Бас тақырып

«Көк тудың желбірегені…»

Мемлекеттік рәміздер күні Қарағандыдағы Тутұғыр алаңында «Туған жерім менің – Қазақстаным» атты патриоттық форум өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары жиналған шарада Әнұран орындалып, көк Туымыз салтанатты түрде көтерілді. Ал, құрметті қарауыл ретінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры – Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінің курсанттары сап түзеді.

Алдымен барабаншылардың қойылымы болды. Көрермендердің көңілінен шығып, ерекше әсер берген көріністен кейін, «Волшебная страна» үлгілі, халықтық, хореографиялық ұжымы өнер көрсетті.

Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов «Туған жерім менің – Қазақстаным» форумының патриоттық рух пен халықтар бірлігінің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

– Құрметті қарағандылықтар, қала қонақтары! Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған кең-байтақ жеріміз бар. Көк аспанның астында желбіреген көк Туымыз, әр қазақстандықтың жүрегінде сақталар Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар. Олар егемендігімізді дүние жүзіне паш етіп тұр. Сондықтан, оларды құрметтеу әрқайсымыздың парызымыз. Егемендігіміз мәңгілік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Мереке барысында Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар жерлесіміз қызметтік міндеттерін орындаудағы батылдығы мен кәсібилігі, патриотизм және белсенді азаматтық ұстанымы үшін Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Олардың қатарында Қарағанды қаласының №10 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Александр Соловей бар. Александр Ивановичтің білікті және жедел басшылығының нәтижесінде тұрғын үйден шыққан ірі өрт ауыздықталып, тұрғындары аман-есен көшірілген. Кәсіби дайындығы мен шұғыл әрекетінің нәтижесінде Теміртау қаласында 4 қабатты үйдің тұрғындарын аман алып қалған Қарағанды қаласының №2 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрбол Ақбаровқа да облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ал, Ермеков көшесінде өртеніп жатқан үйдің тұрғындарын аман алып қалған №5 өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Рауан Бекайдар мен көпқабатты үйден шыққан өртті қысқа мерзімде оқшаулап, 7 қабаттағы пәтер тұрғынын аман алып қалған №10 өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Бексұлтан Бектұрсынов та Алғыс хат иеленді.

Сондай-ақ, жауынгерлік қамтамасыз ету взводының кинологиялық қызмет мамандары тобының бастығы, аға сержант, Евгений Бердников, 6505 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонының қарауыл бастығы, прапорщик Ерлан Жатқанбаев та мерекеге орай облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Марапат алғандар қатарында студенттер де бар. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің 2-курс студенті, VolteQ еріктілер орталығының үйлестірушісі Ақансері Оспан және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті, «Біз Бармыз» еріктілер орталығының үйлестірушісі Жасұлан Жахин де Алғыс хат иеленді.

– Бүгінгі марапат мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – жұмысым мен күш-жігерім назардан тыс қалмайтынын растады. «Біз Бармыз» еріктілер орталығы қоғам үшін қызмет ете алатын және еліміздің дамуына оң үлес қоса алатын маңызды алаң болып табылады. Бізді, яғни жастарды еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуі жолындағы ортақ мақсат біріктірген. Болашақта жұмысымызды жалғастырып, одан да биік белестерге ұмтыламыз, – дейді Жасұлан Жахин.

Форум аясында Тутұғыр алаңынан Мемлекеттік рәміздер күніне арналған велошабандоздар, мотоциклистер және автомобилистер шеруі бастау алды. Мерекелік жорықты бастау құрметі Құрметті тренер, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Анатолий Степаненкоға берілді.

Тутұғыр алаңынан басталған шеру Тәуелсіздік стеласына бет алды. Содан кейін эстафета мерекелік автошеруге қатысушыларға берілді.

Шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов құрметті қонақ ретінде қатысты. 

Салтанат ІЛИЯШ,
Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button