Көне бұйым — достық дәнекері

Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінде тұрған осы бір қарапайым бұйымды ұлттар арасындағы риясыз достықтың шынайы көрінісі деуге болады. Қызыл өкіметтің шолақ белсенділерінен зәбір көрген жандардың ортақ қайғысы олардың арасындағы достықтың өрбуіне ықпал етті. Қазақ елі қуғын көрген ұлттарды өгейсімей, бауырға басса, олар да ризашылығын жақсылықпен қайтара білді…

Өлкетану мұражайының аға қызметкері Татьяна Хмелеваның айтуынша, Теміртаудың тарихы берідегі Магнитканың құрылысынан емес, одан әріректегі Жауыртау қыстауын мекендеген қазақ ауылдарынан басталады. Ресейді Романовтар әулеті билеп тұрған кезеңде Жауыртаудың баурайындағы шұрайлы жерлер жергілікті халықтан тартып алынды. Бос қалған қонысқа Ресейдің Самара облысында тұратын неміс ұлтының өкілдері қоныстанады. Олар қысқа уақыттың ішінде қазақ тілін үйреніп, жергілікті халықпен біте қайнасып кеткен. Тіпті, Самарқандтағы алғашқы мектепте қазақ және неміс тілінде білім берген.

– Мұражай қорындағы естеліктерге зер салсаңыз, жергілікті тұрғындар мен қуғын көрген ұлт өкілдерін ортақ тағдыр, заманның қиындығы біріктіргенін көреміз. Туған жерлерінен жыраққа кетіп, өздеріне беймәлім ортаны мекен етуге келген жандар қазақ елінің қамқорлығының арқасында аман қалды. Олар ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан, дос, тіпті, туыс болып кетті. Соның бір айғағы ретінде осы майшайқағышты атап көрсетуге болады, – дейді Татьяна Хмелева.

Көне бұйым. Рас, бір кездері тұрмыстың негізгі қажеттіліктерінің бірі болды. Ал, қазір ше? ХХІ ғасырда ешкім майшайқағышты қолданбасы анық. Оның ендігі орны мұражай болуы тиіс. Әрі өткен дәуірдің, ұлттар арасындағы татулық пен достықтың куәгері. Сондықтан да Мұсабековтер әулеті оны музей қорына тапсырған.

– Біз сегіз ағайынды едік. Әрі, көрші үйдің балалары да біздің үйімізде жүретін. Біреуі қап-қара, екіншілері сары, үшіншілері ақ… Анам ешкімді бөлектеп, кеудесінен кері итермеді. Бәріміз бір дастарханда отырып, анам дайындаған талқанды қорек еттік. Күндіз үй шаруасынан қолы босамайтын анам түн жарымына дейін қолмен май шайқайтын. Өте ауыр жұмыс. Бірде, анамның қиналып жүргенін көрген көрші неміс ата бізге майшайқағыш сыйлады. Өз тілінде оны қалай қолдану керектігін түсіндірді. Неміс атаның тілін білмесек те, оның айтқанын түсіндік. Сол кездегі анамның қуанғанын көрсеңіз ғой, – дейді Мағиза Мұсабекова өз естелігінде.

Қиын-қыстау заманда бір-біріне иық тіресіп, татулық пен бауырмалдықтың арқасында бейбіт өмірге қадам басқан әулеттің ұрпақтары бүгінде Теміртау қаласында тұрады. Екі ұлт, екі түрлі мәдениет – ортақ тағдыр.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»