Жәдігер

Күйші кілемі

Күйші-композитор, қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті өкілінің бірі һәм бірегейі – Дина НҰРПЕЙІСОВА екені әмбеге аян. Атақты күйшінің тұтынған кілемі Ақтоғайдағы археологиялық-этнографиялық музейде сақтаулы тұр.

Ғасыр саңлағы, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың күй тартқанда төсеніші болған дүние бүгінде музей қонақтары ерекше қызығушылық танытатын жәдігерге айналған. Асыл мұраны музейге Алтын Балтабайқызы тапсырған екен. Бұл турасында музей директоры Т.Жармағанбетов тарқата әңгімелеп берді.

– Атақты күйші өткен ғасырдың 50-ші жылдары Арқа жеріне келген сапарында Ақтоғай ауылының тұрғыны болған Балтабай деген кісінің үйіне түседі. Халық қалауымен бірнеше күн осында болып, өнерсүйер әлеуметті кәусәр күймен сусындатады. Ән-күй құдіретін ерекше бағалайтын елдің сый-құрметіне разы болған Дина апай жанынан тастамайтын кілемін Балтабай ақсақалға естелікке қалдырыпты, – дейді музей директоры.

Иә, Ақтоғай ауданының мұражайы өлкенің, аймақтың тарихи мұралары ғана емес, тіптен, өңірден тысқары жерлерден де жәдігерлер жинақталған мәдениет ошағы. Бұған күйші Дина Нұрпейісованың кілемі айқын дәлел. 

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button