгі мұғалімнің алдында бұрынғыдан да көп мүмкіндік бар. Бірақ сонымен бірге талап та жоғары. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша, Қазақстанның білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның ішінде, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 217 заманауи мектепте 16 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Технология дәуірінде дүниеге келген бүгінгі оқушы үшін цифрлық орта таңсық емес. Смартфон, компьютер, жасанды интеллект оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Мұндай жағдайда информатика мұғалімінің міндеті де өзгеріп келеді. Осы бағытта еңбек етіп жүрген жас педагогтің айтуынша, бұл мамандық үнемі ізденісті талап етеді.
– Информатика пәнін таңдаған себебім – технологияның бала өміріндегі рөлі күн сайын артып келеді. Қазір оқушы дайын ақпаратты ғана қабылдамайды, өзі іздейді, бағдарлама құрады, цифрлық құралдарды қолданады. Информатика мұғалімінің міндеті – технологияны үйретумен шектелмей, оны дұрыс әрі қауіпсіз пайдалануға бағыттау деп ойлаймын. Әсіресе, жасанды интеллект дамып жатқан кезеңде мұғалімнің өзі де үнемі ізденуі керек. Мен үшін ең қызығы – оқушының өз қолымен жасаған жобасының нәтижесін көру. Сол кезде сабақтың жай ғана кестеге сай өткенін емес, нақты дағды қалыптасқанын сезінесің, – дейді М.Жұмабаев атындағы гимназияның информатика пәні мұғалімі Алтыншаш Бақтыбайқызы.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» деген. Бір ауыз сөздің өзінде ұстаздың мектептегі ғана емес, қоғамдағы салмағы жатыр. Бүгін сол төрге жаңа буын келіп отыр. Олар – технологияны меңгерген жастар. Ақпараттың ортасында өскен ұрпақ. Өз ойын ашық айтуға үйренген мамандар. Мектепте олардың ең үлкен сынағы технологияны қаншалықты білетінімен емес, баланың жүрегіне қаншалықты жол таба алатынымен өлшенеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



