Кәдеге жараған қарғыннан қатер жоқ
Жүйрік желді ерттеп мініп, дала төсінде Шыңғыс ханның түмендеріндей қырғын салатын қары мол Сарыарқа. Жарау атты да омбылаттырып, қалжыратуға қауқары жетеді. Ал, оның жаратылысына ақынша қарасаңыз, Жаратушының тылсым һәм әсем туындысы. Суық әрі сұлу. Асқан бір шеберлікпен ойылған ою. Сол көркем жаратылыс кейінгі кезде озбырлығы үшін адам баласынан кек алып жатқан Табиғат-ананың қауіпті қаруына айналды. Қазақ даласында жара қоятын жанартау, тасыта қоятын теңіз, мұхит жоқ. Ал, өзендер бұрынғыша күркіреп ақпайды. Негізгі қару – қарғын су. Көктем сайын қар суына батып жатырмыз. Жерге сіңбей, үйлерді қайықша толқытып, борша үгітеді. Осы алапат күшке қауқар таба алмай әлекпіз. Енді, егін егіп әлектенген диқан көзімен қарасаңыз, қарғын су дегеніңіз – көл-көсір байлық. Дұрыс пайдалана алсаңыз, болғаны. Тілін түсініп, бір жерге жинасаңыз, жаздағы қуаңшылықтан құтыласыз. Дана қазақ «Қалауын тапса, қар жанар» дейді. Өкінішке қарай, қарды жақпақ түгілі, қарғын суды қоймаларға жинауға ақылымыз жетпей отыр. Ашығын айтқанда, мәселе өте күрделі болып тұр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені Жолдауында көтерді. «Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет». Жер шарының түпкір-түпкірінде болып жатқан соғыстар, сыртқы саясат, әлемдік дағдарыс, азықтүлік, баспана бағасы, тағысын-тағы. Осы тақырыптардың жанында қар суы түкке де тұрмайтындай көрінуі әбден мүмкін. Солай ойласаңыз, оңбай қателесесіз. Алаңдайтындай-ақ жөніміз бар.
Өздеріңізге белгілі, жер шарының тұрғындарын бұл күнде жаһандық жылыну алаңдатып отыр. Топырақ жыл өткен сайын өз ылғалын жоғалтып жатыр. Жаңбырға зәруміз. Аспанға телміріп, тасаттық беріп кеттік. Ал, топырақ құнарын жоғалтса, азық жоқ. Жалпы айтқанда, бір ғана су тапшылығы хаосқа ұрындырады. Миллиондаған адам аштыққа ұшырайды. Сол себепті де қолда бардың қадірін білген абзал. Қадіріне жетіп, үнемге көшпесек, мына климаттың бет алысы есті адамды ұйқысынан айырды.
Енді жасанды су тоғандарының нақты пайдасы мен тиімділігіне тоқталайық. Ең бастысы – жасанды су тоғандары ауызсу қорын қамтамасыз етеді. Қорды ауыл шаруашылығына пайдалануға болады. Содан кейін өзендердегі су деңгейін қалыпты ұстап, су тасқынының алдын алады. Жаңа экожүйе қалыптастырып, флора мен фаунаға нәр береді. Тіпті, содан электр қуатын да өндіреді. Бұл – көмірді үнемдеуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, экология мен биология ғылымына пайдасы бар. Жаз мезгілінде құрғақшылыққа ұрынып отырған Қазақстан үшін ең маңызды пайдасы – жергілікті климатқа оң әсерін беріп, ауаның ылғалдығын көтереді. Су қоймаларынан шыққан су атмосфераға буланып, айналадағы ылғалдылықты арттырады. Бұл құбылыс, әсіресе, жылы ауа райында, булану қарқынды болған кезде байқалады. Жоғары ылғалдылық бұлттылыққа, жауын-шашынға, тіпті, желге әсер етуі мүмкін. Су тоғандары жоғары жылу сыйымдылығына ие, яғни, олар баяу қызады және салқындайды. Бұл су қоймасының төңірегіндегі температураның тұрақты ауытқуына әкеледі. Яғни, күрт құбылмайды. Жалпы айтқанда, қарғын су жиналатын жасанды су тоғандарының пайдасы біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Шөбі шүйгін, жаңбырлы, топырағы құнарлы даладан ауыл көшсін бе? Өзенінде «балығың тайдай туласа, бақаң қойдай шуласа» несі жаман?! Осы тақырыпты қозғай берсеңіз, қазақ баласының кеудесін қажаған ауыл трагедиясының себептеріне тікелей барасыз. Бұл енді басқа әңгіме.
Облысымызда осы қарғын су тиімді пайдаланылып жатыр ма? Жасанды су қоймаларына тиісінше көңіл бөлінуде ме? Осы мәселенің ауылына қарай ат басын бұрайық. Өкінішке қарай, жоғарыда келтірген сауалымызға жауап айтатын басшы мен экологты таппадық. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ниқанбай Омархановқа жүгіндік. Ниқанбай Омарханов мырза ойын нақтылай түсу үшін Кеңес кезеңінде осы су мәселесіне қандай деңгейде қарағандығын мысалға келтірді.
– «Кеңес заманында неге апатты су тасқындары орын алмады?» дегенге келсек, ол уақытта жоғары индустральды совхоздар мен аудан көлемінде ірі қажетті техникалармен жарақтанған кәсіпорындар жұмыс істеді. Бір совхоздың өзінде 15-20 дана К-700 сияқты алып техника болды. Қыс бойы су тасқынының алдын алу, көктемгі тасқын суды егістік, шабындықтарға жіберу мақсатында қар тоқтату жұмыстарын жүргізуге міндетті еді. Бұл – көктемгі қар суына ие болып, бетімен ағызып жібермей ұстап қалуға және аршылған жерлерді қыста жайылымға пайдалануға тиімді. Ал, қазір ауылдарда оның бірі де жоқ. Тіпті, тұрғындар ауласындағы қарды да тазалай алмайды. Техникасы жоқ ұсақ шаруалардан пайда жоқ. Ауылдағы, даладағы қарға ие болмау салдарынан қыста сірескен қардан жайылым таба алмай мал аштан қырылуда. Сонымен бірге, облыстағы ірілі-ұсақты 400-ден астам су қоймасының, оның ішінде, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес иесіз жатқан 160 су қоймаларынан облыстың ауыл шаруашылығына еш пайда жоқ. Қарапайым контррегулятор жасау арқылы жайылымдар мен шабындықтарды табиғи суландыру, лиманды суғару, су қоймаларын мелиорацияға пайдалану, жаңбырлату, тамшылатып суару, су қоймаларын шаруашылық мақсатта пайдалану сияқты жұмыстар жойылған. Облыстағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанында 2010 жылы арнайы құрылған «Қарағанды су қоймалары» мемлекеттік кәсіпорыны бар. Сол кәсіпорынға миллиардтаған қаржы бөлінетін. Солар қолда бар су қоймаларымен түбегейлі шұғылданбаса болмайды. Су қоймаларынан «қашыртқы» жасап, суды ағызып отырғаннан шаруаларға еш пайда жоқ. Сол «қашыртқылардан» аққан су төменгі жақтағы өзен арналарын бүлдіріп, құмға толтырып жатқаны да үлкен проблема, – деді Ниқанбай Омарханов.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында қора-қопсының маңайындағы, немесе, күйбең тірліктің төңірегіндегі баянсыз әңгіме айтылмайтыны анық. Кезекті бір Жолдауында көтерген мына мәселеге назар аударайық, «Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40%-ы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60%-ы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең әуелі, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу». Президент проблеманы төтесінен айтып отыр. Айтылды, көтерілді. Ендігі міндет – іске көшу.
Суға зәру, аш, жалаңаш халықты мәдениет, ұлттық рух деген мәселелер алаңдатпайтынын ескерген жөн. Тән азығы түгел болмай, жан азығына тәбет тартпайды. Бұл – Адам баласының табиғаты. Табиғатымызға қамқор болған абзал.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz