Көмескіленбес көшелі болмыс
Арқа журналистикасының дамуына елеулі еңбек сіңірген, қаламы қарымды, талай журналиске ұстаз болған, белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Қуандық Шамахайұлына өзі қызмет жасаған оқу орны Қарағандыдағы Е.Бөкетов университетінде бұрыш ашылды. Ізгілікті іс журналистика кафедрасының құрылғанына 30 жыл толуына арналған шаралар аясында жүзеге асты.
Қуандық Шамахайұлы 1960 жылы 1 қаңтарда Моңғолияда дүниеге келген. 1983 жылы Моңғол мемлекеттік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын «Ардын эрх» және «Ил товчоо» газеттерінде бастаған.
Өзге елде жүрген қандастарымыз отанына үдере қоныс аударған ұлы көшпен бірге 1993 жылы Қуандық Шамахайұлы да атамекеніне оралады. Елін, жерін аңсап келген қарымды журналист Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне қызметке орналасып, шәкірт тәрбиелеуге белсене араласады. Ұстаздық еткен жылдарында өзінің білім-біліктілігі, таным-түйсігінің кеңдігі, парасаттылығы жағынан оқ бойы озық тұрды. Заман ағысына ілесе отырып, шәкірттерінің озық ойлы болуына аянбай еңбек сіңірді. Осындай ұстаздан тағылым алған шәкірттері, көзкөрген замандастары, қызметтес әріптестері мен жазушы-журналистің отбасы аталмыш шараға арнайы келіп, естеліктерін бөлісті.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, өзі жоқ болғанымен шәкірттері бар ұстаздың соңына қалдырған еңбектері өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Шараның ашылуында сөз алған филология факультетінің деканы Елдос Түйте жылы лебізін білдіре келе, соңына өшпес мол мұра қалдырған Қуандық Шамахайұлының шығармашылығын журналистика саласына машықтанып жүрген студенттерге насихаттаудың маңызына тоқталып өтті.
Ұлағатты ұстаз туралы ардагер журналистер Әли Тойжігіт, Ермек Балташұлы, Рахима Шарипова, бірге қызметтес болған Қойлыбай Асанов, Жанболат Бөжік, журналистика кафедрасының меңгерушісі Жанар Рамазанова, шәкірттері Ерқазы Сейтқали, Гүлмира Аманжолова, Жазира Есепхан, қарындасы Сайра Шамахай естеліктерін бөлісті. Ұлағатты ұстаздың «Шөлейт жақта» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
– Қазақстанға оралуға ниеттеніп жүрген кезі болуы керек. Жұмыс орныма келді. Атақонысқа оралатындығын айтып, жұмыс табуға көмек көрсетерсіз деген өтінішін жеткізді. Өзі журналист, өзі сөзге ширақ азаматтың жерде қалмайтынын бірден түсіндім. Әрі қазақ тіліне деген ерекше құрметіне тәнті болдым, – дейді ардагер журналист Әли Тойжігіт.
Шәкірттері де ол кісінің адамгершілігінен бөлек сабақ берудегі ерекше шеберлігіне тоқталды. Әр шыққан материалды талдау, басылымдарды қалт жібермей қадағалап отыру, шәкірттерін жігерлендіруі олардың ізденуіне даңғыл жол салғандығын тілге тиек етті.
– Адам өлген күні өлмейді, еске алмаған күні өледі» дейді халық даналығы. Былтыр қапияда көз жазып қалсақ та, Қуандықты замандастары, әріптестері, ауылдас достары, шәкірттері, бауырлары ұмытпай, үнемі құрметпен еске алып келеді. Бұл әрине, марқұмның қысқа да болса өнегеге толы мағыналы ғұмыр кешкенінің айғағы. Расында оның өмір тарихы, жүріп өткен жолы оның дара дарынын, биік парасатын, ешқашан мұқалмаған қажыр-қайратын, ел мүддесі, ұлт тағдыры жолындағы қайтпас азаматтық ұстанымын көрсетеді, – деп тебіреніспен еске алды жары Айша Құрманғали.
Саналы ғұмырында соңына өшпес із қалдырған Қуандық Шамахай Л.Гумилев атындағы университетте, Шабыт және Қаржы академиясында ұстаздық етті. Филология ғылымында көп ізденіп, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, қауымдастырылған профессор дәрежесін иеленді. Көптеген оқулықтар мен монографиялар жазды, 200-ге жуық ғылыми мақалалар шығарды.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz