Басты тақырыпТұлға

Күмбірлеп күй төгілді күн астында

Арқадағы есті қазақ күй өнері десе – Тәттімбет, Тәттімбет десе – күй-құдірет дейтіні өтірік емес. Тәтекеңнен кейін Итаяқ, Қыздарбек, Тоқа, Әбди, Сембектер салып кеткен ұлы сарынды бүгінге Әбікен ХАСЕНҰЛЫ, Аққыз АХМЕТҚЫЗЫ, Мағауия ХАМЗИНДЕР жалғап, Ұлы Даланың үнін мәңгілік сарынға ұластырды. Арқа күйшілік мектебінің осы кейінгі аталған үш бірдей дарабозының биыл мерейтойлары.

Атақты күйші Әбікен Хасенұлының туғанына биыл – 125 жыл толса, Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызына – 120, Мағауия Хамзинның туғанына – 90 жыл. Осыны ескерген Тәттімбет атындағы өнер колледжінің қазақ халық аспаптар бөлімі алғашқылардың бірі болып «Арқаның үш қоңыры» атты күй кешін ұйымдастырып, студенттер мен келген қонақтарды қырық буын қосбасарға қарық қылды десе болғандай. Аталған кеште колледжде дәріс беретін ұстаздар қауымы мен жергілікті күйшілер Арқа күйшілік мектебінің үш бәйтерегінің шығармашылығынан сыр шертіп, күйлерін тартты.

Кеш шымылдығы Әбікен Хасенұлы шығармашылығының баянымен түрілді. Тәттімбет атындағы өнер колледжі қазақ халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі, қобызшы Жаңқаш Жұмабековтің сөзінен кейін Әбікеннің «Қоңыр» күйін Қалкен Қасымов орындады. Ақселеу Сейдімбек: «Қоңыр» – Арқаның күйшілік мектебінің үлгісінде дүниеге келген құрылымы күрделі, әуен-сазы мейлінше терең күй. Күйдің эпикалық қарымдағы тегеурінді тебіренісі жеке бастың күйініш-сүйінішінен гөрі заманалық ахуалды көбірек зерделетеді», – деп жоғары бағалаған күй – бұл.

Қазақ күй өнерінде Мағауия Хамзиннің шеберлігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Кез келген күйді тартудағы қағыс мәнері, саз-әуенін құбылтып, құлпыртып ұсынуы – өзінше бір құбылыс. Шертпе күй шебері М.Хамзин күйлері кеш барысында інісі Дәнелия Хамзин мен Қазақ Ұлттық өнер университетінің магистранты, күйші Манап Анықбековтің орындауында естілді. Мағауия атамызға арналған өзінің «Ағаны аңсау» күйін Дәнелия ағамыз және қосақтады.

Аққыз Ахметқызының сирек тартылатын «Қаршығалы кезім-ай» күйін Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстазы, күйші Мадияр Сүлейменов орындап шықты. Күй кешінің өтуіне мұрындық болып жүрген жігіт те – осы. Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, дәулескер күйші Жанғали Жүзбайдың «төкпе күй өнерінде Динаның орны қандай болса, шертпе күйдегі Аққыз да тура сондай тұлға» дегені еске түседі осындайда. Ақ әженің «Жетім қызын» Қалкен Қасымов күй тарихынан сыр шерте отырып жеткізді. Сондай-ақ, Әбікеннің орындауында жеткен Әбдидің «Қосбасарын» белгілі күйші Жаңқаш Жұмабеков тартып, кешті қорытындылады.

Жәнібек ӘЛИМАН

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button